ТЕМІРЖОЛДА АБАЙ БОЛ!

Қызылорда жоларалық дистанциясының қарамағына қарайтын Жосалы станциясы мен 16-шы разъезд аралығындағы теміржол бойында барлығы сегіз станция бар. Осы станцияларда жергілікті адамдардың теміржол бойында бей-берекет жүріп, ірі қара малдарын қараусыз қалдырып, темір жол өткелдерінде автокөлік иелері жол ережелерін өрескел бұзу салдарынан пойыз қозғалысында жедел тежегіш қолдану фактілері өте көп болып жатқанын айтқымыз келіп отыр. Мысалға, үстіміздегі жылдың тоғыз айы ішінде 18 рет малдың, 41 рет адамның, 2 рет автокөлік иелерінің кесірінен жедел тежегіш қолданылды.
Қызылорда қаласы аумағының өсуіне байланысты, жаңадан салынып жатқан үйлер темір жол бойына жақын орналасқан. Осыған байланысты теміржолдың 20 шақырымдай телімі қала ортасынан өтеді. Оның ішінде, әсіресе, 2-ші мөлтек ауданы және ТЭЦ-6 аумағында адам өлімі мен мал қағып кету фактілері жиі кездеседі.
24 мамыр күні 2-ші мөлтек ауданының тұсында Ө.А.Д. атты 1991 жылы туылған жап-жас қыз бала пойыз астына түсіп қайтыс болды. Сондай-ақ, 2013 жылдың 20 қыркүйегінде Жалағаш станциясының тұсында 1991 жылы туылған Д.С.Ж. атты жас пойызға басылып дүниеден озды.
Осы жылдың 1 қазанында ішкі істер қызметкерлерінен Қызылорда қаласының бұрынғы ЦКЗ зауытының арғы жағында, яғни 2815 шақырымның темір жол бойында екі әйел мәйіті табылғанын хабарлады. Дистанцияның қызметкерлері, темір жол полициясы қызметкерлерімен басына барғанда 1990, 1992 жылы туылған екі жас қыздың мәйіті екені дәлелденген. Алдын ала болжам бойынша темір жол көлігінен алынған жарақаттан қайтыс болған деген дерек бар.
Облыс халқына айтарымыз, темір жолда жүргенде, мал баққанда абай болуды ескеріңіз. Ата-аналар жасөспірім балаларыңызға, теміржол ойын орны емес екенін, кішкене бір бөгде затты рельс үстіне қойып қызық көреміз деп, пойыз жолдан шығып кетіп қаншама адамның көз жасына қалып қоймау керектігін түсіндіріңіздер.
Қазір «Тұлпар-Тальго» үлкен жылдамдықпен жүретін жүрдек пойызы Алматы мен Атырау арасында қатынауына байланысты осы телімдегі бұрынғы қарауылы жоқ өткелдер қайта ашылып, көлденең тосқауыл орналастырып, қарауылдар қойылғанын автокөлік иелеріне ескертеміз. Осы өткелдерде қызыл белгі жанғаннан кейін, өткел кезекшісі міндетті түрде тосқауылды жабу керек. Пойыздың алыс-жақын тұрғанына қарамай, өз міндетін орындау олардың жұмысы. Кейбір автокөлік иелері «пойыз әлі алыста ғой, неге ерте жабасың» деп балағат сөздерді айтып, жол ережелерін өрескел бұзған кездер де көп болып отыр. Бұндай фактілерді жол полициясына хабарлауымыз керек екенін ескертеміз.
Пойыздың өтуін күтуде де абай болыңыздар. Теміржолға тым жақын тұрғанда, жылдамдықпен өтіп жатқан пойыздың тартылыс күшімен астына түсіп кету қауіпі бар. Сондықтан, қорытындылай келе айтарымыз, «Теміржол әншейін жатқан жол емес, пойыз тежегіш қолданса, тез арада тоқтап қалатын автокөлік емес екенін ескерте келе, темір  жол – қауіпті аймақ!» екенін тағы да бір қайталаймыз.
Сағатбек ТУМЫРЗАЕВ,
жол шебері.

ҚОҒАМ 14 қаңтар 2014 г. 1 403 0