БІЛІМ ЖYЙЕСІНДЕ ЖАҢА ОЙЛАУ ДАҒДЫСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ МАҢЫЗДЫ

Қазақстанның «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы Елбасының 2012 жылғы қазан айындағы Жарлығымен құрылған болатын. Осыған орай еліміздің әрбір аймағында педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институттары құрылды. Оның мақсаты шетелдердің білім беру жүйесінің озық үлгілерін меңгеру арқылы ұстаздардың біліктілігін арттыру, осының негізінде өскелең ұрпақты заманауи білім нәрімен сусындату болатын.
Жуырда акционерлік қоғамның Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Баймырза Қожамберлиев Ұлыбританияда болып, қысқа оқу  курсын тәмамдаған болатын. Облысымыздың белгілі ғалымына жолыққан газет тілшісі осы сапардың мән-жайы, шетелдік оқу жүйесінің жай-жапсары туралы айтып беруін өтінген еді.
– Біз Ұлыбританияға қысқа сапар кезінде осы елдің білім беру жүйесімен, оның озық технологиясымен таныстық. Сонымен бірге, Ұлыбританияның тарихы мен мәдениетінен біршама мағлұмат алдық, – деді ол бізбен әңгімесінде. – Біз ат басын тіреген Рединг қаласы шағын, тып-тыныш қала екен. Алғашқы кезде Рединг университеті атақты Оксфорд университетінің бір бөлігі ретінде негізі қаланған. Ол 1926 жылы жеке өз алдына шаңырақ құрды.
Біліктілікті арттыру курсы кезінде біз университеттің белгілі профессор, доктор атағы бар оқытушыларының дәрістерін тыңдап, практикалық сабақтарын өткізу үрдістерімен таныстық. Курс барысында осы университеттің белгілі ғалымдары қазіргі заманғы білім берудің өзекті мәселелеріне байланысты дәрістер оқыды. Бірқатар жаңалықтарды меңгердік. Англияның мектептеріндегі сандық компьютерлік технология бағдарламасына қанықтық. Бұл бағдарлама бойынша оқушылардың жеке электрондық базасы жасалады. Электрондық базада әрбір оқушы туралы мағлұматтармен қанығуға болады. Оқушының жеке болмысы, оның мектепке деген көзқарасы, мұғалімдермен қарым-қатынасы, сабақ үлгірімі, тәртібі, тағысын-тағылар компьютерлік базаға енгізіліп отырады. Сонымен бірге әр мектептің өз веб-сайттары бар. Мектептің сайты арқылы ата-ана өз баласының оқу үлгерімін, тәртібін біле алады. Сондай-ақ мектептің сайты арқылы оқушылардың тыйым салынған сайттарға, айталық, экстремистік сайттарға енуіне тыйым салынады. Мектептердегі оқытылатын негізгі пәндердің қатарына ағылшын тілі, математика, жаратылыстану ғылымдары жатады.
Білім беру жүйесінде көпсалалы метрология, баспахана, бау-бақша кәсіпшілігі, археология мамандықтарына да басым бағыт берілген. Университеттегі ғылыми-зерттеу жұмыстарының 90 пайызы халықаралық деңгейде мойындалғанын атап өту ләзім. 
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды «2050 стратегиясы» арқылы дамыту міндеттерін белгілей отырып, білімнің деңгейін көтеруге айрықша мән бергені белгілі. Өзіміз жоғарыда атап өткеніміздей, ұстаздардың біліктілігін арттыру институты Елбасының Жарлығымен құрылды. Назарбаев зияткерлік мектебі де осы міндет аясынан туындап отыр. Демек, біз болашақта өскелең ұрпақтың санасына жаңа білім сапасын ендіру үшін өркениетті елдерден үйренуіміз қажет. Осы орайда өзіңіз барып келген оқу курсынан алған тағылымыңыз қандай?
– Рединг университетінде өткізілген оқу үрдістеріне байланысты бірқатар мысалдар келтірейін. Мысалы:
Доктор Берри Белингели «Қоғамдық сайттар және блогтар жасау» атты практикалық дәрісінде веб-сайт пен блоктар жасау кезінде дизайнның дұрыс жасалуының маңызды екенін атап өтті. Әдепкі дизайнмен жасалынған веб-сайттардың студенттерді оқу үдерісі кезінде қызықтыратынын атап көрсетті.
Доктор Джеймс Андерсон «Компьютерлік технология және инженерияның жүйелілігі» тақырыбындағы теориялық және тәжірибелік дәрісінде компьютердің дәстүрлі түрінен бөлек жаңа компьютердің жаңа жүйесін жасаудың үлгілерін көрсетті. Егер бұл компьютерлік жүйе іске асырылып, жолға қойылатын болса, ол компьютерлердің жұмыс жасау үрдісін бірнеше есе арттырады.
