Тіл саясатының аса маңызды ажырамас бөлігі – ономастика саласы екені белгілі. Бүгінгі таңда ономастикалық жұмыстар – мемлекеттік саясаттың ең басты бағыттарының бірі болып отыр. Ономастика саласындағы өзгертілген жер-су, елді мекендерді тарихи атаулармен алмастыру, транскрипциясы бұрмаланған немесе қате жазылған жер-су атауларын қайта қалпына келтіру бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналуда.
2011 жылға дейін басшылыққа алынып келген Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 21 қаңтардағы № 45 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік ономастикалық жұмыс тұжырымдамасы өз күшін жойды. Осыған байланысты, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының № 72-V Заңы қабылданып, ол 2013 жылғы 24 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді. Оның ішінде, «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» 1997 жылғы 11 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына, 2001 жылғы 30 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне және «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңының жеке тармақтары мен баптарына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңы 25-5-бабымен толықтырылып, ономастика жұмысының критерийлері белгіленді. Атап айтқанда:
1) тарихи географиялық, табиғи және мәдени ерекшеліктерді ескеру;
2) әдеби тіл нормаларына сәйкестік;
3) жеке адамның есімімен аталған, ол берілген (өзгертілген) күннен бастап кемінде он жыл өткен соң берілген есімді қайта атау, оны өзгерту;
4) аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғылым, мәдениет қайраткерлерінің және Қазақстан Республикасы мен әлемдік қоғамдастық алдында еңбек сіңірген басқа да жеке адамдар қайтыс болған күннен бастап кемінде бес жыл өткен соң олардың есімдерін беру;
5) бір әкімшілік-аумақтық бірліктің шегіндегі елді мекендерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне бір атауды бір мәрте ғана беру көрсетілген.
Атау беру жөніндегі ұсыныстар ең алдымен осы критерийлерге сәйкес болуы шарт.
Объектілерге атау беруде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 24 сәуірдегі № 395 қаулысымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы №281 қаулысына енгізілген өзгерістерге сәйкес Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру қағидасы, ал әкімшілік-аумақтық бірліктерге (ауыл, кент, ауылдық округ, қаладағы аудан, қала, аудан) және оның құрамдас бөліктеріне (шағын аудандар,алаңдар, даңғылдар, бульварлар, көшелер, тұйық көшелер, саябақтар, скверлер, көпірлер т.б.) «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидасы» туралы 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 қаулысы басшылыққа алынуда.
Объектілерге атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімдерін беру мәселесі тиісті тәртіппен облыстық ономастика комиссиясында қаралып, қолдау тапқан жағдайда облыстық әкімдік пен облыстық мәслихаттың бірлескен шешімімен Республикалық ономастика комиссиясына ұсынылады. Республикалық ономастика комиссиясының оң қорытындысы алынған жағдайда, ары қарайғы процесс Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен жүзеге асырылады.
Жаңадан енгізілген тәртіпке сәйкес объектілерге атау беру туралы Қазақстан РеспубликасыҮкіметі қаулысының жобасын әзірлеп, енгізу жұмысы облыстық атқарушы органға жүктелді.
Ал енді, көшелерге атау беру жайына келетін болсақ, осы уақытқа дейінгі қолданыста болған ономастикалық мәселелерге байланысты заңнамалық актілерге сәйкес ауылдық елді мекендердегі көшелерге атау беру мәселесін кент, ауыл, ауылдық округ әкімдері тиісті аумақ халқының пікірін ескере отырып, шешім шығаратын еді. Ендігі жерде жаңа талаптарға сәйкес, бұл шешім облыстық ономастика комиссиясының оң қорытындысы болған кезде ғана қабылданатын болады.
Сол сияқты, аудандық маңызы бар қаланың көшелеріне атау беру мәселесі де облыстық ономастика комиссиясының оң қорытындысын алғаннан кейін ғана аудандық әкімдік пен аудандық мәслихаттың бірлескен шешімі қабылданатын болады.
Облыс орталығы саналатын Қызылорда қаласының көшелеріне атау беру мәселесі қалалық әкімдік пен қалалық мәслихаттың бірлескен шешімімен жүзеге асырылып келсе, енді бұл жұмыстар тиісті аумақ халқының пікірін ескере отырып, Республикалық ономастика комиссиясының оң қорытындысы негізінде облыстық әкімдік пен облыстық мәслихаттың бірлескен шешімімен жүзеге асырылатын болады.
Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау берілетін кезде бір ай бұрын жергілікті жердің интернет-ресурстарында және сол аймаққа таралатын бұқаралық ақпарат құралдарында, оның өткізілетіндігі туралы хабарландыру орналастырылады. Халықтың пікірін ескеру ашық дауыс беру арқылы жүзеге асырылып, нәтижесі бойынша шешім қабылданады. Дауыс берудің қорытындысы жиналыс өткен орында жарияланып, хаттамамен ресімделеді. Жиналыс өткізілгеннен кейін жеті жұмыс күнінің ішінде хаттамалық шешімдері жергілікті атқарушы органдардың интернет ресурстарында және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңының 14-1 бабының 2) тармақшасына сәйкес жергілікті өкілді және атқарушы органдар бірлескен шешіммен атау беру туралы ұсынысты облыстық ономастика комиссиясының қарауына ұсынады.
Осыдан соң облыстық ономастика комиссиясының оң қорытындысы негізінде ұсыныстар бойынша тиісті заңнамаларға сәйкес шешімдер шығарылады.
Қазіргі таңда тарихи географиялық атауларды сақтау және қалпына келтіру, сондай-ақ азаматтардың байырғы халықтық және тарихи қалыптасқан атауларға құрметпен қарауын қалыптастыру мақсатында әкімшілік-аумақтық бірліктерді жаппай кісі есімімен атауға шектеу қойылуда.