ОЛАР ЖОЛ БОЙЫНДА ЖҰМЫС ЖАСАЙДЫ

Ұлы даланы қақ жарып өтетін темір жолмен күндіз-түні пойыздар жүреді. Олардың арасында жолаушыларға арналғаны да, жүк таситыны да кездеседі. Қызылордадағы Садықовтар отбасының төрт бірдей мүшесі сол жолмен жүйіткитін отарбаны жүргізеді.
Әңгімеміз Қызылорда депосында жұмыс жасайтын теміржолшылар династиясы туралы өрбімек. Бүгінде бұл салада еңбек еткеніне отыз жылдан асқан Ергеш Садықов өз ісінің білікті маманына айналған машинист. Мақалаға арқау болып отырған Ергеш ағамыз 1964 жылы Қызылорда қаласында өмірге келген. Ол 1971-1981 жылдары 1-ші май мектебінде оқиды.
Әр адамның үлгі алар тұлғасы әкесі десек, қателеспеспіз. Ерекеңнің әкесі – Әбілқасым Садықов балаларына өнегелі өмірімен үлгі болған жан. Ол кісі де темір жол саласында қызмет атқарған. Тіпті, тепловоз айдайтын машинист екен. Таң алакеуімнен жұмысқа кетіп, әр ісін әділдікпен өретін Әбілқасым ақсақал балаларының тәрбиесіне ерекше мән берген. Өзінің жолын қуып, ізін басуға баулыған. Адал еңбегінің арқасында ел-жұрт қадірлейтін «Құрметті теміржолшы» болды.
– Қазақта: «Әкеге қарап ұл өсер» деген сөз бар. Біз әкемізді қатты қадірледік. Оның берген тәрбиесі, көрсеткен өнегесі бүгінде бізге небір қиындықтан шығатын жол болып тұр. Бала кезімізде әкеміз сияқты болуды армандадық. Бәлкім, соның әсерінен шығар, әйтеуір, Ерлан есімді інім екеуіміз сол кісінің жолын жалғадық, – деді Ергеш Әбілқасымұлы бізбен әңгімесінде.
Кейіпкерімнің бұлайша сөз саптауы мені қызықтыра түсті. Сөйтсем, Ерекең өзі кітапты көп оқыған, журналистикаға құмар жан болып шықты. Нұрсұлтан атты ұлы отбасындағы дәстүрлі жолды жалғап, машинист көмекшісі болып еңбек етеді. Бақберген есімді тағы бір ұлы әке жаны құмартып тұрған журналистиканы таңдады.
Он жылдықты бітіргеннен кейін әскер қатарына алынған Ергеш ағамыз Ленинград жерінде Отан алдындағы борышын өтейді. Ол 1985 жылы әскерден оралған соң машинист көмекшілерін дайындайтын 6 айлық курсты оқып, Қызылорда депосына жұмысқа тұрды. Осылайша, бір кездері асқар таудай әкесіне ұқсағысы келген жастың арманы орындалды. Шойын жолда жүйіткіп тепловоз жүргізетін болды. Алғашқыда көмекші болған Е.Садықов 1988 жылы Қазалыдағы жол-техникалық мектепті машинист мамандығы бойынша бітіріп шығады. Араға екі жыл салып, яғни, 1990 жылы машинист болады. Содан бері осы қызметті атқарып келеді.
– Құдайға шүкір, темір жолда еңбек еткенімізге 30 жылдан асыпты. Осы жерден өндік, өстік. Бір кездері әкеміздей болуды армандасақ, бүгінде балаларымыз бізге ұқсағысы келеді. Кейде теміржолшы болу қанымызда бар ма деп қаламыз. Жас кезімізде комсомол жастар бригасының сыйлықтарын иеленіп жүрдік. 2014 жылы маған «Жол қауіпсіздігі» деген төсбелгі берілді. Жұмысымыз жаман емес. Қызметкерлерге қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Бүгінде Жұлдызбай Мұсаев, Ізбасқан Сүйінов секілді білікті мамандардың басқаруымен ынтымақ пен бірлікте жұмыс жасап келеміз, – деді Е.Садықов.
Ерекеңнің Ерлан атты інісі қазіргі таңда Қызылорда локомотив депосында машинист нұсқаушысы болса, Нұрсұлтандай ұлы машинист көмекшісі болып жұмыс жасайды. Міне, бүтін бір әулеттің төрт бірдей адамы саналы ғұмырларын темір жолмен байланыстырған.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.
ҚОҒАМ 08 тамыз 2017 г. 706 0