АЛҒАШҚЫ БАСҚАРМА

Бұрынғылар «Өмірдің басы тәтті, аяғы қатты» деген екен. Осы сөздің мән-мағынасына біздің буынның енді ғана қанығып жатқан жайы бар. Бұл бізден бұрынғылар үшін бұлжымас қағида болатын. Біздің бүгінгі әңгімемізге алтын жіптей арқау болып отырған Өтеп басқарманың шыққан тегін таратып айтар болсақ, әкесі Өтеғұлдан өзінен бір жас үлкен Өтепәлі, одан кейін Қораз, Алтынсары, Аман сияқты інілері болады. 
Осындай бір ауылға аға болған, алдыңғы буынның бірі де бірегейі Өтеп Өтеғұлов еді. Бұрынғы №10 ауылда (Бөген ауылдық округі) дүниеге келген Өтеп атамыздың туыстарының қолында сары майдай сақталған құжаттары оның 1883 жылы туылғанын айғақтайды. Кіндік қаны тамған жері Қаратүп өңірі болса керек. Өйткені, Өтекеңнің туыстары, інілері ежелден үлкен Қаратүп пен кіші Қаратүптің арасын жайлаған. 
Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдары тылдағы елге де оңай тимегені аян. Әсіресе, Қиыр Шығыстан, қиырдағы Кавказ тауларының тұс-тұсынан кең- байтақ Қазақстанға, оның ішінде Арал теңізі жағалауына көптеген босқындар еріксіз көшіріліп әкелінді. Олардың талайы Аралдан жаяулап-жалпылап Бөген ауылдық округінің құрамындағы біздің бүгінгі кейіпкеріміз Өтеп Өтеғұлов басқаратын Қаратүп колхозының қосын жекті, осы жерде ұрпақ сүйді. Жергілікті қазақтармен тонның ішкі бауындай араласып, жеңісті жақындатуға лайықты үлестерін қосты. 
Өтеп басқарма соның бәрінің тілін тапты, колхоз жыл сайын табысқа кенелді, балық аулау жоспары артығымен орындалып отырды. Қосымша шаруашылықтағы төрт түлік мал басы көбейді. Аупартком өкілдері колхозға келген сайын соны бір жаңалықты көріп, жоғары жаққа Өтеп басқарма жайлы бабын қиюластырып ұдайы баянхат жазып жатады екен.
Аудандағы ең тәжірибелі, ең табыскер басқарма Өтеп Өтеғұлов атанады. Өтеп басқарманың елге аян еңбек жолдарын таратып айтар болсақ, 1929 жылы Арал өңірінде ашылған алғашқы артельді басқарады. Теңіз жағалауын мекен еткен бұл артельдің алғашқы мүшелері Сайлаубай Жалмағамбетов, Жаппарберді Өтепбергенов, Әлимағамбет Шерімов, Аңдызбай мен Қазыбай Өтеповтер, Жүсіп Тәшебаев, Ахмет Балымбетов сияқты осы өңірдің тәжірибелі балықшылары болатын. Колхоз орталығы кіші Қаратүпте.
Сонан Қаратүп колхозының ізімен ауданда іле-шала Ленин, Сталин, Қарашалаң, Бөген, Тастүбек, Райым, Бірлестік, Шөмішкөл балық колхоздары бірінен соң бірі шаңырақ көтеріп, отау тігіпті. Бұл жөнінде қолымыздағы тарихи деректер төмендегіше сыр шертеді. 
«Отызыншы жылдары Арал ауданында балық кәсіпшілігі өте жылдам өркендеді. Аудан көлемінде 18 балық колхозы ұйымдастырылды. Оның басы-қасында Өтеп Өтеғұлов, Шәріп Ранов, Қарасай Шоқанов, Уәйіс Қосымовтар болып белсенділік танытты».
Сонау 1925 жылы Арал мемлекеттік балық тресі ұйымдастырылады. Сонан кейін арада төрт жыл өткенде балықшылар серіктестіктері мен артельдері бой көтере бастады. Әуелі Қаратүп балықшылар артелі атанған ұжымның кейінірек аты мен заты колхоз болып өзгертілді. Мұсылманша, орысша біркелкі сауаты бар Өтеп Өтеғұлов басқарма төрағалығына сайланғанда қырық алты жаста болатын. Колхоз мүшелерінің бәрі жергілікті ауыл адамдары, өзінің туыстары. Соғыс жылдары бұл колхоздың ауыр жүгіне иығын тосқандар қатарына жер ауып келген қалмақтар, кәрістер көптеп қосылды. Олардың басты жұмысы балық аулау пунктінде, мұзқалада болатын.
