САҒЫМ ТАРТЫП, САҒЫНЫШҚА АЙНАЛҒАН БІР БЕЙНЕ

Алыстаған сайын биік тарта беретін таулар ғана емес. Қимас жан естелігі, аңсаулы көңіл, аяулы сезім өмір-өзен ағымы қаншама алыс ұзатқан сайын үнемі жаңғырып, қырлана, әрлене беретін бір ерек қасиетке ие. Сол рухи өмірдің отын өшірмей алып жүретін жүрек тілегі мен жан қуатының күші де ғажап. Мен Хұсейн-доспен сиректеу кездесулерімізде, ол кісінің осыдан біраз жыл бұрын бақиға озған аяулы жары Әлия туралы сезім толқынысты әңгімелерінен осы күйді аңдаймын. Сонау сағым тартып, сағынышқа айналған аяулы бейнені мұңды сезімде еске алады ол...
Дөңгеленген дүниеде тағы бір бес жыл өтіпті... Әлиясыз бес жыл...
...Сол оқиғадан жыл шамасы бұрын... Рес¬публика театр өнерінің танымал тұлғасы Әлия Арысбайқызы Арысбаеваның 60 жылдық мерей¬тойы қарсаңында жарық көрген «Әлия» кіта¬бының тұсаукесері өтіп еді. Сол шараға осы жолдар авторы да қатысқан. Әлия ханым әдеттегіше маңайына шұғыла шашқан шуақты көңілде еді сонда. Жарқын еді. Көл-көсір көңіл қайнары секілді еді ол. Сөйтсе... Тән қинаған сырқат пен жан азабын салған рухани қайғы зілі ақеден көңіл мен ақ алмастай төзімді іштен мүжіп, қағаздай жұқартып келген екен. Сонау, тұлымы желбіреген балғын күнінен бой ала берген сабақты сырқат сызы мен «маңдайдағы жалғызы, тауға біткен жалбызы» деп айтарлық жалғыз ұлдың қапия қазасы қасірет мұзын тым қалыңдатып жіберген жайттар еді... Театр сахнасында ойнап (ойнау дегеніңіз не, бейнет кешіп, жан салып, тер төгіп!) жүрген сәтте, әлдебір оқыс хабар тосыннан жетіп, сонда да ең соңына шейін өз міндетін адам сенгісіз сабыр мен төзімде алып шыққан талай актерлардың ерлік мысалын есті¬ге¬німіз бар. Сондай рух қуатының мысалдары... Қабағына қақ тұрмастай көрінетін Әлияның достарға, өмірге деген ақжайқын көңілі астарында осы іспетті қасірет алабы жатыпты. Сол сызды өмір көлеңкесін Әлия-күлкімен, Әлия-көңілмен жасқап, бері беттетпей, көңіл қордасын ел мен дос-жаранға көп сездірмей баққан еді ол. Сол терең күңгірт зіл арада жылға жетпес уақыт өтер-өтпесте, өз дегенін істеп тынды ақыры... Әлия соңына жарқын жад парақтары мен мұңды естелік қалдырып, бақиға ұзап кетті.
Иә, өмір-дария бір сәт байырқалап тоқтауды білмейді. Оның қас қағымдай әсерде ғана өтіп кететін сәттеріне жарқын мән, жанды тыныс беретін – адамның жады, тынбас-қалғымас ес¬те¬лік толқындары. Жадтың өшпес, өшірілмес ағыны солайша, өткенді тірілер санатында алып жүретін қасиет-қуатқа ие.
«...Ол актриса болуды армандаған. Сахна сүйіктісі болуды мұрат санаған. Және де титімдей кезінен-ақ сол бір нәзік қиялдың қанатына қол артқан. Алыстан ат арылтып келген жас талапкерді есімі алты Алашқа мәшһүр, әйгілі сахна шебері Хадиша Бөкеева бірден-ақ ұнатқан. Осынау, белі қылдай, қараторының өңдісіне жатар, жәудір көз жас қыздың қылықты әрекеттері, ойнақы да ойлы көзқарастары қазақ өнерінің атақты қайраткерін қайран қалдырғандай болған...» Бұл – бүгінде өзі де жақсылар қатарына қосылған белгілі ¬теа¬тр сейіскері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әшірбек Сығайдың жүрекжарды лебізі.
