Осы аптаның бейсенбісінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қызылорда қаласының 195 жылдығына орай аудандар жөндеуден өткізген аллеяларды аралап көрді. Мұндай көркем көрініске толы орындар қаланың барлық бөлігінде кездеседі.
Екі ғасырға жуық шежіресі тарих беттеріне қатталған Қызылорда соңғы уақытта өзгеше кейіпке еніп, бүгінгі заманға сай келбетке ие бола бастады. Осындай игілікті іске облыс аудандары да атсалысты. Қаладағы бірқатар аллеяларды жөндеуден өткізуге белсене атсалысты. Осылайша аймақ жұртшылығы Қызылорданың келбетінің жақсара түсуіне үлестерін қосты.
Облыс әкімі алдымен Жібек жолы көшесінің бойындағы «Астана» шағын ауданы маңындағы аралдық ағайынның тартуы саналатын демалыс орнын көрді. Облыс орталығына кіреберістегі жол бойындағы аллея алыстан-ақ менмұндалап көзге түсіп тұр. Аудан өкілдері бұл маңда 1000 шаршы метр аумаққа көгал төсеген. Сондай-ақ, аталмыш аумаққа 3 мың түптен астам гүл егілді. Демалыс орнындағы көше шамдары жаңаланып, орындықтар қойылды. Жаяу жүргіншілерге арналған тас төсемелері де жаңаланып, сәулеттік келбеті жаңара түскен. Ауданның өзіне тән тыныс-тіршілігінен хабар беретін кеме, якорь және шағын сәулет мүсіндері қойылып, өңірдің өзіндік ерекшелігі айшықтала түскен.
Аралдық өнерпаздар ұсынған театрландырылған көріністе де ертеден теңізден маржан сүзген еңбекші қауымның өмірі бейнеленді. Жағаға ұрған асау толқындар, күнделікті еңбегіне кіріскен балықшылар берекеге толы тіршілік ауанын аңғартып тұр. Қай кезде де теңіз маңындағы жұрт ауызбірлік пен татулықты ту етіп, толайым табыстарға қол созды.
Теңіз аумағында қоныс тепкен тағы бір аймақ – Қазалы ауданының жұртшылығы да мерейтойға тарту-таралғысыз келген жоқ. Қаланың тоғыз жолдың торабы орналасқан бөлігінде орын тепкен Жалаңтөс баһадүр ескерткіші маңындағы демалыс алаңы қайтадан жасана түсіпті. Бұл орында да бұрынғы сынған орындықтар қайтадан қалпына келтіріліп, ескірген көше шамдары жаңаланған. Электр желісі де жаңартылған. Сонымен қатар, ескерткіш маңындағы 150 шаршы метр тас төсемелері ауыстырылып, демалыс аумағына облыстың этнографиялық картасы қойылған.
Жұртшылық алдында қазалылық өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашты. Оған өлкеміздің тарихы мен аймақтың атын шығарған тұғырлы тұлғалар арқау етілді. Расында да, Қазалы топырағы барша қазақ үшін киелі өңірдің бірі.
– Қаншама айтулы азаматтар өмірге келген Қазалы өңіріне халық үлкен құрметпен қарайды, – деді облыс әкімі жиналған жұртшылық алдында. – Аудан халқына батыр бабамыздың ескерткішінің маңы бекерден-бекер ұсыныла қойған жоқ. Қазіргі күні ескерткіш аумағының келбеті өзгеріп, көркейту мен көгалдандыру шаралары ойдағыдай жасалғанына куә болып отырмыз. Осылайша облыс аудандары қаланың көркеюі мен жасануына өз үлестерін қосты. Келешекте Қызылорда қаласы еліміздегі әсем өңірдің бірі болады деп үміттенеміз. Бүгінгі таңда дарияның сол жақ бөлігін игеру шараларына мән берілуде. Жақын уақытта ол аумақта қаланың келбетіне көрік қосатын әсем ғимараттар бой көтермек. Сол маңда ғимараттарға қазақша ою-өрнектер салынып, жаңаша талаптармен жүргізіледі.
Сырдария ауданының жұртшылығы қаланың А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінің маңындағы демалыс алаңын қайта жаңғыртудан өткізген. Олар да көше шамдарын жаңалап, орындықтарды ауыстырған. Шағын сәулет мүсіндері қойылған. Гүл егуге де мән берілген. Жасалған жұмыстарды көрген облыс әкімі жылма-жыл күріш өндірісі жөнінен алдыңғы лектен табылып жүрген аудан еңбеккерлеріне толағай табыстар тіледі.
Облыс орталығындағы Қорқыт ата ескерткішінің маңындағы аллеяны Қармақшы ауданы жаңартуға көңіл бөлді. Түбі бір түркі жұртының ортақ абызына арналған құрметті орынды қармақшылық ағайынның жаңартуға көңіл бөлгені бекер емес. Қорқыт атаның мәңгілік мекені сол аумақта орналасқан. Қармақшы жерінде зеңгір көкке күнде қол бұлғайтын Байқоңыр ғарыш айлағы да орын тепкен. Облыс әкімі көпшілік алдында өңірдің осындай ерекшеліктеріне мән беріп, тілектестігін білдіріп өтті.
Әділжан ҮМБЕТ.