КӨП БАЛАЛЫ АНАЛАРҒА – ТЕГІН ЖОЛДАМА

Шиелі аудандық білім бөлімі мен білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті осы саланың  15 «Алтын» және «Күміс» алқа иелері атанған қызметкер аналарына үлкен сый жасады. Оларға Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданындағы «Таң нұры» санаторийіне тегін жолдама берілді. Көпбалалы аналар өзімен бірге бір баласын ертіп баруға да мүмкіндік алды. Өйткені, оларға да тегін жолдама қос тапсырылған-ды.
Аудан әкімшілігінің мәжіліс ¬залында өткізілген жолдаманы салтанатты тапсыру рәсімін аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов жүргізіп, білім саласында еңбек етіп жүрген алтын құрсақ аналарды жазғы демалыстарының сәтті өтуіне тіілектестігін білдірді. Және де биылғы жылдың бүкіл еліміз үшін ерек¬ше екендігін атап айтып, «ЭКСПО-2017» халық¬аралық көрмесін өткізу арқылы Қазақстанның әлем алдындағы беделінің өсе түскендігін тілге тиек етті. – Аудан оқушыларының жазғы ¬демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында Жаңақорған, Шиелі аудан¬дарындағы «Сыр ұланы», «Талдысу» және «Тау самалы» лагерьлеріне бүлдіршіндерді кезегімен жіберіп отырмыз. Балалардың жазды сергек те көңілді өткізуі ертеңгі жақсы сабақ үлгерімінің негізі, біз оған ¬барынша мән береміз деген аудан әкімінің орынбасары «Алтын» және «Күміс» алқа иелеріне жолдаманы салтанатты тапсырды.
Сөз ретіне қарай Шиелі ауданы білім саласы қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Рысдәулет Құдайбергенов мұн¬дағы әр жолдаманың құны 117 мың  теңге тұратындығын еске салып, осындай демеушілік жұмыстарының жалғаса түсетіндігін жеткізді. Жиынға Шиелі аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Марат Ақпанбетов те қатысып, ізгі тілегін арнады.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы.
ҚОҒАМ 07 тамыз 2017 г. 588 0