Өмірде де, сахнада да өзіндік бірегей ғұмыр¬нама жолы мен тағдыр сүрдегін салып өткен Қазақстан¬ның еңбек сіңірген артисі, сахна өн嬬¬¬рінің танымал шебері Әлия Арысбайқызы Арысбаеваның актерлік өмірінің бір мәнді бас¬тау сәті осы десе де болғандай. 1973 жылы Х.Бөкеева апайының театрлық курсын ғана бітіріп, Қызылордасына оралған балғын жастың көкейде гүлденген бақшасы, көңілде асқақтаған таудай талабы бар еді. Сол талаптың ең алғаш сахна төрінде өмірге келген тұңғыш нұсқасы – Айман бейнесі (Ғ.Мүсірепов. «Айман-Шолпан») болды. Жас талапкер өмірге келтірген жай бір сахналық бейне емес, терең астарлы, қат-қабат характер түріндегі көркем тұлға шықты. Абай-дана айтпақшы, сәтімен басталатын талапта көп мағына бар – бұл қадам бір сәтті жолдың нышаналы бастауы іспетті болды. Осынау талпыныс бұдан әрі қарай Еңлік (М.Әуезов. «Еңлік-Кебек»), Рәзия (С.Жүнісов. «Қызым, саған айтам»), Корделия (У.Шекспир. «Король Лир»), Нәзиля (Д.Исабеков. «Әпке») бейнелері қатарымен, Әлия ізденісінде өмірге келіп, сахна шырайын толықтыра жалғасқан дәстүрге ұласты.
Актер шеберлігі, жалпы шеберлік атаулы, ең алдымен, кәсіби біліктіліктен де жоғарырақ, талант қамшылауымен, жүрек шақыруымен көр¬кейіп кемел тартатын құбылыс. Кез келген рөл, мейлі ол шығарманың орталық тұлғасы ма, әлде, бір жалт етпе эпизодтық бейне ме, биік адам¬гершілік үлгісі ме, әлде, жан шошынтар зұлымдық жентегі ме, әйтеуір, оны өмірге кел-тірушіден шын ықылас, анығы, кәдімгі, пер¬зент¬тік махаббат тілейді. Беймаза көңіл, талапшыл ізденіс үшін мәнсіз міндет деген болмаса керек. Мұнысыз еңбек – көмескі, қансыз, жансыз...
Сахнадан көрерменге біршама таныс боп қалған тұлғалар Әлия-актриса ұқсатуында жаңа бір қырынан, сезімтал зерде аңдайтын, негізінде, кейіпкерге жаңа реңк пен мән берген өзіндік нюанстарда ойнай бастайды. Бұл сонау бейнетті еңбек жолындағы адамның зерде мен ізденісінен туатын керемет нәтиже. Қандай жолдармен танымал бейненің жаңа бір қырын ашуға болады, қайткенде сахнадан айтылар сөз, мінез-құлық, тағдырлар тоғысы өмірдің өзіндей орнықтылық пен сенімділікте жүректерге жетеді? Қалайша сахна төрінен көрерменге ұсынылған жан тол¬қы¬ны¬сы өмір өнегесі мен құбылысына айнала алады?.. Автордың көз майын тауысып дегендей дүниеге келтірген драматургиясы кейде осындай режиссер-актер әлеуетінде адам таңқаларлықтай соны биіктерге көтеріліп кететіні бар...Әлия ең¬бек¬тері осы құбылыстардың хрестоматиялық үлгісі түрінде көрінген сәттер аз емес.
«...С большой любовью и трепетным вниманием относится актриса к своим героиням-современницам и проникновенно рассказывает о них со сцены... Эмоциональность, женственность, обаяние, глубокая человечность... Чуткость, понимание чужой души, отзывчивость – не только свойства характера героинь, особенно любимых актрисой, но и черты, близкие ей как человеку...» (К.Зотов. «Театральная жизнь». Май, 1982 г.)  деген тағы бір білікті баға лебізі осыған мысал.
Жоғарыдағыдай ой-тұжырымдардың табан тірер тұғырында Әлия Арысбайқызының бірегей тәжірибелі, ересен еңбегі жатыр. Әлия сомдаған Ақтоқты («Ақан Сері – Ақтоқты»), Майра («Майра»), Агика («Сау басыма сақина»), Гүлбаршын («Ең әдемі келіншек»), Зейнеп («Ескі үйдегі екі кездесу») көрерменге біршама таныс, әйтсе де, актрисаның өзіндік интерпретациясында жаңа қырынан шырай ашқан қызық бейнелер. Сонысымен бірегей, тартымды олар.
Актриса сахнада сомдаған аяулы арулар легінде және Ақмоншақ (С.Баязитов. «Ақ¬мон¬шақ»), Марфуға (Қ.Мұхамеджанов. «Бөлтірік бөрік астында»), Әлиман (Ш.Айтматов. «Ана – Жер-Ана»), Айгүл (М.Кәрім. «Айгүл елінде»), Сәнім (Д.Досжанов. «Кісі ақысы»), Ақбөпе (А.Сатаев, И.Байзақов. «Ақбөпе»), Айшахан (К.Рахманов. «Келін») образдары өмірге келіп еді. Жай ғана сахналық кейіпкерлер емес, өзіндік қыры мен сыры бар, ең бастысы, адамға айтары бар, мәнді, мазмұнды құбылыстар болды олар. Алғашында актриса репертуарында өмір бастауында тұрған немесе ғұмыр табалдырығын әрқалай аттап, түрлі тағдыр толқынын кешкен жас арулар қатары болса, бертін келе, тірлік тәжірибесінде де, шығармашылықта да толым тауып толысқан Әлия ізденісінен ақылман аналар, тіршіліктен ой толғаған қария-кейуаналар бейнелері өмірге келе бастады. Шығармашы үшін ең сүйікті, сүйкімді бейнеден бастап, ең күңгірт тұлғалар аралығында – жат, «шетін-жетім» кейіпкер жоқ. Бәрі де артист жүрегінің бір-бір бөлшегіндей жан-дүниесін жарып шыққан жаратылымдар. Әлия туындыларында осы шындыққа деген жіті ұстаным ұдайы көзге ұрып тұратын-ды. Солайша, Әлия-актрисаның 40 жылдай шығармашылық өмір өрісінде 100-ден астам сахналық бейне дүниеге келіпті.
