ӘЛИЯ

Өмір өз дүрмегімен өтіп барады. Оған еш тоқтау жоқ. Дана халқым “өткен күнде белгі жоқ” деп айтқанда өткеннің енді қайтып өнбейтінін, өлгеннің қайтып айналып келмейтінін меңзеген болар.
Сыр елінің қасиетті өнер ордасы – облыстық Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театрының белгілі актрисасы әрі әншісі Әлия Арыс¬баеваның өмірден өткеніне биыл 5 жылға жyықтап қалыпты. Өлмейтін өмір осылай жалғаса бермек. Осынаy сағынышқа толы естелігімді қалай ғана, қай жағынан бастарымды білмей отырғаным... Өткен өмірімізді еске алсам, бірге жүрген, тұрған сәттеріміз көз алдымнан тізбектеліп өтеді.
Сонаy 1975 жылдан бастап Хұсейн-Әлиямен Әйтеке би көшесінде бірге тұрдық. Менің жарым Әбдіқадыров Мәжиттің тyысы, кластасы, досы болып келетін театрдың бас сyретшісі Серік Пірма¬хановтың сол Әлияның күйеyі Хұсейннің әрі досы, әрі әріптесі. Сонымен, өзара достықтарымыз жа¬расқан татy-тәтті жан¬дар болдық. Барлық yақыттарда, кез келген жағдайларда қайғы-қуаныш-тарымызды достармен бөлісе білдік.
Өмірдегі ең қымбат құндылық – адам және оның өмірі. Әлия бала кезінен ән айтып, би билеп, мектепте жүргенде де жаңа ортамен тез танысып, тез табысып белсенді болып жүреді екен. Жастайынан әнші, артист болуды армандапты. Орта мектепті бітірісімен Алматыға келіп құжаттарын әншілікке қа¬был¬дамай, актерлікке өт¬кі¬зеді. Сөйтіп белгілі сахна саңлағы, КСРО халық әртісі Х.Бөкееваның класына түседі. Арасында екінші курста науқастанып, демалыс алып, ауылына емделуге қайтады. Науқасынан сәл айық¬қанда облыстық театрға келіп, сах¬¬¬налық қойылымдарға араласа жүріп, Хұсейн есімді жігітпен көңіл жарастырып, тұрмыс құрады. Одан бөпелі болып тоғыз айлық тұңғышы Гүлсарасын ата-енелеріне беріп, Хұсейн ГИТИС-ке (Москваға), Әлия үш жылға оқуын жалғастыруға Алматыға аттанады. Әлия содан Құрманғазы атындағы өнер институты театр факультетінің күндізгі бөлімінде қазақ сахна саңлағы Хадиша Бөкееваның класы бойынша бітіреді. Осылайша қос жұп, өмірде уақыттың талай қиыншылығы мен қызығына, реніші мен жұбанышына жұптарын жазбастан төтеп берген.
Содан 35-40 жылдық сахналық өмірінде халқын өнермен сусындатқан Әлия Арысбаева 2012 жылы тамыз айында өмірден озған еді.
“Адамға қызмет етпейтін бай¬лықтың құны – көк тиын” деген екен бір ғұлама. Сол айтқандай, кейіп¬керіміз – бір адамдай ғұмы¬рында халыққа қызмет етті. Сыр елінің қасиетті өнер ордасы Н.Бекежанов атындағы драма театрының даму тарихында талантты артист ретінде Әлияның алатын орны ерекше. Ол ең мықты актрисалардың бірі еді. Біздер театрда Әлия ойнайды десе, сол спектакльдерден қалмай барып, досымыздың өнеріне риза болып қайтатынбыз. Әлия небәрі жиырма жасында “Айман-Шолпанда” – Айманды, одан кейінгі “Ақан сері Ақтоқтыда” – Ақтоқтыны, “Король Лирде” – Корделияны, ке¬лесі қойы¬лым¬дарда Луиза, Мария, Нәзилә, Сәния, Гүлжан, атай берсек өте көп, жүзден аса басты рөлдерді сомдаған. Әрқайсысы әр стильдегі, әр жанрдағы авторлары бөлек туындылар. Бұл Әлияның үлкеннен де зор ерлігі.
