БАЯНСЫЗ БАҚЫТ

О, махаббат, елтіген түнім едің, 
Гүлім едің, пірім едің!
Қолдай гөр ғашықтардың пірі мені, 
Мен енді тірілемін, – деп ұлы ақын Мұқағали жырлағандай, махаббат дүниедегі барлық адамзат баласының жүрегіне жыр, көңіліне сыр құяды. Мұнда, қуаныш та, қызғаныш та, қайғы да бар. Жүрекпен сезіне білген адам үшін сөз жетпейтін ұлы сезім. Осы күйді бастан кешіргендердің бірі бақытты болса, енді бірінің тағдырлары тоғыспай жатады. Сондай жандардың бірі – Мейрамбек пен Майра. 
Қоңыр күз. Далада салқындау жел соғып, ағаштардан түскен жапырақ әлсін-әлсін жердің бетін жауып жатыр. Қарап тұрып бір үміт үзілгендей әсер аласың. Жаратылыстың кұдіреті-ай десеңші! Қара топырақтың бетін жапқан алтын түсті жапырақтың  үстінде қос ғашық қыдырып келеді. Сезімін жеткізгісі келген жігіт еңкейіп тұрып, сүйіктісінің маңдайын иіскеді. Бұлардың сезімі өзгелерге қарағанда айрықша, ерекшелік бірден  аңғарылады. Себебі қыз туабітті кеселдің салдарынан мүгедек арбасына таңылған жан еді. 
БАЯНСЫЗ БАҚЫТӘдеби кітаптарды жанына серік еткен Майра сүйіктісі болғанын қалайтын. Бірде үйіне қонақтар келді. Арасында осы Мейрамбек те бар. Ол әр келген сайын құрақ ұшып жүріп карсы алатын. Күндер өте келе ғашықтық сезімін білдіргісі келген жігіт кызды кездесуге шақырып, оны ұнататынын айтып, бірге тұруға ұсыныс білдірді. Бірақ мүгедектігіне намыстанған қыз мұны шынайы қабылдаған жоқ. Осылай жүргенде арада екі жыл зымырап өте шықты. Жігіттің үй-іші ол қызға үйленуге келісім бермей, біраз дау-дамай шығарды. Соған қарамастан, Мейрамбек тәуекелге бел байлап, қызды шаңырағына әкелген еді. Ашуға мінген анасының екеуін де үйден шығарып жіберіп, есігін тарс жауып алғандығы қыздың көңіліне кірбің ұялатты. Қалайда бірге болуды армандаған екеуі пәтер жалдап, бірге тұрды. Бір ай өткен соң анасын көндіріп, кішігірім той жасап, келін түсірді. Майраның іске тындырымды, қолынан келмейтіні жоқ, арбамен дөңгелеп жүріп-ақ енесінің бар жағдайын жасап отырғанына күйеуі қуанды. 
Бірде басқа қалаға жұмыс іздеп кеткенінде енесі келініне үйінен кету керектігін айтты. Оның «мен ешқайда бармаймын, жолдасымды күтемін» деп нақты жауап бергеніне қарамастан, еріксіз төркініне апарып тастады. Ал, ол жолдасының жолдан келетін уақытын туралап вокзалдан күтіп алып, болған жайтты баяндап берген еді. Түсіністікпен қараған ол «үйге бірге барайық» дегенмен, Майраның көңілі жіби қоймады. Екі оттың ортасында қалған жігіт ішкілікке салынып, ішкі сырын айтар жан таппады. Жарына қайта қосылуға үй-ішінің түбегейлі қарсылық танытқандығы жанын жегідей жеп барады. Содан жүйкесі тозған ол мөлшерден артық ұйықтататын дәрі ішті. Сол ұйқының мәңгіге жалғасқандығы аянышты. Анасы онсыз да тағдырдан таяқ жеген Майраның жер-жебіріне жетті. Арбадан түскен бойда қара жердің қойнына тапсырғалы тұрған мүрдені құшақтаған күйі көз жасына ерік берді. Үйіне сүлесоқ күйде келген келіншек арада екі-үш күн өткенде аяғының ауыр екендігін сезді. Туыстары оның өмірге ұрпақ әкелуіне қарсы болып, жасанды түсік жасатуға бел буды. Сөйтіп дәрінің әсерімен жарық өмірдің нұры бұйырмаған сәбиінен де айырылды... 
                                                     
Күлпаш КҮНШЫҒАРОВА, 
Талсуат ауылы, 
Қызылорда қаласы.
ҚОҒАМ 23 қаңтар 2014 г. 997 0