ЫБЫРАЙ ЖАҚҚАН ШАМШЫРАҚ

Осыдан 150 жыл бұрын, яғни 1864 жылғы қаңтардың 8-і күні Торғай төсінде тұңғыш қазақ мектебі ашылып, оған 14 бала тартылған болатын. Көптен асыл арманы болып келе жатқан бұл оқиғаға Ыбырай Алтынсарин  балаша қуанды. Сол жылғы наурызда өзі жиі хат алмасатын Қазан университетінің профессоры Н.И.Ильминскийге былай жазды: «Менің үнемі ұмтылған тілегім – қалай да пайдалы адам болып шығу еді. Ал қазір осыған қолым жетіп отырғанын ойласам, көңілім толық жұбаныш табады». Сөйтіп өз сөзімен айтқанда, ол балаларды оқытуға «қойға шапқан аш қасқырдай» өте қызу кіріседі.
Бұл мектептің ашылуына Ыбырай Алтынсариннің айрықша қуанатын реті бар еді. Ол 1860 жылға жоспарланып, бірақ 4 жылдан кейін зорға ашылды. Осы мектепке оқытушылыққа тағайындалған  Ыбырай осынша жыл күтуге мәжбүр болды. Бірақ ол қарап отырмай, өз үйінде үш-төрт баланы оқыта берді. 
Ең негізгісі бұл мектеп Торғай өңірінде ғана емес, бүкіл қазақ топырағында ашылған тұңғыш мектеп болатын. Осы бір қазақтың «тұңғыш» сөзінің өзгеден бөлек Ыбырай Алтынсаринге қатысты көбірек жазылуы оның тағдырының ерекшелігін айқындайды. Ол – тұңғыш кәсіби педагог-ағартушы, «қараңғы қазақ көгіне» тұңғыш шамшырақ жағып, халқын ана тілінде оқытқан ұстаз, тұңғыш «Қазақ хрестоматиясы» кітабы мен «Мұсылманшылық тұтқасы» атты оқулықтың авторы, тұңғыш қазақ балаларымен қатар қыздарға да білім беру, олардың бойына түрлі кәсіптік мамандық дәнін егуді  ұйымдастырушы және т.т. деп жалғастыра беруге болады.
Осылай өз халқының даму бағытын, шығар асуын, асыл мұратын  өнер-білімде деп таныған Ыбырай Алтынсаринді  көп мәселеде тұңғыш етіп, ерекше биікке көтерген факторларды, оның үш рухани бұлағын атап кетпей болмайды. Біріншісі, бойына барынша дарыған халқының рухани қазынасы. Екінші мен үшінші, Мұхтар атап көрсеткендей, Ресей арқылы Еуропа мәдениеті және Бұқара, Хиуа, Түркістан арқылы күншығыс мәдениеті. Бұл әлеуметтік құдіреттер Ыбырай Алтынсаринді өз заманының ірі тұлғаларына айналдырды.  
Мектептердің халықтық сипатта болуына ерекше мән бере отырып, Ыбырай Алтынсарин мектепті жақсылықтың, материалдық және рухани игіліктердің бастауы деп есептеді. Өзінің практикалық ісінде ол өзі ашқан мектептерде білімнің басты мұраты жас ұрпақты өмірге дайындауға, бейімдеуге, оларды адалдыққа, халықты сүюге, оған қызмет етуге, шаруашылыққа болысып, ата-анасына жәрдем беруге, еңбекке тәрбиелеуге бағыттады. 1883-ші жылы Торғай қаласыңда ашылған қолөнер мектебін (ремесленная школа) қазақ халқы өміріндегі «айрықша мәнді оқиға» деп атап, оны «қазақтардың нақты білімінің бастамасы» санады. Мектепте арнаулы программалық сабақтармен қатар, қосымша сабақ ретінде, балаларды қол өнеріне баулыды. Ауыл шаруашылығы мектебінде оқу ісі түгелімен тәжірибеге негізделіп қойылды, онда былғары илеу, сабын қайнату, май шайқау, құмыра жасау істері, ағаш-токарь, ұста-слесарь өнерлері үйретілді. Бау-бақша салу, мал шаруашылығы, егіншілік кәсібін үйрету де назардан тыс қалмады. 
Ұлы ұстаздың мектеп ісінде, өзіміз көріп отырғандай, жастарды қолөнеріне, ауыл тірлігіне үйретудің астарында оларды күнделікті тұрмысқа бейімдеу,  сондай-ақ білім мен тәрбие егіз деген үлкен идея жатыр еді. Бұл жастардың ертеңгі өмір сүрер жолын, мамандық бағытын айқындау да болатын. Оқу үдерісінде тәрбиені терең түсіну  әлемінің екінші ұстазы атанған әл Фарабидің тәрбиесіз берілген білімі аса қауіпті деген ойымен ұштасып жатыр еді.