Өтеп басқарманың тұсында Қаратүп балықшылар колхозының экономикалық ахуалы әжептәуір көш түзеді. Жергілікті кәсіп иелерінің еңсесі тіктелді, ел жаңарып, жаңғыра бастады. Колхоз орталығында бой көтерген радиостанса саңқылдап «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызды». Табысы тасыған колхоз балықшыларға біртіндеп қам кесектен көпүйлік пәтер салуға кірісті. Отызыншы жылдары ауыл мәдениеті мен тұрмысына айрықша көңіл бөліне бастады. Сауатсыздықты жою қарқынды жүргізіліп, бұрын әріпті қара деп танымайтындар аудандық «Екпінді балықшы» газетін қолдан қолға тигізбеді. Ішіндегі ежелеп оқу дәрежесіне жеткені оқиды. Қалғандары мұқият құлақ түреді, көңіл тезіне тоқиды. Ауылда сауатсыздықты жою осылай басталған. 
Сөйтіп, айналасы азғантай жылдың ішінде Қаратүп колхозының атағы аудан асып, облыста алдыңғы қатардан көрінді. Тасы өрге домалаған колхоздың басқарма төрағасы Өтеп Өтеғұловтың есімі аудан, облыс басшыларының дуалы ауыздарына ілінді.
Өтеп басқарманың Орынбасар есімді ұлы, Киев, Дина атты қыздары болады. Біздің айтайын дегеніміз, Киев апамыздың есіміне байланысты. Қазаққа таңсық есім. Біз үшін де бұл жұмбақ болатын. Мұның сырын Ұлы Отан соғысы жылдары он үш жасында осы колхозға мүше болған менің әкем төмендегіше тарқатты:
– Өтеп Өтеғұлов менің нағашыларым еді. Кешегі елуінші жылдардың орта шенінде бақилық болғанша Қаратүп колхозында ғұмыр кешті. Ұзақ жылдар Өтеп осы колхозды, онан кейін Қарашалаң, Бөген және басқа бірнеше балық колхоздарын абыройлы басқарған болатын. 
Ал, асылдың тұяғындай, алтынның сынығындай болған қызы Киевке осылай ат қоюының себебі де қызық. 1936 жылы Кеңестер Одағының дәстүрлі бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесі Украинаның астанасы Киевте өткізілетін болады. Осы көрмеге Қазақстаннан қатысатын делегаттар құрамына Қаратүп колхозының басқарма төрағасы Өтеп Өтеғұлов құрметпен енеді. 
Ауданның сол кездегі басшысы Н.Е.Бабкин Аралдан ат сабылтып алыстағы Украина астанасына аттанатын Өтеп басқармаға сары алтындай сазанды тізбектеп аталмыш көрмеге апаруды аманат етеді. Аралдың алтынға бергісіз балығы қай жерде де бағалы. Бармақ басындай сап-сары қабыршақтары күн нұрымен мың сан құбылған Қаратүп колхозының сазандары туысқан украин халқының тәбетін ашқызған көрінеді. Сөйтіп, сапардан ауылға аман-есен оралғанда Өтеп басқарманың қосағы Салтанат анамыз айы-күні толып босанады. Дүниеге келген бүлдіршін бөбегін алақанына салған Өтекең оған Киев деп ат қойып, айдар тағады. Аң-таң қалған ауылдастарына бұл есімді қызына қойған себебін Киев қаласына байланыстырып баян етеді. Сол Киев бұлғаңдап бойжетеді. Кейін тұрмыс құрады. Киев апамыздың ұлы, Өтеп басқарманың жиені Нұрсұлтан қазір Алматы қаласында тұрады. Үйлі-баранды. Белгілі кәсіпкер. Ал, Өтеп басқарманың кіші қызы Дина Жаңақорған ауданында өмір кешуде. 
Еңбегімен еліне елеулі, халқына қалаулы болған Өтеп басқарма 1955 жылы 72 жасында Қаратүп колхозының бұрынғы орталығы Көнебөген ауылында бұл пәниден өтеді. «Орнында бар оңалар» деген. Артында елі үшін еткен еңбектерін кейінгі буынға жеткізуге талаптанған ұрпақтары қалды. 
Ауданымыздағы алғашқы колхозды ұйымдастырған, колхоздастыру ісінің білгірі атанған Өтеп Өтеғұловтың есімін Арал қаласындағы бір көшеге еншілесек, нұр үстіне нұр емес пе? Бұл өткенімізді құрмет тұту, келешек ұрпаққа өнегелі іс болған болар еді.
Толыбай АБЫЛАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

ҚОҒАМ 11 қаңтар 2014 г. 1 210 0