СІЗ ҚАЙДА ДЕМАЛДЫҢЫЗ?

Жадыраған жаз айын көп адам демалыспен өткізетіні жасырын емес. Тіпті, сенбі, жесенбі күндерінің өзінде табиғат аясына шығуға құмартып тұрамыз. Жыл бойы жұмыс жасап, күйбең тіршіліктен қажыған кезде тынығуға лайықты жер іздейтініміз тағы бар.
Мұндай сәттерін әркім әрқалай өткізеді. Біреулер шетелге шығып, әлемнің кереметтерін тамашалайды. Ондайлардан «Үндістанға барып, Тәж-Махалды көрдік» деп айтқанын талай естігенбіз. Тіпті, ауыздарының суы құрып, Париждегі Эйфель мұнарасын сағаттап әңгімелейтіндер де кездеседі. Жұртшылық көп баратын елдердің бірі – Түркия. Онда да келген адамдарға көрсететін дүниелер мен уақытыңды лайықты өткізетін тынығу орындары жеткілікті. Отандық демалыс орындарына баратындар да аз емес. Қазақстанның түкпір-түкпірінде тарихи және киелі мекендер, сондай-ақ, табиғаты ерекше, көз тартатын қайталанбас сұлулығы жаныңды жадырататын көрікті жерлер баршылық. Алтайда да, Алатауда да, тіпті, Қаратаудың бөктерінде де жұтар ауасы саф, тарихын тарқатсаң, таңды-таңға ұрып әңгімелеуге тұрарлық орындар бар. Теңіз керек десең, Каспий тұр, таулардың жөні бір бөлек, өзен-көлдерді тамашалаймын дегендерді де таңғалдыруға болады. Бурабай мен Алакөл өз алдына бір тарих. Қазақ даласының жауһарларын айтып тауыса алмайсың.
Сыр бойынан да ғажайып мекендерді аз кездестірмейсіз. Өткен жылы Қазақстан туристік ассоцияциясымен келісе отырып, облысымыз бойынша 15 туристік бағыт бекітілді. Атап айтқанда, «Барсакелмес» аралы, қайырда қалған кемелер, Арал теңізі, «Көкарал» су тоспасы, «Қамбаш» көлінің жағасындағы демалыс аймағы туристік бағыт тізіміне енді. Сондай-ақ, «Қорқыт ата» мемориалдық кешені, «Байқоңыр» ғарыш айлағынан зымыран ұшыруды тамашалау, Жаңақорған ауданындағы таулы массивтер және басқа да мәдени-танымдық, тарихи және зиярат ету орындары бойынша туризм түрлері еніп отыр.
Қазақстандық туристік операторлар арасында осы бағыттар бойынша толық ақпаратты тарату үшін керекті мағлұматтар облыс әкімдігінің ресми порталына орналастырылды. Сондай-ақ, басқарма сайтынан жаңадан «Туризм» айдары ашылды.
Атқарылған жұмыстың нәтижесі де жаман емес. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жарты жыл ішінде облысқа 9981 турист келген екен. Бұл ретте оларды орналастыратын нысандарға да ерекше көңіл бөлінгенін айта кеткен жөн.
Туристік аймақтарды дамыту жұмысы да жалғасын табуда. Арал ауданындағы Қамыстыбас ауылында орналасқан «Қамбаш» көлінің жағалауында туристік инфрақұрылымды дамыту мақсатында 12 тұрғын үй құрылысы бой көтерді. Аталған аймаққа баспасөз туры кезінде барған қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің тілшісі Ақмарал Олжабаева бұл жердегі жұмысты былайша әңгімелейді.
– Қамбаш көлінің жағалауында орналасқан «Наурыз» жағажайында болдық. Демалыс орны былтырғы жылдың жазғы маусымынан бастап іске қосылды. Мұнда келушілерге арналған 4 орындық салқындатқышпен жабдықталған 10 үй салынған. Сондай-ақ, VIP-үйлерде «OTAU TV» қондырғысы орнатылған. Сонымен қатар, ол жерде 40 орындық кафе-бар келушілерге сапалы қызмет көрсетеді. Қамбаш көлінің суы барлық ауруға ем. Оның қасиеттілігі де осында. Сондықтан, ел асып, шетелге барғанша осы жерге келіп, демалуға барлық жағдай жасалуда. Бағасы да қарапайым халықтың қалтасы көтеретіндей тиімді. Бүгінде Алматы мен Ақтөбеден арнайы келген қонақтар қызылордалықтардың қонақжайлығына өз ризашылықтарын білдіруде, – деп жазады А.Қадырханқызы өз мақаласында.
