Облыстық «Сыр бойы» газетінің 2014 жылғы 9 қаңтардағы санында жарияланған «Кітапхана суық, клуб та құлып» атты сын мақалаға байланысты төмендегі жағдайды хабарлаймын. Мақалада Басықара, Құмжиек, Ақтан батыр ауылдық клуб, кітапхана меңгерушілері 2013 жылдың 31 желтоқсан күні жұмыс орындарында болмағандығы жазылған.
Басықара ауылдық клубының іргетасы 1965 жылы қаланған. Өткен жылы ауылдық клубтың материалдық-техникалық базасын нығайтуға қаржы бөлініп, музыкалық аппаратура, сахналық киімдер, орындықтар алынған. Сондай-ақ, күрделі жөндеу жұмыстарына да жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға есік-терезелері, шатыры ауыстырылып, кіші бу қазандығы орнатылған. Клуб іші жылы. Бу қазандықтары кезекпен жағылып, жылу үздіксіз берілуде.
Клуб меңгерушісінің 31 желтоқсанда жұмыс орнында болмағандығы 30 желтоқсанда ауылдық клубта жаңа жылға арналған мерекелік жиын өткізілген. Шарада Аяз ата, Ақшақар сынды басты кейіпкерлер киімдері аудан орталығынан жалға әкелінген. Ертесіне клуб меңгерушісі киімдерді өткізуге Әйтеке би кентіне кетіп, сүйемелдеушісі ауыл ішінен алынған басқа да заттарды тиісті жерлерге апарғандықтан жұмыс уақытынан кешігіп қалған. Ауылдық клуб жұмыс істеп тұр.
Қашақбай Пірімов ауылының клуб ғимараты 1985 жылы пайдалануға берілген. Кезінде кеңшар иелігінде болған ғимараттың бір жақ бөлігі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің теңгерімінде болса, екінші жақ бөлігінде ауыл әкімшілігі, пошта, учаскелік полиция бөлімшесі, кітапхана, ардагерлер бөлмесі орналасқан. Қазіргі таңда клуб үйінің үстіңгі қабаты пайдаланылмай тұр. Себебі ғимараттың тозығы жеткен, есік-терезелері, ғабырғалары бұзылған. Пайдалануға жарамсыз. Қаржы бөлінбегендіктен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Сынық терезелер бірнеше рет бүтінделген. Ал, қолданыстағы бірінші қабаттың терезелері бүтін, сырланған, бөлмелері ақталған. Көрермендер залында үлкен пеш орналасқан. Ауылдық клубқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында жоба-сметалық құжаттарын дайындауға және мемлекеттік сараптама қортындысы алуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, толығымен игерілді. Жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 22512 мың теңге бөлдіруге ұсыныс берілді.
Желтоқсанның отызында ауылдық клубта жаңа жылдың шарасы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Шараға ауыл әкімшілігі, балабақша, мектеп, емхана қызметкерлері мен ауыл тұрғындары қатысқан. Мәдени кешті өткізуге Әйтеке би кентінен музыкалық аппаратура, киімдер жалға алынған. Клуб меңгерушісі ертесіне жалға алған заттарды тапсыруға, сүйемелдеушісі ақылы қызметтің ақшасын өткізу үшін аудан орталығына кеткен. Ал, кітапхана меңгерушісі бірнеше күннен бері сырқаттанып жатқандықтан жұмыста болмаған.
Ақтан батыр ауылдық клубына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында жоба-сметалық құжаттарын дайындауға және мемлекеттік сараптама қортындысы алуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, толығымен игерілді. Жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 41780,2 мың теңге бөлдіруге ұсыныс берілді.
Ауылдық клубтағы жайт түскі үзіліске 1 сағат қалғанда анықталған. Клуб меңгерушісі клуб ауласына орналастырылған шырша маңында өтетін ауыл жастарының ойын-сауық кешіне қажетті заттар алу үшін 12.00-дегі жолаушылар автобусымен аудан орталығына кеткен. Ал, сүйемелдеушіге 14.00-ден-16.00-ге дейін «Балақай» балалар ойынын өткізу тапсырылған. Сол себептен 11.30-де түскі үзіліске ерте қайтарған. Мәдени шараны жоғары деңгейде өткізу үшін өз жұмыстарын осындай тәртіппен реттеген.
Ауыл кітапханашысы болса отбасылық жағдайына байланысты ауыл әкімінен, аудан орталығындағы басшысынан сұранып кеткендіктен жұмыс та болмаған еді.
Мереке күндері бекітілген кестеге сәйкес аудандағы барлық мәдениет ошақтары (ауылдық мәдениет Үйлері, клуб, кітапханалар) тұрақты түрде жұмыс жасады. Алдағы уақытта ауылдарда мәдени шараларды тиімді өткізу жұмыстары белгіленді.
Т.ЖYСІПОВ,
Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.