Егіншілік саласындағы негізгі жұмыстың бірі – дақылдың агротехнологияға сай күтімі болса, екіншісі ағын суды пайдалану барысында су жолдарының тазалығын сақтап, оның экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету екендігі белгілі. Бұл жағдайлар әрбір шаруашылық құрылымының өздері қамтамасыз етер міндеті болса да, атқарылған шаруаларға қозғау ішінара салып отырудың артықшылығы жоқ. Себебі табиғат байлығы адам қолынан жасалынатын тосын әрекеттерден зардап шекпеуі керек.
Осы мәселені назарға алған ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бастамасымен, «Қазсушар» РМК-ның Қызылорда филиалы 2015-2016 жылдарға бірлескен инвес¬тициялық бағдарлама қабылдаған болатын. Оның мақсаты – су шаруашылығы нысан¬дарының негізгі қорларын жаңарту және су өткізгіштік қабілетін жақсарту еді. Жуырда аталған мекемелер және «Нұр Отан» партиясы өкілдерінің қатысуымен Шиелі ауданында аралау жұмыстарын жүзеге асырды. Соңынан баспасөз конференциясы өткізілді.
– Инвестициялық жоба каналдың эколо¬гиялық жағдайын жақсартуға, каналдың пайдалы әсер коэффициентін көтеруге және егіс көлемін көбейтуге арналған. Мәселен, 2013 жылы Р-3 каналының бойында 1933 гектар жерге ауылшаруашылық дақылдары егілген-ді. Қажетті су шаруашылықтарға жеткізілгенімен, шығын да аз емес-ті. Ал жоба іске асырылғаннан кейін егіс көлемі 1971 гектарға жетті, оның ішінде күріш – 1244 гектар. Сағадан алынған судың пайдалы әсер коэф¬фициенті 0,83 көтерілді. Бұл тасымал шығыны¬ның азайғандығын көрсетеді, – дейді «Шиелі сушар» мекемесінің бас инженері Диқан Әубәкіров.
Аралау жұмыстары жүргізілген нысандар Шиелі ауданындағы Қамыстықақ аталынатын Р-3 каналының бойындағы істер. Мұнда үстіміздегі жылы егіс көлемі 2310 гектарға дейін артса, ал негізгі дақыл күріштің көлемі 1900 гектарға жеткізілді. Атқарушы орындардың мәлімдемесіне қарағанда, аталған алқапта Бидайкөл және Байсын шаруашылықтары егіс егіп, ауыл тұрғындарының игілігіне пайдалануда. Инвестициялық жобаның екінші кезеңінде құм-қайыр басқан жерлерді тазалау, сондай-ақ, 2 көпір мен акведукты жөндеуден өткізу арқылы ағын суға қойылатын тосқауыл азайды. Тоқырау жылдарынан бері қараусыз қалған 650 гектар жердің қайта айналымға түсуі де аталған жобаның шарапаты болса керек. Сөз тиегіне айналған индустриялық жобаны іске асыруға «Мұрат Сервис Шиелі» ЖШС белсенді атсалысып, нәтижелілік көрсетті.
Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.
Шиелі ауданы.