«Ел іші – өнер кеніші» деп тегін айтылмаған. Біздің арамызда өмірде таңдаған мамандығына қарамастан, өнер жолында жүрген азаматтар жетерлік. Олар өзінің жұмысынан қол үзбей жүріп, әртүрлі аспаптарда ойнап, жастарға үлгі-өнеге көрсетуде. Солардың бірі – қазалылық скрипкашы Қанатбай Түменбайұлы. Жастайынан өнерге жақын болып өскен ол мектеп қабырғасында жүріп-ақ түрлі өнер байқауларының жеңімпазы атанған.
Қанатбай Есенжолов 1947 жылы Қазалы ауданындағы Сарыкөл ауылдық кеңесінде дүние келген. Ол Қазалыдағы №87 сегізжылдық мектебінде, №420 қазақ орта мектебінде білім алып жүргенде музыка және спортпен қатар айналысып, сабақты да өте жақсы оқыды. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, марқұм Махамбет Әуезовтен скрипка аспабында ойнауды үйренді. Ерекше талантының арқасында бірнеше рет облыстық байқауларға қатысып, жүлдегер атанды. Сегіз қырлы, бір сырлы жігіт оқуда озат болғаны үшін Мәскеу орталық комсомол комитетінің мақтау Грамотасымен марапатталды.
1966 жылы Алматы политехникалық институтының құрылыс факультетіне сырттай оқуға түседі. Ауылға келген соң аудан орта-лығындағы Қ.Сәтбаев атындағы №216 орта мектепте ән және суреттен сабақ береді. Домбыра ансамблін ұйымдастырады. 1967-1972 жылдары Алматы ауылшаруашылық институтының экономика факультетінің күндізгі бөлімінде оқып, ғалым-агроном-экономист мамандығын алып шықты. Институт жанындағы қазақтың ұлт-аспаптар оркестрінің жетекшісі болды.
Мұнан соң түрлі өңірлерде мамандығы бойынша еңбек етті. Қанатбай елге оралып, Абай ауылында экономист қызметін атқарды.
Әйтеке би кентіндегі Батыс Қазақстан теміржолына қарасты бетон шығаратын зауытында қызмет істеді. Мен ол кезде Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет үйінде «Мырза» атындағы халық оркестрінің дирижері қызметін атқаратынмын. Қанатбайды бұрыннан білетіндіктен, оркестр құрамына алдым. Кейін аудандық мәдениет бөлімінің басшыларына ұсыныс жасалып, Қанатбай Есенжолов аудандық мәдениет үйіне қызметке орналасты. Сол жерден 2010 жылы зейнеткерлікке шықты.
Сондай-ақ, Қанатбай «Қорқыт сазы» халық ансамблінің құрамында қобызшы болды. Барлық музыкалық аспаптарда керемет ойнайтын оны жұрт дарынды, талантты музыкант ретінде жақсы таниды. Ол оркестр және «Қорқыт сазы» құрамында концерттік сапармен бірнеше аудан-қалаларда болды. Сонымен бірге облыстық, республикалық байқауларға қатысып жүлдегер атанды. Өзінің күй шығаратын да өнері бар. Өнерпаздың «Жеңіс», «Шаттық» күйлерімен қатар, ақын Едіге Кішкенеевтің өлеңіне жазылған әні шырқалады. Сондай-ақ, «Ансамбльге құрмет», «Биші қыз», тағы да басқа туындылары орындалып жүр.
Бүгінгі таңда жасы жетпіске келген Қанатбай әлі күнге дейін «Атамұра» халық ансамблінің құрамында скрипка аспабында ойнап, ардагерлердің аудандық спорт жарыстарына да белсене қатысады.
Орақ БАУБЕКОВ,
ҚР Мәдениет қайраткері, «Атамұра» ардагерлер халық ансамблінің көркемдік жетекшісі.
Қазалы ауданы.