Шабытты шаттық шеруі

Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Ұлттық салт – дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген болатын. Осы қағидаға сай ғасырға жуық тарихы бар М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінде «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын іске асыру мақсатында түрлі бағытта шаралар атқарылып келеді.  Сонымен қатар оқу орны ел өміріндегі маңызды оқиғаларға да өзіндік үн қосып келе жатқан ұжым. Колледждегі өнер ұжымының бүгінгі күні ерекше дайындалып, қатысқалы жатқан шараларының бірі – биылғы жылы жаңаша мазмұнда ұйымдастырылып отырғын балалар мен жастардың музыкалық ансамбльдерінің шеруі. Қазіргі уақытта елдің мәдени байлығы мен қазынасын таныстырудың, насихаттаудың түрі көп, соның бірі – осы аталған шеру болмақ.
Мұндай ауқымды деңгейдегі мәдени – рухани шараның белгілі бір идеясы, көздеген мақсаты болары анық. Аталған республикалық шеру мақсаты – жас ұрпақтың рухани – адамгершілік, эстетикалық, патриоттық сезімдерін қалыптастыратын шаралар арқылы олардың музыкалық мәдениеті деңгейлерін арттыру, ұлттық өнерімізді заманауи жаңғырта отырып, әлемдік музыка өнеріне кірігу. Балалар мен жастардың музыкалық ансамбльдерінің шеруін ұйымдастыруды өткізу бойынша тұжырымдамада да, түсінік хатта да осылай делінген. Аталған шерудің 1 маусымға межеленуінде үлкен мән бар. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні екендігі баршамызға мәлім. Бұл күн – балаларға қуаныш, шаттық, шабыт сыйлайтын мезет.
Жалпы шеру жайлы түсінігіміз қалыптасқан деуге болады. Кешегі Кеңестік кезеңде маңызды мерекелерде халықтың жаппай  шеруге шығатыны әлі аға ұрпақтың есінде. Бүгінгі күні де осы дәстүр заманға сай жаңғырып, түрлі бағытта шерулер өтіп жатыр. Ал, балалар мен жастардың музыкалық ансамбльдерінің шеруі – осындай шаралардың  ішіндегі ерекше түрі деп айтуға болады. Себебі, бұл шеру әр аймақтағы, оқу орындарындағы музыкалық ұжымдардың жетістігі арқылы  еліміздегі барлық білім беру ұйымдарын бірлікке, достыққа, ынтымаққа шақыратын рухани дүние.  Жас ұрпақтың шығармашылығын дамытып, талантын ұштаудың, эстетикалық тәрбие берудің де бірден – бір көзі.
Сонымен қатар ұлағат ұясында руханилықтың қос тұтқасы - білім мен өнерді қатар алып жүру – оқу ордасының ежелден қалыптасқан айнымас дәстүрлерінің бірі. Оның үстіне білім шаңырағы болашақ өнер саласы мамандарын дайындайтын болғандықтан да, бұл мәселеге тек руханилық жағынан ғана емес, кәсіби мақсатта да үлкен мән береді. Колледж қабырғасында талай өнер қайраткерлерінің талабы ұшталып, есімдері елге әйгілі болып жатқаны да шындық. Білім ордасының әр кездегі түлектері, өнер саңлақтары – Бақыт Әшімова, Надежда Лушникова, халқының «Ақбаяны» атанған аяулы Мәдина Ералиева, Күлән Қалымбетова, Ербол Шарипов, Гүлнұр Оразымбетова, Гүлхан Сіргебаевалардың өнердегі өзіндік сара жолы бүгін де жалғасуда.  
Рухани маңызды шараға колледж атынан екі өнер ұжымы қатысқалы отыр. Киелі өнер даласында сонау жетпісінші жылдары бәйшешектей бүр атып, заманалар ағымында жаңарып, бүгіндері халық көзайымына, елдің еркесіне айналған «Нұргүл» халық ән – би ансамблі бүгінгі күнге дейін халықтық атын сақтап, заманауи жаңарып, бай репертуарымен көпшілікке танылып келеді. «Нұргүлдің» сан – салалы жетістіктерінің барлығын тізіп жату мүмкін емес, десек те кейбіреуіне тоқтала кеткенді жөн көріп отырмыз. «Нұргүл» – бірнеше рет Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты атанды. Астанадағы Қызылорда күндерінің гала – концертінде өнер көрсетті. Н.Тапалова атындағы би ұжымдары мен жеке орындаушылардың «Назерке» атты І республикалық байқауының І дәрежелі «Диплом» иегері. Халықаралық «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фестивалінде «Түрксой» халықаралық Сертификатын иеленді. Алматы қаласында өткен «Россия в сердце» атты фестивальде орыс елшілігінің «Құрмет Грамотасымен» марапатталды.
ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және халықаралық студенттер күніне орай жоғары, орта арнаулы және кәсіптік – техникалық оқу орындары арасында өткен «Студенттік фестиваль-2016» байқауында топтық би сайысы бойынша І орын иеленді.  Сондықтан да,  республикалық маңызы бар рухани шараға қатысу - бұл ұжым үшін үлкен мәртебе және кәсіби парыз еді. Керемет өнер шеруінде «Нұргүлдің» бишілері ұлттық киімде «Шабыт» әуенінде қазақ билерінің элементтерінен құралған хореографиялық композицияны орындап шығуға дайындалып жатыр.
