Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының құрылғанына 15 жыл толуына орай «Мамандандырылған экономикалық соттар: қалыптасу тарихы және дамуы» атты ғылыми-практикалық конференциясы өтті.
Іс-шараға облыстық соттың төрағасы, сот жүйесінің ардагерлері, облыс әкімінің міндетін атқарушы, облыстық мәслихаттың хатшысы, облыс прокуроры мен «Нұр Отан» Партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасарлары, мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдарының басшылары, профессорлар, оқытушылар және қалада орналасқан соттардың төрағалары мен облыс соттарының судьялары, Соттар әкімшісі басшылығы қатысты.
Ғылыми-практикалық конференция жұмысын аша келе, облыстық соттың төрағасы Қамбар Нұрышев осыдан 15 жыл бұрын республика судьяларының үшінші съезінде мамандандырылған соттардың құрылуы туралы мәселе көтерілгенін атап өтті. «2002 жылы еліміздің барлық аймағынан құрылған мамандандырылған экономикалық соттар - аудандық соттардың шектен тыс жүктемесін елеулі түрде азайтып, сот төрелігін жүзеге асыру сапасын жақсартуға, оны азаматтар үшін әлдеқайда қол жетерлік етуге мүмкіндік берді», - деді Қамбар Нұрышев.
Қызылорда облысы әкімінің міндетін атқарушы Қуанышбек Ысқақов экономикалық сот ұжымын мерейлі мерекелерімен құттықтады.
Одан кейін экономикалық соттың төрағасы Айбек Дәуренбеков баяндамасында: «Сот төрелігінің тиімділігін одан әрі көтеру, судьялардың белгілі бір салаға кәсіби тұрғыда мамандануы, халықаралық стандартқа сай сот жүйесі мен оның биік беделін қалыптастыру жолында игі жұмыстар атқарылды. Елбасының тапсырмасын орындау және соттағы сыбайлас жемқорлық фактілерін болдырмау мақсатында, бүгінгі күнде сот залдарының барлығы аудио-бейне камералармен жабдықталып, ашықтық пен жариялықты қамтамасыз етуде» деп, сөзінде он бес жылдық мерейтойды Қызылорда облысының мамаңдандырылған ауданаралық экономикалық соты толымды табыстармен қарсы алып отырғанын жеткізді. Экономикалық сотта әділетті шешім шығарып, аймақтың экономикалық дамуына оң әсерін тигізер істердің оңтайлы шешілуіне қажетті материалдық-техникалық жағдайдың бәрі де жасалған. Облыстың мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының құрамында бір төраға және жеті судья, қарауға түскен әрбір істің адал да тиімді шешілуіне, жүктелген міндет пен артылған сенім үдесінен шығу жолында аянбай қызмет етіп келеді.
Шара барысында облыстық соттың судьясы Жанат Оспанова, облыстық мәслихаттың хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Наурызбай Байқадамов, заң ғылымының кандидаты Ләззат Қаржаубаева, «Заңтану» магистрі Әлия Мүйденова, аға оқытушысы Жадыра Шүкенова сөз сөйледі.
Баяндамашылар Қазақстан Республикасындағы сот жүйесін реформалаудың тарихи-саяси шарттары, экономикалық соттарды құрудың әлемдік тәжірибесі, мамандандырылған соттардың қалыптасуы мен дамуы, сот жүйесіндегі экономикалық соттардың ерекшелігі мен атқаратын рөлі туралы айтып өтті.
Іс-шарада қатысушылардың назарына экономикалық соттың қызметі туралы деректі фильм ұсынылды.
Айжан Ысқақова,
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі