АСҚАҚТАП ТҰРАР АБЫРОЙ

Жалпы, қазақ «Жеті атасын білмеген жетесіз» деп жатады. Орынды ой. Бұл ойдың тереңінде туыс қуып,  жеті атасын таныстыру сияқты ұшқары пікір ғана емес, өткеніңді ұмытпа деген өнегелі өсиет жатса керек. Әңгіме «алты Кішкенеден» тарайтын өнегелі, өрісті ұрпақтың өкілі, ұстаздық қызметті өмірінің мәніне айналдырған Жарылқағанов Мұратбай Жарылқағанұлы жөнінде болмақ. 
Рухани болмысымыздың тегеурінді тіректерінің бірінен саналатын аңыз-әпсана айтады: Кішкене бабамыз сабырлы, біртоға және ерекше қарулы жан екен. Ағайынмен аз-кем сөзге келіп қалып, соның салдарынан  басқа жаққа барып ел аралап, жер тануға аттанып кетіпті. Ұрпақтан ұрпаққа жеткен аңыздың айтуы бойынша табан тіреген жері  Ұлытаудың маңайы екен. Сонда бір байдың жылқысын бағады. «Арқада боран қыспаса, арқар ауып несі бар?!» дегендей ол  өңірде қыс айрықша суық болады екен. Бір жылы сондай қатты қыста әлгі байдың жылқысы бораннан ығып кетіпті. Көп жылқының ішінде байекеңнің ерекше бағалайтын үнді айғырдың үйірі де кетіпті.  Не істерін білмей дағдарған бай «егер жылқымды кім тауып, үйге айдап әкеп берсе, соған Қоңырды беремін» деп хабарлапты.   Байдың сұлу да жасаулы қызынан дәмелі бірнеше жігіт бақ сынап көреді, бірақ жылқыны таба алмай ауылға бос оралады. Ал солардың қатарында жоқ іздеуге шыққан Кішкене атамыз сапардан оралмай қалыпты. Оны елеп-ескергендер де көп болмаса керек...  Қыс кетіп, көктем келеді. Қар еріп, жер қарайған күндердің бірінде жылқыдан да, адамнан да күдер үзген ауылға сүйінші сұрап бір малшы келеді. Сөйтсе, өткен қыста ығып кеткен байдың жылқысын қыстан аман шығарып, бұған қоса төлдетіп, демек, басын көбейтіп бір жылқышы айдап келеді екен. Жоғалған жылқысының алдынан ¬шауып шыққан бай үнді айғырының шұрқырап кісінеген даусын танып, Аллаға «ақсарбас» айтып той жасапты. Сол тойда уәде бойынша қызы Қоңырды Кішкене атамызға қосып, жасауымен бірге жас отаудың босағасына әлгі үнді айғырдың үйірін байлап беріпті.
Уақыт өте келе жас шаңырақта тұңғыш бала – Жиеней дүниеге келеді. Бай ауылға жиен болғандықтан да есімін осылай қойыпты. Арада айлар өтіп, жыл асқанда Қоңыр анамыз еріне «ауылдың келіндері үлкендерге сәлем салып баталарын алып жатады. Мен де келін болып қызметімді көрсетіп үлкендеріңнің бәтесін алсам деймін. Сол себепті мені еліңе  апар, ағайынмен араласайық» дейді. Ақылды қосағының бұл ұсынысын қабыл алған Кішкене бабамыз қайын жұртынан рұқсат сұрап, көшінің бетін Сырға түзеген екен. Жолда және нәрестелі болып, оның есімін Жол-шора қойыпты. Сырға құлап қазіргі Төретамның тұсына келгенде көш басын іркіп, аз күн кідіріпті. Сол маңайдағы еліне сыйлы бір адамның қызы қатты науқастанып, ағайындары аурудың емін таба алмай қиналып отыр екен. Осындай қиын-қыстау сәтте ол заманда «көлденең көк аттыдан» кеңес сұрайтын дәстүр болыпты. Кішкене атамыздың көшіне келіп кеңес сұрағандарға не деп жауап берерін білмей дағдарғанда Қоңыр анамыз күйеуіне «он күндей мұрсат сұраңыз» депті. Содан он күннен кейін кездеспекке уағдаласып науқас қыздың жақындары қайтып кетіпті. Оңаша қалғанда Қоңыр анамыз күйеуіне «қасына бірнеше мықты жігіттеріңді ертіп тауға барып, құлан (дұрысы арқар болса керек) атып алыңыз. Етін