Қызылорда облыстық сотының мәжіліс залында Қызылорда облысы соттарының 2017 жылдың 3 айында сот әділдігін жүзеге асыру барысында атқарған жұмыстарының қорытындысы бойынша кеңейтілген кеңес өтті.
Іс-шараға Қызылорда облыстық сотының төрағасы, облыстық соттың алқа төрағалары, облыс судьялары, соттар әкімшісі басшысы қатысты.
Кеңейтілген кеңес жұмысын аша отырып, облыстық сот төрағасы Н.Қайырбеков «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында сотқа қойылған талаптардың ұтымды түрде іске асырылғанын атап өтіп, Елбасының ағымдағы жылдың 31 қаңтарында жариялаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаhандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы міндеттерге тоқталып өтті.
Мұнан әрі қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді қарау нәтижелері туралы баяндамалармен апелляциялық сот алқаларының төрағалары Қайрат Адранов пен Бақытжан Қалымбет сөз сөйледі. Олар бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың сот төрелігін жүзеге асырудың сандық және сапалық көрсеткіштері туралы мәлімдеді.
Кеңес шеңберінде судья әдебі жөніндегі комиссияның атқарған жұмысы комиссия мүшесі Әбу Айбек, оқу орталығының жұмысын үйлестіруші-судья Гүлсім Таңатова, сот имиджін көтеру, құқықтық насихаттау және БАҚ-дарымен байланыс жасау жұмысын үйлестіруші-судья Артур Наримов баяндады. Сондай-ақ, іс-шара барысында соттардың есептік кезеңде жіберген кемшіліктері талқыланып, шешу жолдары бойынша ұсынымдар келтірілді.
Кеңейтілген кеңес қорытындысы бойынша сот төрелігін жүзеге асыру сапасын жақсарту, судьялар мен сот мамандарының кәсіби деңгейін арттыру, алдағы атқарылатын жұмыстар мен тапсырмалар айқындалды.