Жыл басында Алматыда орын алған қайғылы жағдай ел құлағын шулатқан болатын. Жасөспірім қызды болмашы ақшаға бола өлтірген таксист туралы республикалық БАҚ өкілдері жарыса жазды. Ай мен күннің аманында желкілдеп өсіп келе жатқан бойжеткен қарапайым такси жүргізушісінің қолынан қаза болды. Бұл оқиға жүргіншілердің үрейін тудырғаны рас. Өйткені, жеке такси шақыртқан жолаушының қауіпсіздігіне таксофирманың жауап бермейтіндігі айтылды. Сондықтан болар, елімізде 2014 жылдан бастап жолаушыларға қызмет көрсету бойынша жаңа талаптар күшіне енді.
Көлік және коммуникация министрлігі автовокзалдар мен автобекеттердің, автобустық тасымалдаушылардың, таксилердің, сонымен қатар теміржол вокзалдарында және пойыздарда жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында жаңа талаптар әзірледі. Осыған дейін де министр Асқар Жұмағұлов бұл салада қызмет түрін жандандыру қажеттігін бірнеше мәрте айтқан болатын. Елімізде такси қызметін пайдаланушылар саны жылдан жылға артып келеді. Сондықтан қазақстандық таксилер қызметін халықаралық талапқа сай еткен жөн. Бұл туралы министрдің өзі «Өркениетті елдерде бұл қызмет түрі халықаралық талапқа сай, қауіпсіздік ережелерін сауатты қалыптастыра алған. Бізге де осы межеден шығатын деңгейге жету керек» деді.
Жалпы, халықаралық талапқа сай такси қызметіне қойылатын бірнеше міндеттер бар. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Бақытбек Жұпарбековтың айтуынша, талапқа сай қырағылық және сыпайылық, көліктің қауіпсіздігі, таза болуы, техникалық байқаудан өтуі, сондай-ақ, такси жүргізушісінің кем дегенде 5 жыл көлік жүргізген тәжірибесінің, диспетчер қызметінің болуымен бірге таксометр болуы керек. Халықаралық талап такси қызметіне осындай міндеттер жүктейді. Ал біздегі такси қызметі бұл үдеден шыға алып жүр ме? Қызмет құны мен сапасы бір-бірімен үйлесімділік тауып жатыр ма? Өйткені, үш жылдан кейін елімізде өткізілетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне сырттан келген қонақтар бұл қызмет түрін пайдаланатыны белгілі. Талапқа сай келмейтін таксилер қызметіне сын айтуы әбден мүмкін. Тіпті, бұл қызмет түрінің қауіпсіздігі ең бірінші жергілікті тұрғындар үшін қажет емес пе? Өйткені, оның артында адам өмірі тұрғанын естен шығармайық.
Бүгінде облыста такси қызметін көрсететін 8 компания бар. Өңірімізде жеке шақырту арқылы қызмет көрсететін таксилердің пайда болғанына он шақты жылдың көлемі болды. «Жолшыбай таксилерді» айтпағанның өзінде аймақта «Колесница», «Делюкс», «Жұлдыз», «Темір тұлпар» секілді жеке компаниялар бар. Оларға ақысын төлесеңіз, тіпті дүкеннен қажетті заттарыңызды да әкеліп беруге дайын. «Соңғы кезде бұл қызмет түрі аудандарда да жандана түсуде. Жаңақорған және Шиелі адандарында екі кәсіпкер мемлекеттен несие алып, аудан тұрғындарына қызмет көрсетуде. Олар сондықтан белгілі бір мөлшерде салық түсіріп отырады»,дейді бөлім басшысы. Ал, қала ішінде өздерінің белгілі тұрағы бар «жолшыбай таксилерге» салық төлету түйінді мәселе болып тұр. Мамандар пікірінше, олардың көбі жұмыстан бос уақытта «таксист» болса, кейбіреулері 15 күндік вахталық жұмыстан кейін жай уақыт өткізу үшін жүреді. Мұндай жүргізушілерді «таксист» екенін дәлелдеу үшін бірнеше куәгерлер керек.
Жалпы, бұл қызмет түрін пайдалану қазір заман талабы болып отыр. Мәселен, «Делюкс» компаниясының такси жүргізушісі Айдана Палымбетованың темір тұлпарды тізгіндегеніне жеті жыл уақыт болыпты. Осыған дейін өзге компанияда жұмыс жасап келген ол белгілі себептерге байланысты «Делюкске» ауысқанын айтады. «Бұл жерде ең алдымен диспетчермен тіл табысып жұмыс жасау қажет. Тапсырыс берушінің көңілінен шығу үшін уақытылы әрі баратын жеріне қауіпсіз жеткізу бізге қойылатын басты талаптың бірі. Алған тапсырысымызға байланыссыз күніне 900 теңге жарна төлейміз. Ал, мереке күндері біздегі тариф қымбаттайды. Әсіресе, жаңа жыл қарсаңында баға едәуір көтеріледі. Соған қарамастан, қала тұрғындарынан тапсырыстар толастамайды. Бүгінгі күннің талабы уақытты үнемдеп пайдалануды қажет етеді. Міне, қалалықтардың сұранысына орай осылайша қызмет етеміз. Кейде, жолаушылар тарапынан реніштер жиі айтылады. Көбіне диспетчердің дұрыс хабарламауынан осындай келеңсіздіктер орын алып жатады», дейді такси жүргізушісі.
Иә, жыл басынан қолданысқа енгізілген жаңа талап енді таски қызметінде мұндай олқылықтардың болмауына негіз болады деп ойлаймыз. Министрлік енгізген талап бойынша автокөлік ауысым алдында техникалық және жүргізуші дәрігерлік байқаудан өтуі тиіс. Такси автомобильдерінде өздігімен жұмыс жасауға рұқсатнама жүргізушілерге тасымалдаушы бекіткен тәртіп бойынша сынақтан өткеннен кейін беріледі. Ақаулығы бар немесе техникалық байқаудан өтпеген автокөлікті пайдалану және рөлде отырғанда құлаққапты, қатты дауыс байланысын, телефонды қолдануға тыйым салынады. Бұл талаптар сөз жүзінде қалмай, күнделікті өмірде қатаң қолға алынады деп сенеміз. Өйткені, рөлде келе жатып телефонмен сөйлесетін жүргізушілердің әрекетіне көзіміз үйреніп, етіміз өліп кеткені қашшан?!
Айсәуле САҒАТБЕКҚЫЗЫ.