сол жерде  жеп, ал қамшысын осында алып келіңіздер. Оны ұсақтап тураймыз, күнге әбден кептіріп болғасын науқас қызға сорпаға қосып береміз. Тәңірі қолдаса, емі содан болар» депті. Келісілген күні науқасқа барып Кішкене атамыз әзірлеген дәрісін берген екен. Сәтін салып науқас қыздың беті содан бері қарай бастапты. Бұлар көштерін жинай бастағанда қыздың әкесі келіп, ауруынан сауыққан қызды Кішкене атамызға қосатын ойы барын айтыпты. Қоңыр бәйбіше еріне тоқал алуға өз ықыласын беріпті. Сөйтіп, Төретамның тұсында үлкен той жасалып, қыздың бұрынғы есімі өзгеріп, ол Құланбике атанып, Кішкенеге тоқалдыққа қосылыпты. Ал сол өңір осы оқиғаларда кейін қыздың төркінінің ұсынысы бойынша өздері әрі әулие, әрі емші санаған Қоңыр бәйбішенің есімімен Байқоңырдың жері атанған екен. Көш көтерілер күні бәйбіше түс көріпті. Ертесін түсінде көргенін еріне айтады: «Түсімде бір кісі  екі қолыма алты жұмыртқа ұстатты. Бір қолыма төртеуін, екінші қолыма екеуін ұстаппын. Сол екі жұмыртқанын салмағы басымдау көрінді маған. Екі перзентіңіз бар, менен әлі екі перзент көреді екенсіз. Ал Құланбикеден және екі перзент өмірге келер. Би де, батыр да сол тоқалдан туғандардың арасынан көбірек шығатын болар. Сондықтан осы бастан Құланбикені үкілей беріңіз» деген екен. Сол айтқандай Қоңыр анамыздан Жиеней, Жолшара, Асан мен Үсен туылып, Құланбикеден Құрманай мен Құттық өрбіген. Жанқожа атамыз Құттықтың Майдан аталығынан. Бұлар бүгінде «алты Кішкене» аталады.
«Ағайынның жаманы жоқ» дейді дана халқымыз. Дегенмен де, ардақты ағала¬рымыздың дара қасиеттері туысқа, бауырға деген жанашырлығынан байқалып тұратындай. Олардың басқалардын ерекше көрінетіні де осындай дара қасиеттеріне байланысты  болса керек. Жалғасбайдан тараған балалардың ішінде Әбілхан ағаның есімі бар. Отбасының тұңғышы Әбілхан аз ғана уақыт қонақ болған бұл фәниде Жарылқаған атаның атағын кең танытқан айтулы азамат екен. Уақытында аудан көлеміндегі бірқатар мекемелерде басшылық қызметтердің тізгінін ұстапты. Өмірінің соңғы жылдарында Қазалы аудандық Жинақтаушы банкіне басшылық жасаған. Ол жылдардың кезеңімен есептегенде мұндай кәсіпорынды басқаруды екінің біріне сеніп тапсыра  бермейді. Әбілхан ағамыз небәрі отыз жеті жыл ғана өмір сүріпті. Арада екі жыл уақыт өтер-өтпестен аяулы жары Алматай дүние салған. Арттарында алты қыз, бір ұл қалады. Жеті бірдей жетімектің тағдыры қыл үстінде тұрғанда өзі отыздан жаңа ғана асқан Айымқұл Жалғасбайұлы құдай қосқан қосағы Задаш жеңгемізбен ақылдасып Әбілханның балаларын өз қамқорлықтарына алған екен. Бәрін ешкімнен кем қылмай азамат қылып тәрбиелеп өсірген, оқытқан. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырған. Айымқұлдай арда азаматтың, оның жұбайы Задаш апамыз сынды арлы әйелдің ақыл-парасаты мен  ерлікке пара-пар ерен еңбектерінің арқасында бүтіндей Әбілхан ағамыздың отбасының оты өшпепті, шаңырағы шайқалмапты. Бүгінгі күні «орнында бар оңалар» дегендей, немерелері мен шөберелері жетілген, іргелі әулет. «Жақсылық жасасаң, өсерсің, жамандық жасасаң, өшерсің» деген нақыл сөз Айымқұл ағамыз сияқты асылдарға арналып айтылса керек. Асыл аға бұл күндері сексеннің сеңгірінен асты.  Құдай адал жанына зор қуат бергей!
