Жыл басында "Жолаушылар тасымалы” АҚ шығынды азайту мақсатында темір жол көлігі мен жолаушылар тасымалына арналған тарифтердің өсетінін хабарлады. Бұған қоса, еліміздің бірқатар өңірлерінде коммуналдық қызмет көрсету нысандары бағаның өсетінін жария етті. Айта кетейік, біздің аймақта жолаушылар тасымалы, жарық пен жылу және сумен жабдықтау саласында ондай өсім әзірге орын алған жоқ.
Иә, өңірдің коммуналдық қызмет секторында баға қымбаттаған жоқ. Бұл туралы бізге ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Қашақбайұлы айтып берді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда қаламыздағы қос жылу орталығы біріктірілген. Облыс орталығын жылумен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын жылу бағасын үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан 62 пайызға өсіру туралы ұсыныс беріпті. Нақты кезеңде бұл ұсыныс сараптамадан өткізілуде. Нұрлан Пірімовтің жеткізуінше, аймақ басшысының шешімімен биылғы жылу маусымында жылу бағасы қымбаттамайды. Мұндай шешімді қабылдауда облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың елеулі ықпалы болғанын ерекше атап өткен жөн.
– Жылу тарифіне ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап өзгеріс енуі ықтимал,” – дейді департамент басшысы. Оның пікірінше, жылу құны қазіргі бағасынан 12,8 пайызға, ал жалпы тұрғындар үшін 8 пайызға қымбаттауы мүмкін. Бұл келесі жылу маусымында ғана бағада өзгеріс болады деген сөз.
Енді электр энергиясына келейік. Облысымыздағы электр таратушы компаниялар қаңтар айының соңынан бастап электр энергиясының бағасын өсіруге өтінім беріпті. Оларды мұндай қадамға не итермелеп отыр?
Облысымыздағы электр энергиясын тасымалдаушы 3 компанияның тарифтерінің көтерілуіне 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап электр станцияларындағы өндірілетін электр энергиясы бағаларының өсуі әсер етіп отырған көрінеді. Біздегі жабдықтаушы компаниялар электр қуатын өзіміздің "Қызылордажылуэлектрорталығы” МКК-нан, сондай-ақ Екібастұз бен Жамбыл ГЭС-нен сатып алып, тасымалдайды. Ал, олар ел Үкіметінің 2009 жылғы қаулысына сәйкес, жаңа жылдан бастап өнімнің бағасын өсіріп отыр. Энергиямен қамтамасыз ету саласындағы тарифтер өсуінің амалсыз шара екенін айтқан департамент басшысы оның басты себебі ел Үкіметінің қаулысымен электр энергиясын өндіруші станцияларда бағаның жоғарылауы екендігін оның үстіне, "КЕГОК” АҚ тасымал құнын қымбаттатып отыр.
Осы орайда Үкімет те қарап қалмай, бірқатар шаралар қабылдап, модернизациялау жұмыстарына инвестиция тартып жатқанын атап өткен жөн.
Ендігі жерде электр қуатына аз төлегің келсе, көп үнемде деген қағиданы ұстанғаннан басқа амал жоқ сияқты.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.