Облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының құрылғанына биыл – 15 жыл. Осыған орай Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың Студенттер сарайында ғылыми-практикалық конференция өтті.
«Мамандандырылған экономикалық соттар: қалыптасу тарихы және дамуы» тақырыбында өткен конференция жұмысына облыс әкімінің міндетін атқарушы Қуанышбек Ысқақов, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, сот жүйесінің ардагерлері, мемлекеттік мекемелер, құқық қорғау органдарының және соттар әкімшісі басшылығы қатысты. Шара барысында осыдан бірнеше жыл бұрын республика судьяларының үшінші съезінде мамандандырылған соттардың құрылуы туралы мәселе көтерілгені аталып өтілді. Сондай-ақ, облыстық сот төрағасы Қамбар Нұрышев 2002 жылдан бастап еліміздің барлық аймағынан құрылған соттар – аудандық соттардың шектен тыс жүктемесін елеулі түрде азайтып, сот төрелігін жүзеге асыру сапасын жақсартуға мүмкіндік бергенін алға тартты.
– Соттарды мамандандыру – ең өзекті, өркениетті бағыттың бірі. Сондықтан нарықтық экономикалық шарттардан туындаған әлеуметтік қатынастар ықпалын жете түсінген Мемлекет басшысы барлық облыста мамандандырылған экономикалық, әкімшілік, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық, өзге де салалық соттарды құру жайлы Жарлықтарға қол қойды. Өңірдегі сот жүйесі қазір аймақ экономикасының дамуына және қоғам пайдасына жүйелі қызмет етіп келеді. Осыған сәйкес, экономикалық соттардың он бес жылдық мерейтойын Қызылорда облысының мамаңдандырылған ауданаралық экономикалық соты толымды табыспен қарсы алып отыр деп айта аламыз. Себебі, экономикалық сотта әділетті шешім шығарып, істің оңтайлы жүруіне қажетті материалдық-техникалық жағдайдың бәрі жасалған. Құрамында бір төраға мен 7 судья бар сот жүйесі бүгінде қарауға түскен әрбір істің адал да тиімді шешілуіне және жүктелген міндет пен артылған сенім үдесінен шығу жолында аянып қалмайды, – деді Қ.Нұрышев.
Сонымен қатар жиында сот төрелігінің тиімділігін одан әрі көтеру, судьялардың белгілі бір салаға кәсіби тұрғыда мамандануы мен халықаралық стандартқа сай биік бедел қалыптастыру турасында біршама жұмыс қолға алынғаны айтылды. Бірқатар мамандар «Қазақстан Республикасындағы сот жүйесін реформалаудың тарихи-саяси шарттары», «Экономикалық соттарды құрудың әлемдік тәжірибесі» секілді тақырыптарды қаузайтын баяндамаларын оқыды. Оған қоса қатысушылар саланың сан қырын меңгерген тұлға, облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының алғашқы төрағасы Қайрат Адрановтың елеулі еңбегімен, сот төрелігін сапалы атқарып, облыс экономикасының жетілуіне қосқан үлесімен де танысты.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.