Байқоңыр аумағында туристік аймақ құру бойынша туристік индустриялық аймақты дамытудың тұжырымдамасы әзірленіп, жоғарғы органдардың қарауына ұсынылды. Бұдан бөлек спорт және мәдениет министрлігі тарапынан ел туризмін дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдама жобасы әзірленді. Оған Қызылорда облысы бойынша Қармақшы ауданында орналасқан «Қорқыт ата» мемориалдық кешені және Байқоңыр қаласындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағы кешені өңіріміздің негізгі туристік бағыттары ретінде ұсынылды. Сонымен қатар, өңіріміздің туристік объектілерін ұлғайту мақсатында облыстың ескі, тарихи ескерткіштері орналасқан Кердері кесенесіне, Сығанақ, Жанкент, Шірік-Рабат, Сортөбе, Жент қалашықтарына археологиялық зерттеулер жүргізілуде.
Бұл аймақта атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы ғана. Әйтпесе, Сыр еліне, соның ішінде «Қорқыт ата» кешеніне шетелдерден ағылып туристер келуде. Ол жерге Жапония, Голландия елдерінен келген қонақтар жоғары бағаларын берді.
Мақаланы жазу барысында тұрғындардың да пікірлерін білген едік. Жауһар Омарова есімді қала тұрғыны: «Мен балабақша қызметкерімін. Жыл сайын еңбек демалысымды көбіне шілде-тамыз айларында аламын. Құдайға шүкір, Қазақстанда баратын жерлер жеткілікті. Өзіміздің Сыр өңірінде де туристік саяхаттар ұйымдастыруға болады. Бірақ, біз демалыс аламыз да үйдің күйбең тірлігіне кірісіп кетеміз. Әйтеуір арасында уақыт тауып табиғат аясына шығып тұрамыз. Мұндайға Қамбаш жақсы. Жақында Белкөлде де тынығатын орын ашылды деп естідік. Қала тұрғындары үшін ол да дұрыс болды», – деді ағынан жарылып. Ал, Мақсат Пернебеков атты Шиелінің азаматы қолдары қалт ете қалса, не достарымен, не отбасымен бірге Бәйгеқұмдағы көлге тартатындарын айтты. Сондай-ақ, Расул Әбішбаев есімді Қармақшының жігіті Қазақстанның табиғаты тамаша жерлеріне барғанды ұнататынын жеткізді.
– Жалпы өзім сауда-саттықпен айналысам. Кәсіппен жүріп, еліміздің көптеген қалаларында болдым. Қай жерге барсам да бірінші кезекте сол өңірдің қасиетті, киелі орындарына соқпай кетпеймін, – деді Р.Әбішбаев.
Негізі, демалыс кезінде емдік мақсатпен санаторийлерге ат басын бұратындар баршылық. Аты көпке мәлім Жаңақорғандағы санаторийге еліміздің түкпір-түкпірінен адамдар келуде. Өйткені, ол жердің ыстық батпағы талай ауруға ем екен.
Қарап отырсақ, Сыр елінде демалатын да, емделетін де орындар баршылық. Қасиетті жерлерді аралаймын дегендерге Хорасан ата, Оқшы ата, Қорқыт баба сынды әулие-әмбиелер жатқан мекендерді нұсқай аламыз. Тарихты танып-білемін дегендерге Кердері кесенесіне, Сауран, Сығанақ, Жанкент, Бестам, Шірік-Рабат, Сортөбе, Жент қалашықтарына барыңыз деп айтар едік. Бұған дейін бұл орындарға бармасаңыз, келер жылғы демалысыңызды арнаңыз, өкінбейсіз.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.
ҚОҒАМ 01 тамыз 2017 г. 1 077 0