Кеше ғана көзіміз көріп, өсиетін тыңдаған көкірегі ояу, ұлағатты ұстаз, Сыр елінің абыз ақсақалдардың бірі – Жарылқағанов Мұратбай Жарылқағанұлы. Ол кісі 1902 жылы Арал ауданына қарасты «Ұялы» елді мекенінде дүниеге келген. Арабша хат танитын, оқу-білімге зерек Мұратбай жиырма жасында өзі дүниеге келген «Ұялы» ауылдық кеңесінің хатшысы болады. Кейін Қызылорда педогикалық училищесін сырттай бітіріп, «Бастауыш мектеп мұғалімі» деген квалификация алады.
«Жеті атасын білген ер жеті жұрттың қамын жер» дегендей, әкелері Жарылқаған екі ұлы  Қанатбай мен Жалғасбайды ертіп қыс қыстауға, жаз жайлауға көшіп-қонып мал бағып, қақпан құрып, қиын заманда ашар¬шылықтан туған-туыс былай тұрсын, бүкіл ауылды талай рет тарыққанда аман алып қалған екен.  Ал, Мұратбай атамыз көзі ашық жан бол¬ғандықтан, көшпелі ауылдың балаларын өз үйіне жатқызып, білім нәрімен сусындатқан.
Мұратбай ата ұстаздық еңбек жолын 1937 жылы Қазалы ауданына қарасты «Бостандық» ауылдық кеңесінің «Ворошилов» атындағы мектепте мұғалім болып бастаған.  Ал, 1942 жылы әскер қатарына шақырылуына бай¬ла¬ныс¬ты жұмыстан босатылған.
1946-1957 жылдар арасында «Коммунизм», «Ұялы» ауылдық кеңесіне қарасты «Бектау», «Қосшегенді» елді мекендеріндегі бастауыш мектептерде ұстаздық қызмет атқарады. Ал, 1957 жылдың тамыз айынан бастап 1966 жылдың қыркүйегіне дейін «Қосшегенді» бастауыш мектебінің директоры қызметінде болып, сол  жылдың қыркүйегінде зейнеткерлікке шығады.
Мұратбай Жарылқағанұлының қолынан білім алған елімізге танымал шәкірттері де жоқ емес. Олардың арасынан Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Премьер-министрі болған Ұзақбай Қарамановтың құдай қосқан қосағы Ұлдай апа мен жазушы-этнограф, Жанқожа батыр туралы жазылған үш томдық «Алдаспан» трилогиясының авторы Әбдісаттар Сәдуақасұлын айтсақ та жеткілікті.
Жарылқағанов Мұратбай Жарылқаған¬ұлы¬ның көп жылғы ұстаздық қызметі мемлекет тарапынан еленіп, 1964 жылдың 24 желтоқсанындағы Қазақ ССР Оқу минис¬тр¬лі¬¬гінің бұйрығымен, №10247 санды «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен марапатталады. Сол кезең тұрғысынан қарағанда мұндай атаққа ие болу үлкен мәртебе.
Көргені мол, көкірегі қазына қария Мұрат¬бай Жарылқағанұлы ¬адамдарды құ¬да鬬сыздыққа, атеизмге тәрбиелеген Ке¬ңес¬тiк кезеңде өмiр сүрсе де, жас ұрпақты имандылыққа, адамгершілікке, адалдыққа тәрбиелеуден танбаған және Кеңес үкіметі көпке дейін мойындамаған халық батыры  Жанқожа Нұрмұхаммедұлының рухына өле-өлгенше бас иiп өткен жан. 1968 жылы Арал қаласынан ұста шақырып Жанқожа бабаның бейітін салуға көпшілікті жұмылдырған. Ақсақалдың сексен жасқа келгенде: «Түсiмде Жанқожа бабам маған бес жыл өмiр бердi», сексен  бес жасқа келгенде «сол түс қайта¬ланып, тағы қосты бес жыл», – деп айтып оты¬¬рады екен. Әулиенің айтқаны айдай келіп, Мұратбай қария тоқсаннан асып барып дүние салыпты.  
Мұратбай қарияның туған жері  «Ұялы» ауылында бүгінгі күндері ел жоқ. Ал, 1966 зейнеткерлікке шыққан соң Қазалы ауданының «Қызылқұм», «Сағыр» елді мекендеріне қоныс теуіп, 1973 жылдан 1992 жылға дейін Қазалы стансасы мен Қазалы қаласында тұрған.
