ТЕМІРЖОЛДА ТОҒЫСҚАН ТАҒДЫРЛАР

«Ұлы іргесі 1904 жылдың бірінші қаңтарынан Орынбор  -Ташкент теміржолының сол жақ бөлігін қосу қажеттігіне орай Қазақстан аумағынан Орынбор – Қазалы жол тармағы тартылды.Содан бері Қазақстан темір жолының қалыптасуына негіз болып, іргелі жүйенің тарихын тарататын түпқазығына айналды». Елбасының осынау лебізі тек  Қазалы темір жолшыларының ғана емес күллі аудан жұртшылығының мерейін тасытқаны хақ.Солардың алдыңғы қатарында білікті  маман Арғын Орымбаев басшылық жасайтын  Қазалы пайдалану вагон депосы ұжымы да бар.
Тарихқа көз жүгіртсеңіз «депоның құрылымы  патшалық Ресей тұсында Орынбор-Тәшкен темір жолының салынып, іске қосылуынан бастау алады. Алғашқыда паровоз депосының құрамында болған вагон  цехы 1928 жылы өз алдына вагон телімі  кейін депо атанып, дербес мекемеге айналды. Депоның ең алғашқы басшысы болып Ф.И. Печерский  тағайындалса, содан бергі уақытта ұжымды 11 адам басқарды. Олардың қай-қайсысы да өз мамандықтарын жетік меңгерген, қоғам мүддесін өз мүдделерінен биік қоя білетін, ізденімпаз, талапшыл басшылар болды».деген деректі жолықтырасыз. Мұны естігенде осынау темір жол бойында қаншама жанның ғұмыры өтіп, тағдыры тоғысты екен деген сауал еріксіз бойыңды билейді.
Уақыт ағынына ілесу үшін озық үлгідегі құрал – жабдықтардың орны ерекше екені   белгілі. Бұл бағытта ұжымдағы жетістіктер ауыз толтырып айтарлықтай.  Қызылорда, Қазалы стансаларында  барлық бақылау бекеттеріндегі ПОНАБ, ДИСК қондырғылары КТСМ-02 қондырғыларымен ауыстырылды. Сексеуіл стансасында УЗОТ қондырғысы  орналастырылды. Вагондарға ағымдағы жөндеудің сапасын арттыру үшін Қызылорда, Шиелі стансаларында БКУ типті компрессор қондырғылары орнатылған. Барша  техникалық қызмет көрсету бекеттері мен бақылау бекеттерінде вагонның магистральдық  құбырында ақау анықталғанда, вагонды техникалық қызмет көрсету бекетіне дейін қозғалыс қауіпсіздігін сақтай отырып жеткізу үшін жоғары қысымды жалғағыш жеңдерін (соединительные рукава) пайдалану ендірілді.Бекеттердің техникалық оқыту кабинеттері тежегіш құрылымдарын оқытып – үйрету тренажерларымен жабдықталған.Мұндай қадамның қаншалықты  маңызды екені саладан хабары бар жандарға жақсы мәлім.
Осынау жылдар аралығында Қазалы пайдалану  вагон  депосы еңсесі биік,  бәсекеге қабілетті, іргелі ұжымға айналды.Таудай талабына,темірдей тәртіпті серік қылған ұжым  мүшелері Қазақстан темір жолына қарасты вагон шаруашылығы мекемелері арасындағы салалық жарыстарда тұрақты түрде  жүлделі орындардан табылуы ынтымақ – бірліктің жемісі.
       Қазіргі таңда «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамының филиалы болып табылатын Қазалы пайдалану вагон депосы құрамында екі негізгі ( Сексеуіл, Қызылорда) техникалық қызмет көрсету қосыны,  Қазалы, Жосалы, Шиелі техникалық қызмет көрсету, Төретам, Арал теңізі пойыздарды тапсыру  және 30 бақылау бекеттері бар. Бірінші санаттағы  Қазалы пайдалану вагон депосының кепілдік иіні – 1221,6 шақырымды  құрайды.  Депо бойынша 207 зейнеткер тіркелген. Ардагерлерге  тұрақты түрде көңіл бөлініп отырады. Түрлі мерекелерде  ұжым ұйымдастырған барлық іс-шараларға шақырылып, сый-сипатпен марапатталады.Осылайша «қарты бар елдің қазынасы бары» қаперде сақталады.
«Қоғамның басты байлығы адам саналатын ұжымда қызметкерлерді жазатайым оқиғадан сақтандыру «Казкоммерц-Полис» сақтандыру компаниясы арқылы жүзеге асырылған. Сондай - ақ зиянды жұмыс жағдайында еңбек ететіндер сүтпен қамтамасыз етіледі. Депо жұмысшыларына арнайы киіммен, аяқ киіммен және жеке қорғану құралдары беріледі. Міндетті түрде медициналық куәландыру керек деген жұмысшылардың тізімі жасалынды және толықтай өтілуде.» дейді өзіміз тілдескендер.
 «Төртеу түгел болса – төбедегі келеді» деп қазекең бекерге айтты деймісіз. Ұжымның ауызбіршілігінің  артуына мекеме басшысынан қатардағы еңбек адамына дейін себепкер болары тағы рас. Соған орай бұл тақырып деподағы әрбір адамның ортақ парызы іспетті. Қыруар жан еңбек етіп, қаншама отбасы напаха ажыратып отырған   ұжымның ұзақ жыл көлемінде бір де бір рет пойыздар қозғалысына қауіп төндіретін ақауға жол бермеуі де жұдырықша жұмылған ауызбіршіліктің арқасы деп ұққан ләзім. Қашанда солай болғай!.
Жұмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы.
ҚОҒАМ 07 тамыз 2017 г. 615 0