ДУАЛЬДЫ ОҚЫТУ УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Елбасы Н.Назарбаев өзінің дәстүрлі Жолдауында білім саласына айрықша басымдық берді. Оның ішінде техникалық және кәсіптік білім беру саласын дамытуда дуальды оқыту технологияларын енгізуді, осыған орай Үкіметке тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
Дуальдық жүйе – маман даярлауда өндіріс, білім алушының және мемлекеттің мүдделерін біріктіруге бағытталған кәсіптік білім берудің түрі. Бұл өндіріс орны үшін экономикалық жағынан тиімді. Маманды қайта даярлауға, жұмыс орнына бейімдеуге уақыт кетпейді. Білім алушы жастар үшін – өмірдегі өз орнын ерте табуға мүмкіндік туады, жұмысқа ерте араласып, бейімделеді.
Қазіргі кезде, әлемде оқытудың дуальды жүйесі – кәсіптік-техникалық кадрлар даярлаудың ең тиімді жолдарының бірі. Оның ерекшелігі сол – кәсіптік оқыту үдерісінің басым бөлігі оқу орнында емес, кәсіпорындарда технологиялық, диплом алдындағы тәжірибелерден өтеді. Бүгінгі күні колледж 60 қалалық және облыстық мекемелермен, өндіріс орындарымен, шаруа қожалықтарымен әлеуметтік әріптестік туралы келісім-шарттар жасады. «ҚазТрансГаз Аймақ»  Қызылорда өндірістік филиалы,  «Локомотив» Қызылорда пайдалану локомотив депосы, «Қызылорда сигнализация және байланыс дистанциясы», «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы, «Қызылорда жол дистанциясы» АҚ, «Қазақтелеком» Қызылорда облыстық телекоммуникациялар дирекциясы, «Қызылорда жылу орталығы» мекемелерімен жаңа оқыту жүйесіне көшу туралы әлеуметтік-әріптестік келісім-шарттарға қол қойылды. 
Шаруашылықтың қай саласын да өздері таңдаған мамандықтарын кәсіби тұрғыдан жан-жақты игеріп, озық технология мен заманауи техника тілін меңгергендер ғана дамыта алады. Сондықтан еліміздегі өндіріске қажетті мамандар әзірлеу деңгейін көтеру міндетін әлеуметтік серіктестік, теория мен тәжірибенің үйлесімділігі атқарады. Бұл үйлесімділік дуальды білім беру жүйесінде жан-жақты өрістей алады. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық колледжінің «Агрономия» мамандығы дуальды оқытудың пилоттық жобасы бойынша «сынақ алаңы» ретінде белгіленді. Осы мамандық бойынша Ы.Жақаев атындағы «Қазақ күріш шаруашылығы» ғылыми-зерттеу институтымен әлеуметтік-әріптестік келісім-шарт жасалды. Оқу орны алдағы уақытта «Колледж-студент-кәсіпорын» арасындағы үшжақты шарт жасауды жоспарлап отыр. Нәтижесінде, маман дайындаудың дуальды жүйесі дәстүрлі оқыту әдістеріндегі кемшіліктерді, теория мен тәжірибе арасындағы алшақтықты жояды, студент өзінің ертеңгі жұмыс орнымен танысады, оған ие болу мүмкіндігін сезінеді, сондай-ақ, ол бәсекеге қабілетті болса ғана кәсіби маман ретінде бағаланып лайықты табысқа қол жеткізе алатындығын түсінеді. Осы ретте 2013 жылы облысымыздағы техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарында дуальды оқыту технологияларын енгізудің алғышарттары туралы  Германиядан арнайы келген халықаралық сарапшы семинарлар өткізіп, тыңдаушыларға арнайы сертификаттар берді.
Дуальды жүйемен оқытудың жетістігі көп. 
Біріншіден, бітіруші түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары болады, себебі оқу барысында өндіріспен тығыз байланыста болған оқушы жұмыс берушінің барлық талаптарын игеріп, меңгерген жұмысшы маман болады. 
Екіншіден, жақсы білімді, болашақ жұмысшы маман психологиялық жағынан жаңа ортаға бейімделген дайын маман болып шығады. Өндірісте өздігінен шешім қабылдай алады. Теория мен тәжірибені меңгеріп, бекітілген жұмысқа деген жауапкершілік сезімі жоғарылайды. Өндірісте болғандықтан ұжыммен жұмыс жүргізеді және өндірістегі жұмыстарға бейімделеді. 
Үшіншіден, «тәжірибеден теорияға» принципімен жұмыс жүреді, оқушы теориялық, яғни текстпен айтудан гөрі, өндірістегі жағдаяттарға сәйкес жұмыс жүргізеді. Теориядағы қиындық келетін терминдер мен есептерді тәжірибе жүзінде шешеді. 
Төртіншіден, жұмыс берушінің оқушыға берген бағасы дайындалған маманның біліктілігімен байқалады. Алғашқы күннен бастап ұзақ уақыт өндірісте жұмысшы болған оқушы, өзінің білім мен ынтасын көрсетеді.
Бесінші, оқытушы тек қана теорияны ғана меңгермей, өндірістегі соңғы жаңалықтарды біліп, заманауи талаптарды меңгереді.
Алтыншы, бюджеттік шығын азаяды, себебі оқуға кеткен шығынның біраз бөлігі өндірісте болғандықтан оқушы оны күнделікті көріп, игереді.
Жоғарыда аталған мәселелердің барлығы дуальды оқыту технологиясы енгізіліп, жүзеге асқан кезде қол жеткізетін нәтижелер. 

М.ӨТЕМҰРАТОВ,
И.Әбдікәрімов атындағы 
Қызылорда аграрлық колледжінің 
директоры.
ҚОҒАМ 25 қаңтар 2014 г. 3 870 0