Мұратбай атамыздың бел баласы Әлімжан ағамыз оңаша бір әңгіме барысында ата-анасын ерекше ықыласпен еске алғаны есімде: «Әкем Мұратбай тоқсанға келiп дүние салды. Өзi өле-өлгенше ширақ қалпында болды. Сөз саптасы, жүйелi ой айтуы көптi көргендiгiн аңғартып тұратын. Оның әңгiмесiн тыңдап отырып, басқалардың алдында мерейiмiз үстем болатын. Ол қырық жыл мұғалiм болып еңбек еттi. «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен марапатталған.
Өткенде бір кісі айтып еді: «Әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деп. Расында солай ғой. Бала үшін әке деген қайталанбас тұлға, темірдей тірек, жанашыр жан! Одан үйренген сабақты ешкім қайталай алмайды.  Шешем Хадиша, туасылы қарапайым, ешкімге дауыс көтерiп ұрыспайтын, бiреудiң өсек-аяңына араласпайтын, адам баласын сырттай жамандап-қараламайтын керемет кiсi едi.
Қазақ «сұлу сұлу емес, сүйген сұлу» деп жатады. Ал, адами құбылыста сұлулықты екі топқа бөліп, жан сұлулығы мен тән сұлулығы дейміз. Біз мейлінше, тән сұлулығына тәнті болып, оған ерекше мән беріп жатамыз. Алайда жаны пәк  жандардың орны бәрібір бөлек. Осы орайда келбеті де келісті, ажары ай дидарлы, жаны да таза анамды ойға аламын. Маңдайына мейірімді болуды жазған анам Хадиша алты ұл, екі қыз өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсiрді. Анам 1982 жылы ақпан айында дүниеден өтті. Қазақта “кең адамның күніне бір үйі кеңиді, тар адамның күніне бір үйі кемиді” деген қанатты сөз бар. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген де өшпес өсиет қалған ғой байрақты бабалардан. Сол айтпақшы, анамның болмыс-бітімінде қазақ қызына тән даланың дархан пейілі айқын байқалып тұрушы еді. Жарықтықтың жаны жәннатта болсын» деп Әлекең үнсіз қалды. Ер-азаматтардың көпшілігі анасын еске алғанда ерекше сезімде болатынын жиі байқаймыз. Әлімжан ағамыз да ана махаббатын аңсағанын, оның мол мейірімін соншалықты сағынғанын  жасырғысы келді білем өз ойымен әлектеніп кетті...
«Баяғыда Төле би бабамыз жаугершілік өткен даладан бір жасар баланы тауып алып, оны бір келініне әкеліпті: «Бір жылдан кейін тексеремін, өз балаңа қалай қарасаң, бұл балаға да солай қара» деп тапсырған. Бір жылдан кейін қараса, келіннің өз баласы күтім көрген, ал атамыздың қалдырған баласы ап-арық. Сонда келіні: «Ата, екі баланы бірдей еміздім. Сүтімді тең бөліп бердім. Бірақ неге олай болғанын түсінбей отырмын» дейді. Сонда Төле би атамыз: «Балаға ең алдымен сүт емес, ананың мейірімі керек. Сен мейіріміңді өз балаңа төккенсің, ал бұл балаға сондай мейіріммен қарамағансың» деген екен. Сол айтпақшы,  анамның бір артықшылығы мейірімінде еді» деп Әлекең әңгімесін ірікті.
«Нағашыларым Жаңбырбай, Сабырбай, Қабылбайлар дүниеден өткен соң үлкені болып қалған Дабылбай Төлешұлы Қазалыға жақын «Құмжиекте» /қазіргі Қ.Пірімов атындағы ауыл/  тұрады».            
Осындайда «Үйдің жақсы болуы – ағашы¬нан, жігіттің жақсы болуы – нағашыдан» деген кәрия сөз ойға оралады. Мұратбай атамыз бен Хадиша анамыздан тараған ұрпақтардың нағашы жұрты да өз елінде ерекше қадірлі отбасы болатын. Жоғарыда аттары аталған Жаңбырбай, Сабырбай, Қабыл мен Дабылдың әкелері, яғни, Әлекеңнің нағашысы Төлеш әкемізді көрмесек те, Жамал шешеміздің аялы алақанының ыстық табын сезініп өстік. Себебі, осы жолдардың авторы «Құмжиектің» топырағынан өсіп шықты және Төлеш атамыздың немересі Ғани Төлешұлымен бір жылғы төл.
Мұратбай атадан 6 ұл, екі қыз тараған.