Доктор Мишел Рид өз дәрісінде академиялық құралдары жөнінде яғни, студенттерге оқу процесінде көмектесетін оқудың жаңа технологиясына тоқталып өтті. Сонымен қатар, ол осы әдістің бір белгісі ретінде оның бағдарламасымен таныстырды. Бұл бағдарлама бойынша студенттердің жазған курстық, дипломдық, магистрлік диссертациялары тексеріледі. Авторлардың басқа авторларға жасаған сілтемелері анықталады. Доктор М.Ридтің бағдарламасы бойынша өзіміз өткізіп жүрген курстарда тыңдаушылардың курсаралық іс-шараларын, мақалаларын, методикалық оқу-құралдарын және жинақтардың сапасын анықтауға мүмкіндік береді. Доктор Кэрлл Фуллер жаңалықтар дайындау үрдісінде электронды пәннің алатын үлкен орны бар екендігін атап өтті. Соның ішінде видеоның алатын орны ерекше, ол студенттердің білімін бағалау үшін маңызды. Университет рейтингін анықтауда студенттердің берген бағасының алатын орны айрықша.
Доктор Ричард Харрис білім беру тарихының маманы, ол тарих пәнін оқыту үрдісінде жаңа технологиялар мен әдістеме түрлерін заманауи тұрғысынан қолданудың ықтималды жақтарын ашып көрсетті. Ақпаратты – коммуникативті технологияны қолдана отырып, оқушыларды тарих сабағына ынталандырып, қызығушылық туғызып, олардың тарихи оқиғаларды ойлау жүйесі арқылы саралауды үйрету маңызды болып табылады. Оқытудың технологиясы біздің ойымызша жаңаша ой жүйесін қалыптастырады. Оқушыларға тарихи оқиғаларды тек қана факті түрінде ғана емес, болған оқиғалардың себеп-салдарын анықтауға мүмкіндік береді.
Мысалы, доктор Харрис тарихи шайқасты былай түсіндіреді. Бұл шайқаста неліктен ағылшын армиясы жеңіліске ұшырады? Біріншіден, оқушы бұл шайқастың болу себептерін білуі тиіс. Яғни, сол кездегі ағылшын-француз қарым-қатынастындағы салқындылық, ағылшын еліндегі алауыздылық. Екіншіден, ағылшын королінің қателігі, яғни, корольдің армияның әскери рухын көтере алмағандығының әсерінен армияның босаңсуы. Yшіншіден, француз қолбасшыларының көшбасшылық қасиеттерінің толық ашылуы – міне, осындай қарапайым әдістерді қолдана отырып, оқытушы тақырыптың аясын кеңінен ашып көрсетеді. Р.Харристің пікірінше, оқушылардың қабілеттерін асықпай жүйелі түрде дамыту қажет. Тарих сабағында мүмкіндігінше оқушыларды тарихи оқиғалармен қызықтырған жөн. Тарих сабағында белгілі бір оқиғаларға байланысты тұсаукесер рәсімін өткізгенде оқушыларды қызықтыратын фактілерге сүйену керек. Доктор Р.Харристің дәрісінен түйіндеген бір ойымыз, олар болған оқиғаларға баға бере алмайды, тек қана тарихи фактілерді көрсетеді.
«Тарихи орындарды қалпына келтірудегі технологиялық әдістерді қолдану» тақырыбында дәріс оқыған, доктор Мэттью Николас өз дәрісінде жаңа технологияның негізінде ертедегі Римнің ЗД моделін ұсынды. Бұл әдісінің кәсіби түрде мектепте кеңінен қолданылатындығын атап көрсетті. ЗД моделін пайдалану арқылы оқытудың жаңа технологиясына жол ашылады. Осыдан мыңдаған жыл бұрын өмір сүрген, бірақ қирап қалған ертедегі антика дәуіріндегі қалаларды заманауи тұрғыда қалпына келтіру және сол қалаларды оқушылардың виртуалды түрде аралап көріп, саяхат жасауы технологияның жаңалығы болып табылады. Доктор М.Николас ертедегі Рим қаласындағы Людвик сарайының ЗД моделін көргенде оқушылардың қызығушылық танытқандығын атап өтті. Доктор Н.Николас ЗД моделін оқу бағдарламасына енгізуді дұрыс деп санайды. Біз де осындай ойда қалдық.
– Баймырза  Қожамберліұлы, ағылшын халқы әлемге өркениет үлгісін ерте қалыптастырған ұлттың бірі. Осы орайда ұлттың ерекшелігі қандай деген сауалға жауап іздеп көрдіңіз бе? Yйренетініміз не? Біздің салт-санамызға кереғар көріністерді байқадыңыз ба?
– Рас айтасыз. Yйренетініміз көп. Ұлыбритания – бай мемлекет. Осы байлыққа өркениет үлгісімен дамыған үлкен білім арқылы жетті ғой деп ойлаймын. Халықтың еңсесі көтеріңкі, олар өзіне де, өзгеге де жауапкершілік деген ұғымға қатысты түсініктері өте айқын. Студент жақсы оқыса, стипендия алады. Әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілгендерге университет тарапынан көмек беріледі. Жалпы, британ халқы дәулетті тұрады. Мысалы, зейнеткерлер зейнетақысына жыл ішінде бір-екі рет шетелге барып демалып қайтуына мүмкіндігі толық жетеді. Жалақы да жоғары. Сонымен бірге, британ елінде коммуналдық қызметтің бағалары өте жоғары. Сондықтан халық ысырапқа жол бермейді, барлығын үнемдеп жұмсайды. Міне, осы тұрғыдан келгенде біздің Батыс өркениетінен үйренетін нәрсеміз көп. 
Халықтың патриоттық рухы жоғары. Ұлттық дәстүрге, мемлекеттік мәселеге келгенде рухани тәрбиеге қатты мән беріледі. Бір байқағаным, британ халқында бұрынғы өздеріне отаршыл езгіде болған халықтарға деген айрықша құрмет сезімі қалыптасқан. Мысал үшін, мен тілдескен ағылшындар: – «Біз ұзақ жылдар бойы үнділіктерді, пакистандықтарды және басқа да халықтардың жерін басып алып, байлығын тонадық. Осы зорлық-зомбылықтың өтемі үшін біз қазір оларға құрметпен қараймыз. Ұлыбританияға келген әлгі елдердің өкілдері болса, оларға бірінші кезекте мемлекеттік көмек қолын созуға дайынбыз. Осылай істеліп те жатыр» деген еді. Қандай керемет құрмет десеңші! Ал, бізде ше? Күні кеше ғана  Одақтың тарап, империяның құлауына байланысты өткенді аңсап, арман етіп жүргендер қаншама? Мен Редингте болған күндері нәсілшілдікке қарсы күрестің көсемі болған Нельсон Манделаның қайтыс болуына байланысты Ұлыбританияда оған айрықша құрмет көрсетілді. Теледидардан үздіксіз хабарлар ұйымдастырылды. Африкадан тікелей хабар берілді. 
Тұрмысынан абыржушылық, әлденеге көңілі толмаушылықты байқамайсыз. Бұл жалпы халықтың ғасырлар бойы қанына сіңісті болған қасиетінен шығар деп ойламын. Бірақ, оқу ақысы біздің деңгеймен салыстырғанда өте қымбат. 
– Жуырда  облыс әкімі облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын қабылдады. Стратегияда білім жүйесіне қатысты бірқатар міндеттер айқындалған. Білім жүйесін жаңғыртуға байланысты белгілі ғалым ретінде қандай пікір білдірер едіңіз?
– Ұлыбританиядан оралысымен мен стратегияның мазмұнымен танысып шықтым. Барлығы бүгінгі уақытпен үндесіп жатыр. Сол стратегияда аталып өтілгеніндей, біз бәсекеге қабілетті экономиканы құруымыз үшін жоғары білімді кадрларды еңбек нарығында болатын құрылымдық өзгеріске сәйкес дайындауымыз қажет. Облыста қазір техникалық мамандарға тапшылық байқалады. Ал, Елбасы елімізді индустрияландыру міндетінің сара бағыт-бағдарын айқындады. Оны жүзеге асыру үшін білікті мамандар қажет екені өзінен-өзі түсінікті. Стратегияда аталып өтілген облыстағы маңызды стратегиялық бағыт кәсіптік-техникалық білімді дамыту, экономика қажеттілігіне сай жоғары білікті кадрларды дайындауға қабілетті колледждер мен тренингтік орталықтарды құру маңызды болып табылады. Озық жоғары білім жүйесі болмай, біз экономиканы ілгерілете алмаймыз. Стратегияда Қорқыт ата атындағы университетті дамыту міндеті де айқындалған. Осының бәрі сайып келгенде, еліміздің алдында тұрған «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асырудың басты бағыттары болып табылады.
Жалпы біз нарық экономикасына тереңдеп енген сайын әлемдік тұрғыдағы жанкешті бәсекелестікке төтеп беруіміз қажет. Бұл сайып келгенде, білім жүйесіндегі жаңа ойлау дағдысын қалыптастырумен тығыз байланысты. «Қазақстан - 2050» стратегиясының басты мақсаты да осы.
Әңгімелескен, Ж.ӘЛМАХАНҰЛЫ.

ҚОҒАМ 11 қаңтар 2014 г. 1 750 0