Адал еңбек зейнет береді. Әлия Арысбайқызы 1978 жылы жастардың «Жігер» фестивалінің лау¬реаты атанды. Мұнан әрі Бүкілодақтық теа¬тр қайраткерлері қауымдастығының Мәскеуде өткен съезіне делегат боп қатысты. Қызмет атқару кезеңдерінде Қызылорда Театр қайраткерлері ода¬ғының төрайымы, театр кәсіподақ коми¬т嬬ті¬нің төрайымы, партия ұйымының хатшысы, Қызылорда қалалық кеңесінің депутаты мін¬деттерін қоса атқарды. Еңбек жетістігі биік баға¬ланып, оған «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі» атағы берілді.
«Қырық шырақты» әйел адамның иығына не¬гізгі қызмет және отбасының таусылмас күй¬біңімен қатар, көптеген қоғам міндеттері де қоса жүктеліп жатады...
Осынау өмір-тағдыр жолында Әлиямен ғұ¬мыр¬дағы, өнердегі ажырамас серігі Хұсейн Әмір-Темір бірге еді. Өмірде жарасымды жұп, өнерде құстың қос қанатындай бір-біріне серпін берген сенімді әріптестер еді олар. 1992 жылы өнер жолы Теміровтер әулетін Сыр бойынан Жетісу жеріне бастаған – Хұсейн Әмір-Темір Талдықорған облыстық драма тетатрының бас режиссері болып тағайындалды. Тәуелсіз Республика өмірінің жаңа тарих бастауының кезеңдері еді. Сондай уақыттың бір қиын міндеті иыққа жүктелді. Бекем, күйіркелі шаңырақ, сенімді шығармашылық бірлік бұл сынды алаптың да жауап-ты міндеттерін абыроймен көтере алды.
Жетісудың театр төрінде Әлия сомдаған Ж.Аймауытов, Б.Майлиннің «Аласапыран» тра¬ги¬фарсындағы – Күнжан, І.Жансүгіровтің «Исатай – Махамбет» трагедиясындағы – Балым, Т.Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романы желісімен қойылымдағы Қамқа, Т.Әліп¬байдың «О, Аттила, Аттила!» тарихи-әпсаналық драма¬сындағы Кримхильда бейнелері, әсіресе, Д.Исабековтың «Ескі үйдегі екі кездесу» драмасындағы Зейнеп болмысы Жетісу театр өнерінің дәстүрі мен тарихына жарқын әріп¬тер¬мен жазылған құбылыстар деп танылды. Сол тұста Әлия-сұлудың Талдықорғанның «Ең әдемі келін¬шегі» атанған жайы да бар...
Әйтсе де, ол Сырдың ару қызы еді... 2003 жылдан өмірінің соңғы сәтіне дейін Қызылорда сах¬¬насында, өзінің туған өнер шаңырағына қайта оралып, қызмет етті. Өзі өнерде дегдарлы ұстан¬ған жақсы дәстүрді сахнада, шәкірттерінде жалғады. Жанында өмірлік серігі, Н.Бекежанов атындағы Қызылорда драма театрының көркемдік жетекшісі Хұсейн Әмір-Темір бар еді.
Сұлу Сыр бойындағы Айдарлы атты мекеннен үлкен өмір, биік талап жолына талпынып қанат қағып, Республика сахна өнерінде өзіндік із қалдырған, қазақ театр өнері шеберлерінің бір жарқын құбылысы – Әлия Арысбайқызы Арысбаева 2012 жылдың 5 тамызында бұл дүниеден озды.
Сонан бері 5 жыл... Өмірлік серік, әулет, дос-жаран, төл театр сахнасы үшін Әлиясыз өткен 5 жыл...
Бүгін де сонау өнер өрістерінде Ақтоқты, Әлиман, Марфуға, Зейнеп бейнелері қым-қуыт коллизияларда өмір сүріп жатыр. Әрине, басқа ұрпақтардың сомдауында. Қарап отырсаңыз, сол тұлғалар, сол тағдыр, сол сөз қайырымдары... Тек басқа реңк, басқаша бір жан толқыныстарында... Бұл, әрине, заңдылық. Тек... бір нәрсе жетіс¬пей тұрғандай көрінеді... Ол – мынау төл сах¬на¬сындағы Әлия-сұлу сезімдері, Әлия-көңіл те¬біреністері, Әлия-ана жан толқынысы... Солар¬дың орны!..
Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ.
ҚОҒАМ 08 тамыз 2017 г. 724 0