Қазақ халқы қай уақытта да «Төріңнен қарт кетпесін!» деп тілеген. Жасы үлкенге құрмет ету, қарттың бүгілген беліне сүйеу болу – олар өмірден кетсе де, еске алу, іздеу – біздің ата дәстүріміз. Өзіңді өмірге келтірген, тіршілігіңе нәр берген ата-ананың, тірі кезінде өзінен кейінгілерге ұлағатын жеткізген қарияларымыздың алдында ұрпақтың парыз-міндеті өлшеусіз.
Мұратбай ақсақал зейнетке шыққасын «Ұялы» ауылынан «Қызылқұмға» қоныс аударады. Болашақ қамы үшін ғой, әрине. Ол кез «Ұялыда» тіршіліктің тынысы тарылып, халқы жан-жаққа тарай бастаған-ды.  Әйтпесе, «Ұялы» өзге тұрмақ, өзіңе қимастай ұядай жылы жер емес пе еді?
Сондай киелі мекендердің көптігінен болар, академик Зейнолла Қабдоловтың «Қыр – қазақтың қонар қиясы болса, Сыр – оның ұшқан ұясы» деп бағалағаны.
«Қызылқұмға» келгесін Мұратбай ақсақалдың екінші ғұмыры басталғандай көрінеді маған. Бұлай дейтінім, әке аманатына адал, облыстағы беделді басшылардың бірі, ақсақалдың бел баласы Әлімжан ағам маған аудандық «Ленин туы» газетінің 1990 жылғы 8 желтоқсанындағы нөміріне басылған  жергілікті арнаулы тілші Раушанбек Сейтеновтің «Батыр баба рухын қастерлеуші» атты мақаласын берді. Әкесі жайлы жазылған жайттар.
Қолда бар жазба деректерден, ауызекі әңгімелерден түйгеніміз, Мұратбай атамыз бар саналы ғұмырын бала тәрбиесіне, оларға терең білім беруге арнаған. Сөйте жүріп ұлттымыздың салтына сәйкес баба рухын ерекше қастерлеп өткен. Әсіресе, батыр бабасы Жанқожа Нұрмұхаммедұлының ұлық есімін ұлықтауда көпке үлгі-өнеге көрсете біліпті. Кеңестік заманның саясатына сия бермейтін қадамдарға барып, бабаның басын қарайтуды қолға алған, оның өмірі мен халыққа жасаған қайталанбас қызметін жастарға насихаттау¬¬да, әулиелік қасиеттерін танытуда бастама көтеріп, көптеген игілікті істердің ұйытқысы бола білген екен. 1966 жылы бабаның бейітін төртқұлақпен қоршау үшін халықтан қаржы жинала бастаған. Ақсақалдар кеңесінде осы жұмысқа жауапты болып Мұратбай ақсақал бекітілген екен. Ол кісі Жанқожа бабаның кесенесін Қазалыға жақын жерден салу мен оның есімін бір мектепке беру қажеттігі жөнінде алғаш аудан басшыларына ұсыныс білдіріпті.  Бұл бастамалар кейін толығымен іске асқанын жұртшылық тегіс біледі.
Ал оның  «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағымен марапатталуы ерекше жағдай. Себебі, ол кезде мұндай атақты жүзден озған жүйрік қана емес, мыңнан озған тұлпарлар ғана алады.
Осы ретте биыл туылғанына 115 жыл, ал еңбек жолын бастағанына 80 жыл толғалы отырған Жарылқағанов Мұратбай атамыздың есімін ұлықтау, ұрпақ жадында мәңгі қалдыру мақсатында ол кісінің атына көше берілсе деген ұсыныс білдіреміз. Орайы келгенде айта кету қажет, Елбасы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Туған жерге» ерекше екпін берілген. Рухани жаңғыру деген идеяның бір көрінісі баба рухына тағзым, аруаққа құрмет дегенге саяды деп ойлаймыз. Олай болса, өз уақытында саяси қыспаққа қарамастан, ерен еңбек жасаған, сол арқылы елінің құрметіне және мемлекеттің марапатына бөленген М.Жарылықағанов сынды ұлағатты ұстаздың есімін ұлықтағаннан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.
«Өлі разы болмай, тірі байымайды» деп жиі айтамыз. Неліктен тірілердің тек баюы үшін ғана өлілер разы болуы тиіс?  Меніңше, одан гөрі «жарықтық жатқан жерінде бір аунап түскен шығар» деген ой әлдеқайда әдепті секілді көрінеді. Себебі, шынайы құрметтің қашанда риясыз көрсетілгені мақұл.
Нұрлыбек МЫҢЖАС, тарих ғылымдарының кандидаты,
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері.
ҚОҒАМ 08 тамыз 2017 г. 922 0