ЕГІН ЖАЙЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

 Өткен сенбіде «Байтабын» егіс алқабында күріш шаруашылығының негізгі ахуалы және алдағы міндеттерді айқындаған облыстық семинар-кеңес өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов, аудан әкімі Талғат Дүйсебаев, Ы.Жақаев атындағы күріш зерттеу институтының ғалымдары, шаруашылылық басшылары қатысты.
Семинарды Серік Салауатұлы жүргізіп отырды. Алдымен, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Омархан Пашкенов биылғы егін жи¬нау жұмыстарына дайындық туралы хабарлама жасады. Оның сөзінше, биылғы жылы 180,2 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Қуантарлығы, биыл судың мол болуына байланысты егіс көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 10,9 мың гектарға артып отыр.
– Шаруашылық құрылымдары егіске қажет 50,4 мың тонна минералдық тыңайтқыш пен 57,7 мың литр гербицид алып пайдаланды. Егілген 89,3 мың гектар күріш егісінің 70,2 мың гектары тыңайтқыштармен үстеп қоректендірілсе, 67,2 мың гектар арам шөптерге қарсы өңделді. Жалпы ағымдағы жылы ораққа түсетін күріштің 75 мың гектарының жағдайы «жақсы», 11,1 мың гектары «орташа», 3,2 мың гектары «қанағаттаналарлық» деп бағаланып отыр. Қазіргі уақытта шаруашылық құрылымдары негізгі дақыл – күріш жинау жұмыстарына дайындық қамына кірісіп кетті. Облыс бойынша күзгі дала және егін жинау жұмыстарына 16 мың тонна дизель отыны, 3,2 мың тонна автобензин, 960 тонна дизель майы қажет. Оның ішінде, 2,8 мың тонна (17,3%) дизель отыны, 968 тонна (30,3%) автобензин және 324 тонна (33,8%) дизель майы шаруашылықтармен дайындалып отыр, – деді ол.
Мұнан соң, ауданы бойынша егін жинау науқанына дайындық барысы сөз болды. Егін жайынан хабардар болған Серік Салауатұлы облыс диқандары межеленген егіс көлемін агротехникалық талаптарға сай мерзімінде орналастырғандығын айта келе, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарының ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
– «Сыр сұлуы» деп аталған күріштің жаңа сорты көп ұзамай Қызылорданың брэндіне айналуы ғажап емес. Ыстық әрі құрғақ ауа райына бейімделген бұл сұрыптың әр гектарынан 90 центнерге дейін өнім алуға болады. «Өнімділігі элиталы тұқымдардан кем түспейді және тауарлық сапасы өте жақсы. Дәні – ұзын әрі шынылығы жоғары», – деген мамандар, осы секілді басқа да жаңа сорттар сынамадан өткізіліп жатқандығын айтты.
Ал, өткен жылы Иран елінде үлкен сұранысқа ие «Тором Хошеми» күріш сортын тәжірибелік негізде өсірдік. Нәтижесінде, Иран кәсіпкерлері бізден күрішке қызығушылық танытып, өндірісті қаржыландыруға әзір екендерін білдірді.
Семинар-кеңесті қорытындылаған С.Қожаниязов облыс экономикасының еселенуі егін шаруашылығына, оның ішінде Сыр маржанына тікелей байланысты болғандықтан күрішті күтіп-баптауға мемлекет тарапынан тиісті субсидия бөлінгендігін айтып, ендігі кезекте күрішті ысырапсыз жиып алу міндеті тұрғанын жеткізді.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ,
Маханбет АХМЕТОВ
ҚОҒАМ 10 тамыз 2017 г. 584 0