Қазақ өнерінің тума таланттарының бірі - Шара апамыз шабыттана билеген бұл өнердің құдіретін ертеңгі үйлесімді әдеміліктен ақ көруге болады. Олар бидің бекзат өнер, керемет көңіл қимылы, әсемдік, әдемілік екендігін паш етпек. Осы құбылыстың бәрін өз қимылдарымен шебер үйлестіре білген  биші қыздар да шерудің жарасымды сәні болады деп ойлаймыз.
 Балалар мен жастардың музыкалық ансамбльдерінің шеруін өткізу тұжырымдамасында  шеруге қатысатын әр өнер ұжымы өз репертуарын құрастыруға құқылы екендігі айтылған болатын. Осыған орай колледж атынан шығатын екі өнер ұжымы да алдын – ала өз репертуарларын талапқа сай жүйелеп алды. Өздеріне ыңғайлы шеру костюмдерін де әр өнер ұжымы өзі таңдады.
Өнер – халық мұрасы, ал, ән – сезім сыры, көңіл құдіреті!Білім мен өнер тізгінін тең ұстап, жас ұрпақтың рухани әлемін функционалдық  түрде дамытуда колледжде қалыптасқан «Япурай» хор ұжымының да үлесі мол. Студенттердің хорда ән айту шеберліктері мен дағдыларын қалыптастыруды, көп дауысты хор шығармаларын айтуды меңгертуді мақсат тұтқан аталған өнер ұжымы да бұл шараға қатысуға кәсібилік деңгейі жағынан дайын болып келді. Себебі, тәжірибелі ұстаз Көздібаева Сәуле Әбдіжәмілқызы жетекшілік ететін, құрамында 60 мүшесі бар хор ұжымының жеткен жетістіктері мен қол жеткен табыстары баршылық еді.
«Япурай» хор ұжымы 2013 жылдың сәуір айында Ақтөбе қаласында өткен республикалық «Дарынды шоқ жұлдыздар» атты байқауда хор номинациясы бойынша І орын алса,  осы жылдың қазан айында Алматы қаласында өткен республикалық Б.Байқадамов атындағы байқауда ІІІ орынға ие болды.
Сонымен қатар «Студенттер көктемі – 2015» байқауында  «Япурай» хор ұжымы І орын иеленсе, осы жылдың қараша айында Астана қаласында өткен «Astana classic» халықаралық классикалық саз байқауында І орын алды. Хор ұжымының концертмейстері Чебакова Юлия Анатольевна да өз ісінің кәнігі шебері. Хор ұжымы шеруге классикалық үлгідегі костюммен шығады, репертуарына  «Атамекен», «Солнечный круг»,  «Вместо весело шагаем», «Ақ көгершін», «Біз – Отанның ұланымыз», «Sinq, sinq, sinq» әндерін таңдап алды және нақышына келтіре орындап шығатынына сеніміміз мол.
Тағы бір ерекше айта кететін қуанышты жағдай – «Өнер» бөліміне қарасты «Музыкалық білім беру» мамандығы биылғы жылдың сәуір айында мамандандырылған аккредиттеуден өтіп, «Білім беру сапасын қамсыздандыру Тәуелсіз  Қазақстандық  Агенттігінің» арнайы Сертификатын  иеленді.
«Мұндай ауқымды шеру не үшін қажет, одан не ұтамыз?», - деген заңды сұрақ та туындауы мүмкін. Біріншіден, өнер ұжымдарының бірдей,бір мезгілде сап түзеуіоларды достыққа, ынтымаққа жетелейді. Екіншіден,мұндай шараға әр ұжым өз имиджін көтеру үшін барынша дайындалады, репертуарын жаңалайды, техникалық құралдар алады, яғни, материалдық – техникалық базасы жаңарады, жақсарады. Үшіншіден, шеруге бәрі де әдемі, сәнді болып шыққысы келеді, демек, жаңа костюмдер дайындайды. Төртіншіден, ұжымда танылмай келе жатқан жас дарындыларға үлкен қолдау жасалады, шабытының шыңдалуына зор мүмкіндік ашылады деген сөз. Бесіншіден, әлбетте, ұжымдар арасындағы өнер бәсекелестігі артады. Біз көбіне бәсекелестік ұғымын экономиканың даму динамикасымен өлшеп жатамыз. Мәдениеттегі бәсекелестіктің де жөні бөлек. Себебі, мәдени бәсекелестік орта қалыптасса ғана жаңа өнер туындылары дүниеге келеді, репертуарлар сапасы артады, рухани жаңарады.
Шерудің басты мақсаттарының бірі – ұлттык кодты сақтай отырып, заманауи жаңғыру болса, республикалық деңгейдегі мәдени – рухани шара осы талапқа  нақты жауап берері сөзсіз. Кең ауқымды бәсекелестік ортада өз деңгейлерін бағамдаған өнер ұжымдары сапалық жағынан өсіп, кәсібилік деңгейлері, мәдениеті  мұнан да артады деп ойлаймыз.Сыр елінде сәні мен салтанаты келіскен шаттық шеруі қаламызды  ғажайып сұлулыққа бөлейді, біз оның куәсі боламыз. Осынау ертегідей  әлем ішінде біздің өнер ұжымдарымыздың да бар екендігі баршамызды мерекелік мерейге, мақтаныш сезіміне бөлейді. Көпшілік көңілінен шығар жақсы іс алда да жарасымды жалғасын таппақ.

С.МАЛИМОВА,
ҚР Білім беру ісінің үздігі.
ҚОҒАМ 29 мамыр 2017 г. 765 0