МҮГЕДЕКТЕРДІ ҚОЛДАУ БАСТЫ ПАРЫЗ

Тағдырдың тәлкегіне түскен жарымжан жандарды қоғамға бейімдеп, олардың еңсесін тіктеп, өзгелер секілді өмір сүрулеріне қолайлы жағдай жасау – бүгінгі қоғамның басты талабы. Қазіргі сәтте  оларға  қолдау көрсету еліміздің саяси міндетіне айналуда. Оның бір дәлелі ретінде аймағымыздағы мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөнінде қабылданған 2013-2014 жылдарға арналған Жол картасы бағдарламасын айтуымызға болады. Аталмыш бағдарлама негізінде өткен жылы облыста бірқатар жұмыстар атқарылып отыр. 
Бүгінде кембағал жандар қатары өңірімізде 27 мыңнан асқан. Оның ішінде 2756-сы І топтағы, 11294-і ІІ топтағы, 9166-ы ІІІ топтағы мүгедектер. Жол картасы аясында 2013 жылы олардың емделуіне мол мүмкіндіктер жасалып, санаторий-курортқа 915 жолдама қарастырылған. Сондай-ақ, 1754 мүгедек кресло-арба, таяқтармен, балдақ және жетек арбалармен қамтамасыз етілген. «Алматы протез-ортопедиялық орталығы» АҚ-мен жасалынған келісім шартқа сәйкес 662 адам протез-ортопедиялық құралдардың 1067 түріне қол жеткізген. Оған қоса, 537 мүгедек сурдотехникалық құралдармен және есту протезінің көмегімен қамтылса, көз ауруына шалдыққан мүгедектерді тифлотехникалық құралдармен қамту мақсатында 5,4 млн. теңге қаржы бөлініп, бұл тұрғыдағы атқарылуға тиіс жұмыстар 93,8 пайызға орындалған. Ал, гигиеналық құралдарға қол жеткізгендер 2532-ні құрап отыр. Бұдан өзге, мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелердегі 692 адам мен мүгедектерге арналған оңалту орталығындағы 1205 мүгедектер мен қарттарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілген. 
«Мүгедек жандарға әлеуметтік көмек көрсетуден бөлек оларды қоғамдық шараларға қатыстырып, жұмыспен қамту біздің міндетімізге кіреді.  Осы уақытқа дейін 593 мүгедек хабарласса, оның 172-сі тұрақты жұмысқа орнастырылып, 208-і қоғамдық жұмыстарға, 43-і кәсіптік оқытуға, 19-ы жастар тәжірибесіне, 38-і әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді. Қамқорлықты қажет ететін мұндай адамдар үнемі назарда болып, олармен бірге сенбіліктер, мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылады. Мәселен, Тараз қаласында өткен отырып ойнау волейболының ІV чемпионатында 20 мүгедек спортшы жүлделі орындармен марапатталса, мүгедектер арасындағы пауэрлифтинг, үстел теннисі бойынша 32 адам жеңіс тұғырынан көрінді.   Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады», – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жазира Жылқышиева. 
Қазіргі таңда аймағымызда мүгедектердің әлеуметтік, көлік және рекреациялық инфрақұрылым нысандарына кедергісіз қол жетімділігін қамтамасыз ету жағдайы да жан-жақты қарастырылған. Өйткені, жүріп-тұруларына ыңғайлы көліктің болуы, нысандарға еркін кіруге жайлы пандустардың орнатылу жарымжан жандар үшін ең өзекті мәселелердің бірі болса, осы ретте кресло-арбалармен жүретіндердің қоғамдық көліктерге қолжетімділігі үшін өңірде «Байқоңыр» әлеуметтік корпорациясы мен «Астана Сан-Бао» ЖШС арасында аппарельдермен жабдықталған 20 автобус сатып алынып, қолданысқа  берілген. Сондай-ақ, кресло-арбаға таңылған 119 мүгедекке «әлеуметтік такси» қызметі де көрсетілуде. Сонымен бірге, жол картасы негізінде  білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт объектілеріне мүгедектердің қолжетімділігі үшін 37,85 млн. теңге бөлініп, біршама істер жүзеге асқан. Десе де, пандустар орнату мәселесі әлі де толығымен оң шешім таппай келеді. Өткен жылы пандус орнату бойынша 20 дәріхана мен 20 азық-түлік дүкені арасында бірқатар жұмыстар жүргізілген. Нәтижесінде олардың ішінде тек екі дәріхана мен үш дүкен ғана өз міндеттерін орындаған. Нашар көретіндерге арналған арнайы әдебиеттер саны да жыл сайын артып келеді. Мәселен, көру қабілеті төмендер үшін облыстық кітапханада  16400 еңбек болса,  өткен жылы 124 мың теңгеге 281 кітап сатып алынып қосылған. Үстіміздегі жылы 311 мың теңгеге 95 кітап сатып алынбақшы. Сонымен қатар, биыл 6 жол өткелін арнайы дыбыстық және жарықтық құрылғылармен жабдықтау жоспарлануда. 
Жалпы, мүгедектер мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында атқарылған тірлік жетерлік. Оларға жасалатын әрбір көмек еш уақытта толастамауға тиіс. Себебі, өмірдің тауқыметін тартса да,  басына түскен іске мойымай күн кешіп жүрген кемтар жандардың жайы қай кезде де алдыңғы орындарда болып, басты назарда болуы хақ. 
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
ҚОҒАМ 18 қаңтар 2014 г. 2 474 0