Еттен жасалған торт астаналықтарды таңғалдырды

Астанадағы «Көрме» орталығында «Қазақстанның үздік тауарлары» көрмесі өтуде. Көрмеге 350-ден астам компанияның сапалы тауарлары қойылған. Әсіресе алматылық «Бижан» ет өңдеуші зауыты көрмеге еттен жасалған тортты алып келген. Бұл өнім астаналық тұрғындарды таңғалдырды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Аталмыш компанияның Астанадағы өкілі Әлия Сильбекова еттен жасалған торттың ерекшелігін түсіндірді. Оның айтуынша, тортты 3 түрлі еттен жасалған.

«Сіз көріп тұрған өнім Алматыда шығарылды. Бұл торт 3 еттен жасалған. Ол – сиыр, жылқы, тауықтың төс еттері. Біз бұл өнімімізді көрме үшін арнайы дайындадық. Тортың бір келісі – 3 мың теңге. Ал жалпы торттың салмағы – 6-7 келі. Адамдар келіп жатыр. Олар торттың тек бөліктерін ғана сатып алуда», - деді ол.

Осы орайда сауда өкілі көрмеге себетке толтырылған гүлдерді алып келгендігін атап өтті. Алайда бұл өнім де еттен жасалған.

Айта кетейік, Астанада «Атамекен» ҚР ҰКП және «Даму» кәсіпкерлерді дамыту қорының ұйымдастыруымен 28-30 шілде аралығында 144 өңірлік жеңімпаз кәсіпорынның қатысуымен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы мен 206 отандық компания қатысуымен «Қазақстанда жасалған» көрмесі өтуде. Жалпы көрмеде 350 үздік компания өз өнімін ұсынуда.

Сонымен қатар көрме қонақтары тауар өндірушінің өзінен тікелей өзі ұнатқан тауарын сатып алуға мүмкіндігі бар.

«Қазақстанның үздік тауарлары» көрмесіне себетке толтырылған гүлдерді алып келдік. Алайда гүлдерді сүрленген жылқының етінен, ал себетті шұжықтан жасадық. Жалпы етті сүрлеу үшін бір күн кетті. Келесі күні ол еттен гүл жасадық. Ал себетті әшекейлеу үшін арнайы станок қолданылды. Шұжықтарды содан өткіздік. Гүлдерді жасауға 5 келі жылқының еті пайдаланылды», - деді компания өкілі.

Сөз соңында Әлия Сильбекова шұжықтан жасалған себеттің сатылмайтындығын алға тартты.

«Біз «себетті» сатпаймыз. Себебі, шұжықтан жасалған себет жеуге жарамсыз. Ал гүлдері жеуге жарамды. Сондықтан оларды сатамыз», - деп түйіндеді сөзін сатушы.

Айта кетейік, Астанада «Атамекен» ҚР ҰКП және «Даму» кәсіпкерлерді дамыту қорының ұйымдастыруымен 144 өңірлік жеңімпаз кәсіпорынның қатысуымен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы мен 206 отандық компания қатысуымен «Қазақстанда жасалған» көрмесі өтуде. Жалпы көрмеде 350-ден астам үздік компанияның тауарлары қойылған. Іс-шара 30-шы шілдеге дейін өтеді.

Дәурен ЕРБОЛАТ
ҚОҒАМ 28 шілде 2017 г. 924 0