Бүгінгі мектеп жүйесіне сәл-пәл ой тоқтатқанда осыдан бір жарым ғасыр бұрынғы ұстаздың кемеңгерлігіне таңғалмау мүмкін емес. «Тұңғыш» деген құдіретті сөздің мән-мағынасы тағы да ерекше ашыла түскендей болады. Біздің мәселені толығырақ жазып отыруымыздың бір себебі де осында. 
Халықтың қалың бұқарасын біліммен қамту үшін Ыбырай Алтынсарин мектептің ауылдарда, болыстарда, уездерде ашылуына ұмтылды. Және ауыл мектебі ауыл өміріне, болыстық мектеп болыстағы жағдайға сай құрылуы керектігіне назар аударды. Оның ойынша, ауыл мектептері үлгілі, тәртіпті, көрнекі, мәдениетті, бүкіл мәдени-ағарту жұмысының орталығы, «қазақтарды оқытудың негізгі буыны» болуға тиіс. 
Халық мектептерінің  тағы бір артықшылығын атақты ағартушы онда оқыған  адамдар өзінің туған жерінде қалады, сөйтіп, алған білімі қаншалықты аз болғанымен де айналасындағы халықтың экономикалық тұрмысына және олардың ой-пікіріне қалай да оң ықпалын тигізетінінен іздеді. Сонымен қатар, мектеп сенімсіз дүмше молдалардың барған сайын күшейе түскен өлшеусіз қанауларынан халықты қорғап отырды, сөйтіп қазақтың жас ұрпағы орыстың тілі мен жазуына мәдениет пен білімнің тілі деп қарайтын болады деген сенім білдірді. 
Ыбырай Алтынсарин мектепке ең керектісі оқытушы деп ұғынды. Тамаша педагогика құралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтары да, әбден мұқият жүргізілетін инспектор бақылауы да жақсы оқытушыға тең келе алмайды деп жазды. Ол мектепсіз байлық та, бақыт та, мұрат та жоқ дей отырып, осында алған ғылым мен білім адамды сол кездегі қазақ қоғамының жауы – надаңдықтың бұғауынан босатып, оның ойын өрелі өріске жетелейтініне берік сенді. Сол үшін ол өзінің бар қажыр-қайратын, бүкіл ұйымдастырушылық қабілетін молынан пайдаланды, өз кезінде қиялға ғана келетін істер тындырды. 
Соңғы ғасырларда мектеп көрген қауымның кез келгенінің жадында мәңгілік жазылып қалған  «Кел, балалар, оқылық» деп басталатын өлең де ғылым мен білімнің бар құдіретін ашып, әр уақытта осыған шақырып, осыған атойлап тұрған жоқ па? 
1879 жылғы 1 қыркүйектен Торғай облысындағы қазақ школдарының үстінен қарайтын инспектор қызметін атқарып, кейін осы облыстың инспекторлығына тағайындалған Ыбырай Алтынсарин 1889 жылы 17 шілдеде 48 жасында жүрек талмасынан қайтыс болғанынша қазақ даласында тұңғыш мектептердің ашылуын, олардың мәселелерін  сол кездің мүмкіндігінше шешуші, ұйымдастырушы бола алды. 
Ыбырай Алтынсарин өзінің 50 жасқа да жетпеген қамшының сабындай қысқа өмірінде қыруар жұмыс тындырды. Егер ол жұмыстардың барлығының тұңғыш ұйымдастырылғанына, әрі оның аса зор қиыншылықтармен жүзеге асқанына сәл-пәл қиялмен зер салсақ, халқының көкірек көзіне білім-ғылыммен сәуле түсіруді өзінің бар асыл мұраты санаған ұстаз әрі қоғам қайраткерінің қажымас белсенділігі мен ақыл-парасатына таңғалмау мүмкін емес. Сондықтан да ол қандай құрметке болса да әбден лайықты болатын. Оны ең бірінші сол кездері өзімен қызметтес болған, етене жақсы білетін орыс достары әдемі айтып кеткен-ді.
Өзі өмір сүрген кезден осы заманға дейін Ыбырай Алтынсариннің шынайы азамат, Сарыарқа төсіне тұңғыш шамшырақ жаққан жаңашыл  ұстаз, қажымас қоғам қайраткер ретіндегі  адами болмысын әдемі ашқан асыл сөздер мен ойларды санап шығу мүмкін емес. Бұл – халқының өзінің рухани әлеміне шамшырақ болған адал перзентіне деген көл-көсір ықыласы, кіршіксіз сезімі, шексіз алғысы. Өйткені ол  «... енді құдай басыма не салса да, мен күшімнің жеткенінше туған еліме пайдалы адам болайын деген негізгі ойымнан, талабымнан еш уақытта  да қайтпаймын» деген уәде үдесінен шыға білді. Аса мағыналы да  тағылымды ұстаз өмірі мұның айқын дәлелі бола алады. 
Әбдіжәлел БӘКІР, 
саяси ғылымдар докторы, профессор.
Астана қаласы.

ҚОҒАМ 18 қаңтар 2014 г. 3 085 0