Біздің ауданда, әсіресе, құм өңірінде – италиялық прус шегірткесі кең таралған. Олардың дәнді-дақылдарды, көкөністер мен бау-бақшаларды, жайылымдықтар мен шабындықтарды отайтыны баршаға белгілі. Шегіртке зиянкестері күн ыстықтаған сайын өсімдіктерден мол ылғал алу үшін онымен көп қоректенеді. Шегіртке дернәсілдері топырақтың беткі қабаты қызғанда ғана жер бетіне шығады. Жер бетіне шыққан дернәсілдері ересек шегірткеге ұқсас келеді, тек қанаты болмайды. Дернәсілдердің даму сатысы 30-40 күнге созылып, ересек қанатты шегірткеге айналады. Даму кезінде дернәсіл 4-5 рет түлеп, 4-5 жастан өтеді. Жандануы кезінде олар үйірленіп, олардың саны бір шаршы метрде жүз және одан да көп болады. Үйірлі шегірткелердің сандары көбейген кезде, алғашқыда дернәсілдердің жиынтығы, кейін олардан шегіртке үйірлері пайда болады. Жылына бір рет ұрпақ береді.
Шегіртке көбіне адам баласы мекендемейтін, техника бара алмайтын, мал көп жайылмайтын тың жерлерге, жайылымдарға, құмдардың биіктеу жерлеріне, өсімдік тамырларының арасына өздерінен бөлініп шығатын сұйық затпен топырақты қатайтып, күбірше жасап, оған жұмыртқа салады. Ол күбірше шегіртке тұқымының қыстап, көктем шыға дамуына қолайлы. Қатты ыстықты және құрғақшылық жылдары шегірткенің топырақ бетіне салған жұмыртқалары кеуіп қалса, салқынды және ылғал қоры мол болғанда жұмыртқалар көгеріп, саңырауқұлақ қоздыратын инфекциялардан өледі. Шегіртке дернәсілдеріне уақтылы өңдеу жұмыстары жүргізілмесе, алдағы жылдарда мыңдаған гектар жерге тұқымын жайып жіберуі мүмкін. Көбейген жағдайда егістіктер мен жайылымдарға, жер бетіндегі биомасса бөліктеріне қатты зиян келтіреді. Күніне ондаған шақырымға дейін ұшып, өсімдіктерді отайды.
Үйірсіз саяқ шегірткелерге қарсы күрес жүмыстарын жергілікті атқарушы органдар құзіретіне берілген. Шаруашылық құрылымдары аудандық ауыл шаруашылығы бөлімімен бірлесіп, мониторингтік зерттеу жұмыстарын жүргізіп келер жылға өңдеуге жатқызылған көлемдерін анықтау қажет. Бірнеше жыл қатарынан саяқ шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары сапалы жүргізілсе көбеюін тоқтата аламыз.