Ол сахна төрінде қандай кейіп¬кердің бейнесін жасаса да, оны үлкен суреткерлікпен бейнелейтін, нақышына жеткізе, нандыра, жан-жүрегімен ойнайтын.
Әлия Арысбаева С.Балғабаевтың “Ең әдемі келіншегінде” – Гүлбаршынның рөлін ойнап, әдемі келін¬шек, махаббат символы болып, ел есінде қалды. Әлия әдемі десе, әдемі келіншек болып шықты. Образға өзінің бітім-тұлғасы да сай еді. Әніне сәні, сұлулығына ақылы сай Әлия, бізге әлі де сол қалпында елестейді. Жайдары әзіл-күлкісі бір басқа, әншілігі бір басқа, актерлігі бір басқа, азаматтығы, аналық мейірімі бір басқа Әлияны біз “Сыр сұлуы” дейтінбіз,-дейді ҚР халық әртісі, Алматы облысының құрметті азаматы Алмахан Кенжебекова актрисаның 60-жылдық  мерейтойына арнап жазылған кітабында.
Театр өнеріндегі бағалы еңбек¬тері үшін Әлия Арысбаева “ҚР еңбек сіңірген әртісі” құрметті ата¬ғына ие болды. Тәуелсіздік күніне байланысты Елбасының Мақтау қаға¬зымен марапатталған. ҚР “Құрмет” грамотасымен және бұдан басқа да мақтау қағаздары жетерлік болатын.
Біз өмірін өнерге арнаған Әлия сынды досымыздың болғанына қуанамыз. Ол өнерде де, өмірде де рөлсіз болған емес. Оның әрқашан ата-енеге, әке-шешеге, балаларына деген, сүйікті жары Хұсекеңе деген адалдығынан ешқашан тайған емес.
“Уәзірі жақсы – хан жақсы,
Әйелі жақсы – ер жақсы”- деген ғой дана халқымыз. Ерін – пірім деп бағынған Әлия, Хұсекең бастаған театрдың тілеушісі бола білді, оның жұмысты алаңсыз ат¬қа¬руына, жұрт алдында жарқын жүруіне үлес қосты.
Өсиет атадан болса, қасиет анବдан дегендей, Әлия балалар тәрбиесіне де атсалысты. Балалары оқыған, білімді, мәдениетті аза¬маттар. Үлкен қызы Гүлсара Қызыл¬орда қаласында салық саласында жауапты қызметкерлердің бірі, кішісі Рауан Алматыда мұнай компаниясында беделді қызметкер.
Әлиямен бірге жүрген кездеріміз көз алдымызда тұрады. Әсіресе ұлым Серіктің үйленген тойында барлық достар қатар тұрып (марқұм Мәжитті жоқтатпай) “Қыз-Жібек” операсын тойшы қауымға қойып бергендері, сірә, естен кетпес. Әлия – Қыз-Жібек болып, Хұсейн – Төлеген, Әбутәліп, Төлен, Шаеке – Шеге болып, қыздарымыз аққу болып билеп, Қазақстанның әр тараптарынан тойға келген туысқандарды, қонақтарды ән-жырларымен, билерімен сүйсіндірді. Қонақтар тойыңның ең шырқау биігі Әлияның Төлегеннің Жібегі болып, елді тамсандыра ән шырқағаны болды-ау деп тарасып жатты. Осылай менің қуанышымды еселеп көбейтіп, көкірегімді көкке көтеріп жатқан жан достарды қалай ұмытарсың?!
Әлия, біз сені сағындық! Мәңгі есіміздесің, жүрегіміздесің!  
Жәмиля САРБАСОВА.
ҚОҒАМ 08 тамыз 2017 г. 670 0