ЕЛ ЖАДЫНДАҒЫ ЖАРҚЫН ТҰЛҒА

Ел басынан өткен талай қиыншылықтардың ортасында болып, қанды  соғыстың қияпатты қырғындарын басынан өткерген, өмірдің өзі оқытып, өзі тәрбиелеп, өзі шыңдаған аға ұрпақтың салып кеткен сара жолы, кейінгіге қалдырған өнегесі мен тағылымды істері ұрпақ жадында сақтала береді.  Өзінің аздаған білімін өмірлік тәжірибеге ұштастырып, қандай қиындықты болмасын қол біріктіре отырып шешудің жолын тапқан, қандай алынбайтын асу кездессе де мемлекеттік мүдде мен ата жолын үйлестіре отырып, ағайынның ауызбірлігін алға шығарған, елдің тұтастығы мен бірлігін қалыптастыруға мұрындық болған кемеңгер ағаларымыз ауданда аз болмаған. 
Тәуелсіз мемлекет құрып, ұлттық салт-дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді қайта тірілтіп, уақыт талабы тұрғысынан тарихымызды түгелдеп, Елбасымыз белгілеген «Мәдени мұра» бағдарламасына, ұрпақтар сабақтастығы идеясына сәйкес ауданның саяси әлеуметтік, экономикалық дамуына өзі өмір сүрген кезеңнің талаптарына сәйкес үлесін қоса білген, іскерлік қабілетімен, өмірлік тәжірибесімен, өнегелі істерімен артында із қалдырған ағалардың есімін кейінгі ұрпаққа жеткізу парызымыз. 
Биыл өзінің саналы ғұмырында ел басына түскен әр түрлі қиыншылықтарды, сұрапыл соғыс жылдарының қасіретті зардабын көзімен көріп, соғыстан кейінгі жылдары ел еңсесінің тіктелуіне,  бейбіт тұрмыстың берекелі күндерін орнатуға елеулі үлес қосқан Боханов Аяған ағамыздың туғанына 100 жыл толады. Соғыс және еңбек ардагері А.Боханов 1914 жылы Жалағаш ауданының «Жаңаталап» кеңшарында өмірге келіп, 1929-1932 жылдар аралығында Жосалы кентіндегі  осы күнгі №26 мектепте оқыған. 1933 жылдан Арал теңізіндегі «Түркістан» атты пароходта матрос, 1935 жылдан Жосалы механикалық зауытында жұмысшы, 1941-1946 жылдар аралығында Қиыр Шығыстағы №25 армия қатарында Жапон соғысына қатысып, Солтүстік Кореяға дейін барған. 
1946 жылы әскер қатарынан оралған ол 1949 жылға дейін Қармақшы аудандық тұтыну қоғамында, 1949-1953 жылдары Қазалы аудандық тұтыну қоғамында, ал 1953-1960 жылдар аралығында Жалағаш аудандық тұтыну қоғамының басқарма бастығы қызметін атқарған. 1960-1962 жылдары Жосалы автобазасында колонна бастығы болса, 1962-1963 жылдарда Жалағаш ауданының Ленин атындағы  ұжымшарында (қазіргі Мақпалкөл ауылдық округі)  басқарма төрағасы, 1963-1973 жылдары Қармақшы ауданы Энгельс атындағы ұжымшарда (қазіргі Жаңажол ауылдық округі)  басқарма төрағасы, 1973-1982 жылдары Қармақшы аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған.
1982 жылдан 1990 жылға дейін Қармақшы ауданы орталығындағы колхоз базарының директоры қызметінде болған Аяған аға республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер. Ол еңбекшілер депутаттары аудандық кеңесіне 4 рет, Жосалы қыстақтық кеңесіне 6 рет депутат болып сайланып, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болды. Көзінің тірісінде 7 баладан 19 немере, 14 шөбере сүйді.
А.Боханов Жоғарғы Бас қолбасшы Сталиннің 1945 жылғы 23 тамыздағы бұйрығымен ерекше әскери жетістіктері үшін Алғыс хатымен, сондай-ақ екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордені,  «Жапонияны жеңгені үшін», «Маршал Жуков»,  «Жеңістің 25 жылдығы», Жеңіс күндеріне байланысты  басқа да мерекелік медальдармен марапатталған. Еңбек майданындағы жемісті жұмыстары үшін «Құрмет» белгісін   иеленген. Ауыл шаруашылығын өркендетуге, 1966 жылы ауылшаруашылық өнімдерін өндіруді арттыруда және мемлекетке сатуда қол жеткізген табыстары үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының және Қазақ КСР Әлеуметтік қамсыздандыру министрлігінің Құрмет Грамоталарын алған. Ұзақ жылдар партия қатарындағы қызметі үшін «СОКП қатарына 50 жыл» белгісін өңіріне таққан.
Ардақты ағамыз өзінің саналы ғұмырында елдің әлеуметтік мүддесін шешуде ерекше белсенділік көрсетіп, қиын-қыстау жылдарда қазіргі  Қармақшы ауданындағы  Жаңажол ауылының инфрақұрылымдық жобаларын қолға алып, шаруашылығы шалқыған, дәулеті тасыған ірі елді мекен болып қалыптасуына қарымды қолтаңба қалдырды. Соғыс және еңбек ардагері, ұзақ жылдар түрлі мекемелерді басқарған майдангер қарт ауданның қоғамдық өміріне де белсене араласып, әлеуметтік-экономикалық түйінді мәселелерді шешуге араласқан ақылман ақсақалдардың бірі болды. Елдің бірлігін, ағайынның татулығын ойлаған ел ағасы ғұмырының соңына дейін ақсақалдық ақылын айтып, ұрпаққа тілек, батасын беріп өтті. Айекең, сонымен қатар аяулы жары Қанбибішпен бірге   үлгілі отбасын тәрбиеледі. Кейінгі 30 жылда мезгілсіз өмірден озған жары Қанбибіштің орнын жоқтатпаған асқар тау ұл-қыздарын, немерелерін оқытып, олардың бойларына адамгершілік, қазақы әдет-ғұрып  қасиеттерін сіңірген азамат етіп қалыптастырды. Бүгінде Айекеңнің ұрпақтары түрлі салаларда еңбек етіп, тәуелсіз еліміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген абзал азаматтар. 
Халқы құрметтеген ардагер ағамыз Аяған Бохановтың туғанына биыл 100 жыл толуына орай оның облысымыздың дамуына сіңірген ерекше   енбегі  мен өмір жолын, өнегелі істерін, даналық сөздерін халық жадында сақтау, өскелең ұрпаққа өнеге ету мақсатында шараларды ойластырып, мерейтойын ұйымдастыру аса маңызды өнегелі іс екендігі ақиқат және бұл біздің азаматтық парызымыз. 

С. ЖҰМАБЕКОВА – Социалистік Еңбек Ері, Батыр Ана, 
Ұ.ЕСПАНОВ – Социалистік Еңбек Ері, еңбек ардагері,                                  
М.ӘМІРЕҰЛЫ – «Сыр ардагері» газетінің бас  редакторы, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы,                          
Ш.БЕКТІБАЕВ – Соғыс және еңбек ардагері,                                                    
Т.БЕКПАНОВ – Қармақшы аудандық ардагерлерлер кеңесінің төрағасы.
ҚОҒАМ 23 қаңтар 2014 г. 1 331 0