Сәрсенбі күні облыстық баспасөз орталығында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті тәртіптік кеңестің 2013 жылы атқарылған жұмыстары қорытындыланды. Департамент басшысы, тәртіптік кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаевтың айтуынша, аймақ мемлекеттік қызметшілерінің құрамы үш мың жеті жүзге жетіп жығылады екен. Олардың жетеуі саяси, он төрті «А» корпусының, қалғандары «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері. Ал облыстың мемлекеттік органдарында мың алты жүзден аса әйел адамдар қызмет жасайды десек, бұл барлық мемлекеттік қызметшілердің жартысына жуықтайды.
Аталған мемлекеттік қызметшілердің жас құрамына тоқталсақ, отыз-қырық жас аралығындағылар отыз бес пайызға тең болса, қырық-елу аралығындағылар төрттен бірі, ердің жасынан асқандар да осынша мөлшерде көрінеді. Орда бұзар жастағы жеткіншектеріміз бес жүзден сәл-ақ астам. Бір өкініштісі, қырыққа жуық қызметкер зейнетке шықса да, жастарға орын беруді қаперлеріне алмайтыны қиын-ақ. Десек те, қызметкерлердің орта жасы 40,7-ні құрайды.
Мемлекеттік қызметкерлердің 3185-і жоғары білімділер дейтін болсақ, олардың 489-ы қос және одан да көп мамандық иелері саналады. Тіпті төрт ғылым докторы мен он бес ғылым кандидаты да бар. Қалғандары орта арнаулы мамандықтағылар. Екі қызметші «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алса, он тоғызы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітіргендер екен.
Департамент өткен жылы бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға тағайындауға байланысты 763 мемлекеттік қызметшінің жеке келісімдерін қарап, олардың 748-іне біліктілік талаптарына және заңдылық нормаларына сәйкес келуіне байланысты келісім беріліпті. Бұлардың 322-сі жоғары тұрған лауазымдарға, осыншасы сәйкес лауазымға, қалғандары төмен тұрған лауазымдарға ұсынылған. Өткен жыл басында жүз төрт маман резервте болса, жыл соңында ол жүз алпыс беске жеткен. Осы аралықта кадрлар қорынан жүз қырық үш резервші шығарылыпты. Олардың алпыс алтысы әкімшілік лауазымға орналасса, қалғандары заңдылықпен белгіленген мерзімдерінің бітуіне байланысты есептен шығарылған. Қазіргі таңда кадр қорында 126 резервші тіркеуде көрінеді.
Былтыр облыстың барлық деңгейдегі мемлекеттік органдарына 452 бос лауазымға конкурс өткізіліп, оған 737 адам қатысқан. Нәтижеде 368 үміткер аталған лауазымдарға орналасу құқына ие болған. Ал «А» корпусының іріктеуіне біздің облыстан алпыс екі үміткер құжат тапсырса, олардың елу алтысы тестке қатысқан. Бұлардан он тоғызы төмен нәтиже иеленсе, екеуі тесттен өте алмаған. Шекті мәннен жоғары немесе сәйкес нәтижеге қол жеткізген отыз жеті үміткердің жиырма алтысы мемлекеттік қызметші болса, қалғаны мемлекеттік емес сектордан екен. Осылардың отыз бесі ҚР Президенті жанындағы кадр саясаты жөніндегі Ұлттық комиссияда әңгімелесуден өтуге ұсыныс алып, іріктеу қорытындысында облысымыздан отыз ер, үш әйел адам «А» корпусының резервіне алыныпты.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес 2013 жылы «Б» корпусының бос әкімшілік лауазымына орналасуға тестілеуге 1536 адам қатысып, тең жартысына жуығы оң нәтиже көрсеткен. Басқа санаттар бойынша тест тапсырған 1325 адамның 613-і ғана тестілеуден сәтті өткен. Осы жерде айтар бір мәселе, тестілеуге қатысқандардың басым бөлігі бекітілген шекті мәнді жинай алмаған. Өйткені, соңғы жылдары тест сұрақтары барынша күрделендіріліп жіберілген әрі ондағы ҚР заңдары да көбейіп кеткен.
Өткен он екі айда облыстық тәртіптік кеңес қарауына 304 өтініш түссе, қаралған 269 арыз-шағымның отыз бесі құқық қорғау және мемлекеттік органдар қарауына жолданған. Тәртіптік кеңестің отырыстарында қаралған отыз мәселе тәртіптік істерге қатысты болса, он бір мәселемен мемлекеттік орган басшыларының ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңдары мен Мемлекеттік қызметшілердің «Ар-намыс кодексі» талаптарының сақталуы бойынша есептері тыңдалған.
Қаралған тәртіптік істердің нәтижесімен жиырма екі мемлекеттік қызметші және оларға теңестірілген адамдарға тәртіптік жаза қолданылса, он бесі атқарып отырған қызметінен босатылған. Жазаға тартылғандар арасында кент және ауылдық округ әкімдері, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері, құқық қорғау мен облыстық және аудандық жергілікті атқарушы органдардың, өзге де мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері бар.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.