БАЛЫҚ ҚҰТҚАРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Биыл күн райы ерекше ыстық болып тұр. Оның үстіне Сырдариядағы су жылдағыға қарағанда әлдеқайда көп. Бұрнағы жылдары Сыр өзені арқылы Кіші Аралға 2-2,5 млрд текше метр су жіберілетін. Жыл басынан бері дария арқылы жіберілген судың көлемі 4 млрд текше метр құрап отыр.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов айтып өтті.  
Брифинг барысында  Кіші Аралға қарасты Көкарал бөгетінде балық қырылып жатқаны жайлы мәселе көтерілді. Бұл Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті инспекторларының кезекті тексерісі кезінде белгілі болған. Облыс әкімінің орынбасары қазір балықтарды құтқару үшін қажетті жұмыстардың барлығы жүріп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, облыста арнайы комиссия құрылып, оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті. Комиссия құрамында экология, төтенше жағдайлар мен ветеринариялық қызметтің мамандары бар.
– Жалпы, тамыз айының басында Көкаралдағы судың көптігі туралы Ауыл шаруашылығы министрлігіне хабар берілген. Комитеттен мамандар келіп, аймақтағы жағдайды жан-жақты зерттеген. Тамыздың 8-ші жұлдызынан бастап балықтарды құтқару жұмыстары басталып кетті, – деді Серік Салауатұлы.

А.АҚЫЛБЕКОВ.
Н.НҰРЖАУБАЙ (сурет)
ҚОҒАМ 10 тамыз 2017 г. 555 0