« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қазақстан Республикасы өзін тәуелсіз мемлекет ретінде жариялаған 25 жыл ішінде елімізде тоғыз рет рақымшылық жасау туралы актісі қабылданған екен. Соның бірі – 2016 жылдың 13 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының заңы.
Рақымшылық Заңы ең алдымен әлеуметтік тұрғыдан осал адамдарға, кәмелетке толмағандарға, жүкті әйелдер немесе кәмелетке толмаған балалары немесе мүгедек балалары бар әйелдер, сондай-ақ, кәмелетке толмаған балалардың жалғыз ата-анасы болып табылатын ер адамдарға, мүгедектерге, қарт кісілерге байланысты қолданылады. Сонымен қатар, болмашы зиян келтірген, ауыр емес қылмыстарды жасаған адамдарға қатысты қолданылады.
«Рақымшылық жасау туралы» заңның 2-бабында жазадан босатылатын адамдар көрсетілген. Осы бапқа сәйкес, қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдар жазадан босатылатыны айқындалған. Ал, онша ауыр емес қылмыстарға Қылмыстық Кодексте көзделген ең ауыр жаза бас бостандығын айыру екі жылдан аспайтын қасақана жасалған іс-әрекеттер, сондай-ақ, жасалғаны үшін осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза бас бостандығынан айыру бес жылдан аспайтын абайсызда жасалған іс-әрекеттер жатады. Егер адам қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес қылмыс жасағаны үшін сотталған болса, «Рақымшылық жасау туралы» заңның 2-бабы 1-бөлігінің негізінде жазадан босатылады.
Дегенмен, заң аталған тұлғаларды ғана емес ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшін сотталған белгілі бір санатқа енгізілген адамдарды да жазадан босатуды көздеген. Бірінші кезекте ауырлығы орташа қылмыс санатына қандай қылмыстардың енгізілетініне тоқталсақ; жасалғаны үшін Қылмыстық кодексте көзделген ең ауыр жаза бас бостандығынан айыру бес жылдан аспайтын қасақана жасалған іс-әрекеттер, сондай-ақ, жасалғаны үшін бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген абайсызда жасалған іс-әрекеттер ауырлығы орташа қылмыстар деп танылады.
«Рақымшылық жасау туралы» заң ауырлығы орташа қылмыс жасаған адамдардың барлығын емес, тек олардың ішінен кәмелетке толмағандар; жүкті әйелдер, кәмелетке толмаған балалары немесе мүгедек балалары бар әйелдер, сондай-ақ, кәмелетке толмаған балалардың жалғыз ата-анасы болып табылатын ер адамдар; I, II және III топтағы мүгедектер; елу жастағы және ол жастан асқан ер адамдар; Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілген адамдар; әскери және (немесе) интернационалдық борышын орындау кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің жесірлері, сондай-ақ, күйеулері соғыс мүгедектері және оларға теңестірілген адамдар болып табылатын әйелдердерді жазадан босатады.
Сондай-ақ, аталған адамдар қатарына енбейтін, ауырлығы орташа қылмыстар үшін сотталып, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазасын өтеп жатқан және пробациялық бақылаудағы; Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 63-бабы қолданыла отырып, сот үкімімен бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалған адамдар жазадан босатылады.
Бұл санаттағы тұлғалар қатарына енбейтін ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалған адамдар жазасының өтелмеген бөлігі неғұрлым жеңіл жаза түріне – айыппұлға немесе бас бостандығын шектеуге ауыстырылады.
«Рақымшылық жасау туралы» заңда ауыр қылмыстар үшін сотталған кәмелетке толмағандар; жүкті әйелдер, кәмелетке толмаған балалары немесе мүгедек балалары бар әйелдер, сондай-ақ, кәмелетке толмаған балалардың жалғыз ата-анасы болып табылатын ер адамдар; I, II және III топтағы мүгедектер; елу жастағы және ол жастан асқан ер адамдар; Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілген адамдар; әскери және (немесе) интернационалдық борышын орындау кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің жесірлері, сондай-ақ, күйеулері соғыс мүгедектері және оларға теңестірілген адамдар; қылмыспен келтірілген залал толық өтелген жағдайда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің Ерекше бөлігінде көзделген экономикалық қызмет саласындағы ауыр қылмыстар үшін сотталғандарға жаза мерзімінің өтелмеген бөлігінің жартысы қысқартылатыны белгіленген.
Ал, бұл санатқа енгізілмеген ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарға қылмыспен келтірілген залалды толық өтеген жағдайда, жаза мерзімінің өтелмеген бөлігінің төрттен бірі қысқартылуға жатады.
Жоғарыда көрсетілген аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарға кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер және т.б жаза мерзімінің өтелмеген бөлігінің бестен бірі қысқартылады.
Өздеріңіз көріп отырғандай, заң әлеуметтік тұрғыдан осал адамдарды, кәмелетке толмағандарды, жүкті әйелдер немесе кәмелетке толмаған балалары немесе мүгедек балалары бар әйелдер, сондай-ақ кәмелетке толмаған балалардың жалғыз ата-анасы болып табылатын ер адамдар, мүгедектерге, қарт кісілерге барынша мүкіндікті қарастырып, жаза мөлшерін азайтқан.
Дегенмен рақымшылық жасау қолданылмайтын адамдар да бар екенін ескеруіміз қажет. Бұл заңның күші кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс жасағандарға, террористік, экстремистік қылмыстар, азаптаулар жасаған, қылмыстардың қайталануы немесе қауіпті қайталануы кезінде жаза тағайындалған адамдарға, өлім жазасы кешірім жасау тәртібімен бас бостандығын айыруға ауыстырылған, сондай-ақ, өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалған адамдарға; бұрын рақымшылық жасау немесе кешірім жасау қолданылған, қайтадан қасақана қылмыстар жасаған адамдарға; қылмыстық топтар құрамында қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарға; Қылмыстық кодекстің заңда көрсетілген белгілі бір баптарында көзделген өзге де қылмыстарды жасаған адамдарға қолданылмайды.
Сонымен қатар, егер өзіне қатысты рақымшылық жасау қолданылуы мүмкін адам немесе оның заңды өкілі қарсы болса, ол адамға қатысты рақымшылық жасау қолданылмайды.
«Рақымшылық жасау туралы» заңда көзделген сотталғанды жазадан босату, жазаның өтелмеген бөлігін ауыстыру, жаза мерзімінің өтелмеген бөлігін қысқартуды қолдану сотталған адамның жазасы орындалатын жердегі соттарға жүктелген.
Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде орындалуы тиіс.
Е.А.ЕСЖАНОВ,
Қызылорда қаласының № 2 сотының
сот отырысының хатшысы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |