Жалғызбасты әке. Ол кім? Әйелсіз үйге амалсыз бас-көз болып отырған азамат па? Олар күндерін қалай көруде? Жыл өткен сайын қоғамымызда жалғызбасты әкелердің саны артып келеді. Әр әкенің түрлі мәселесі бар. Біреуі баспанаға зар болса, енді бірінің материалдық жағдайы нашар болса, келесісі тәрбие мәселесінде ақсап жатады. Жалғызбасты ана деген тіркеске құлақ етіміз үйреніп кеткенімен, кейінгі кезде жалғызбасты әке дегенді де еститін болдық. Ананың орнын әке, әкенің орнын ана баса алмайтыны анық. Бала үшін асқар тауы – әкесімен бірге ананың аялы алақанында өскені бір бақыт. Алайда, өмір болған соң бәрі де болады. Бүгінде тұл жетім де, жартылай жетім де қоғамымызда жетіп артылады. Жастардың үйлену көрсеткішін ажырасып жатқандар да өкшелеп келеді.
Елімізде қазір жалғызбасты аналар саны 445 мыңнан асып жығылса, жалғызбасты әкелер саны 42 мыңға жуық екен. Ал облыста олардың саны мыңға жақын. Облыстық әкелер кеңесінің төрағасы Арман Қаржаубаевтың айтуынша, әкенің қоғамдағы орнын айшықтауда өткен жылы бірқатар іс-шаралар жүргізілді. Мәселен, әр білім беру мекемелерінде «Менің әкем» тақырыбында сурет салудан, шығарма жазудан сайыстар ұйымдастырылыпты. Облыста құрылған әкелер кеңесінде отбасындағы әкенің мәртебесін көтеру, бала тәрбиесі секілді мәселелер жиі талқыланып тұрады. Дегенмен, жалғызбасты әкелердің отбасы жағдайы, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын осындай азаматтардың жай-күйіне әлі де толық зерттеулер жүргізілмей келеді. Олардың күнделікті күйбең тіршілікте кездесетін кедергілері, бала тәрбиесіндегі қиындықтарына ешкімнің басы ауырмайтын секілді.
Қоғамдағы осындай топ өкілдеріне жататын әкелер отбасындағы бала тәрбиесінде көптеген қиыншылықтарға тап келетіні де жасырын емес. Расында, қазақтың ерлері түздің адамы болып келген. Олар қашанда отбасы мүшелеріне нан тауып берудің қамымен жүрді. Ал қазір мүлдем өзгерген заман. Өтпелі кезең қоғамда әкенің мәртебесін төмендетіп жібергенін білеміз. Қиын кездері аналарымыз базар жағалап кетсе, әкелер үйдегі тірлікке бас-көз болып қалды. Үй ішіндегі бітпейтін ұсақ-түйек шаруаларды жасауға көбіне ер адамдардың шамасы жете бермейді. Бұл «қасқырды үйде байлап ұстағанмен» тең. Алайда, ондай әкелер бауыр еті баласының бақыты үшін барлық жағдайда сыр бермеуге тырысады. Тіпті, біреуден қол жайып көмек сұраудың өзіне намыстанып, балаларын өздері асырап жүрген әкелер де бар.
Жалғызбасты әкелердің тағдыр бұйыртқан соқпағы сан түрлі. Мәселен, кейбір ерлі-зайыптылардың дәм-тұзы жараспай өмір жолы екіге айырылып жатса, кейбіреулерін ажал айырады. Айтып келмейтін жол апаты, көлденең келген кесел де шаңырақтың ұйытқысы болған жарынан көз жазып қалуға себеп болып жатады. Бірақ, өлгеннің артынан өлмек жоқ. Балаларын тастап кетіп жатқан аналар да аз емес. Өмір онымен тоқтап қалмайтыны да рас. Ер кісінің ас үйде жүргені аянышты, әрі оның мінезі әйелге ұқсап, ұсақ-түйекшіл болып кетуі де ықтимал. Алайда, шарасыздық пен қажеттілік – дүниедегі үлкен күш. Психолог мамандардың айтуынша, өмірлік қосағын жоғалтқандардың күйзелістен арылуына 1 жылға дейін уақыт керек болады екен. Осы уақыт аралығында оған демеу болып, қолдау көрсетпесе, ешқашан осал жерін көрсетпейді деген ер-азаматтарымыздың ауыр сынды көтере алмай сынып кетуі де ғажап емес.
Жалғыздықтың не екенін қала тұрғыны Садық Сержанов та жақсы біледі. Белгілі себептермен аты-жөні өзгертіліп алынған кейіпкеріміздің бірінші зайыбы балаларының жас кезінде ауыр науқастан дүние салады. Алайда, артында қалған екі ұлы мен бір қызының тағдырын ойлаған әке оларға ананың аялы алақаны жетіспейтінін сезеді. Ол кезде жалғыз қызы екінші сыныптың оқушысы еді. «Ер адам үшін қыз баланың тәрбиесінде кездесетін қиындықтар көп болады. Сондықтан екінші рет үйленуге тура келді. Ол әйелімнен бала сүйе алмадым. Балаларымның туған анасындай болған қосағымнан он жылдан кейін тағы айырылып қалдым. Төтеннен келген ажал бәрібір алып кетті. Қазір балаларымның барлығы үйлі-баранды болды. Шүкір, немерелерім де бар. Енді көз қуанышым балаларымның амандығын ғана тілеймін. Маған бұйырған тағдыр осындай болған шығар»,–деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.
Иә, расында тағдыр тәлкегімен өмірде жалғыз қалудан қорқынышты ештеңе жоқ. «Әкесіз жетім – жарты жетім, анасыз жетім – тұл жетім» деген аталы сөздің астарын жақсы түсінетін жалғызбасты әкелер балаларына ана бола алмайтынын біледі. Дегенмен, балаларының жетімдік зардабын тартпауын тілейді. Қоғамда әлі де болса оларға көбірек көңіл бөлініп, тиісті көмектер көрсетілсе дейміз. Үлгілі отбасы ретінде балаларын бағып-қағып отырған осындай намысты ерлерімізді мақтан етуге де болады. Тағы бір айта кетерлігі, біздің елде отбасын тастап кеткен әкелер ай сайын алимент төлеп жатады. Ал, дәл осындай қылық жасаған аналарды да заң жүзінде жауапкершілікке тартып, ақша төлету бізде әлі қолға алынған емес. Мүмкін, бұл безбүйрек аналарға сабақ болар? Өз құрсағынан шыққан баласын күйеуіне тастап, қара басының қамын ойлап кеткен аналар да бар. Мұндай көріністің қазаққа да жат емес болып бара жатқаны өзекті өртейді.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.