Міндет айқын, бағдар анық

Міндет айқын, бағдар анықЕлбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауы әрбір қадамын сенімді басқан мемлекетіміздің әлемдік қауымдастықтар қатарынан қалмай, болашақты болжамдап, өзінің бәсекеге қабілеттілігін дәлелдей алатын, өркениетті даму жолындағы жаңа бағыттарын айқындаудың жолы іспеттес.
Мемлекет басшысы өз жолдауында жаңғыртудың үшінші кезеңіне тоқталып, ондағы бес басымдықты жария етті. Бірінші басымдық экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы болса, екіншісі - бизнес ортаны түбегейлі жақсарту мен кеңейту, үшінші басымдық - макроэкономикалық тұрақтылық, төртіншісі - адам капиталының сапасын жақсарту, бесіншісі - институционалдық өзгерістер, қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлықпен күрес. Бұл басымдықтарды жүзеге асыруда еліміздің сот жүйесі мен судьялар қауымдастығының алдында тұрған міндеттер де ауқымды. Елбасының Жолдаудағы «Сот жүйесіне сенімнің артуына қол жеткізу қажет, судьялардың жұмысына заңнан тыс кез келген ықпалды жою маңызды», деген сөзінің астарында сот жүйесіне артылып отырған міндет айқын, бағдар анық.
 Ширек ғасырлық тарихы бар тәуелсіз мемлекетіміз қысқа мерзімде барша әлемге қуатты, дамыған, саяси тұрақтылық пен ынтымағы жарасқан мемлекет ретінде танылды. Еліміз өзінің 25 жылдық даму кезеңінен абыроймен өтті. Елбасы 2017 жылдың басынан бастап Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болғанын, биыл Астанада көптен күткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтетінін жеткізді. 
Аталмыш жолдау «Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір, сонымен бірге, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының жалғасы болып табылады. Біз Ұлт жоспарын практикалық тұрғыдан іске асырдық. Мұнан бұрын бес сатылы болған сот жүйесі, үш саты болып қысқартылды. Еліміздің сот жүйесі тарихында өзіндік мәртебесі бар судьялардың кезектен тыс VII съезі өтіп, онда Судьялық жаңа әдеп кодексі қабылданды. Бүгінгі күні сот процестерінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін барлық істер дыбыс және бейнежазбаға жазылып отыр. Қызылорда облысы соттарында сот процесстерін дыбыс және бейнежазбаға жазу 100 пайызға қамтылған. Сондай-ақ, сот саласы жаңа технологиялармен жабдықталып, халықтың сот саласына қолжетімділігі артып, сотқа жүгінуші тараптарға тиімді «Сот кабинеті» электрондық сервисі жұмыс атқаруда. Аталмыш сервис арқылы азаматтар сотқа арызды тұрғылықты жерінен жіберіп, істің жүру барысын қадағалауға мүмкіндігі бар. 
  «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бойынша реформалауды жүргізудегі ең басты мақсаттардың бірі сот ісін жүргізуді оңайлату, сотқа қолжетімділікті арттыру, істердің тез әрі сапалы қаралып шешілуін, сот актілерінің тез орындалуын қамтамасыз ету болып табылады. 
   Медиация тараптардың арасында туындаған дауларды реттеп, оларды өзара келісім арқылы бітімгершілікке шақыратын, тараптардың тілектері мен мүдделерін ескеретін, және бірігіп ізденудің арқасында ортақ шешімге келетін тиімді баламалы әдістердің бірі болып табылады.   
  Қызылорда облысы соттарында 2016 жылдың 12 айында Медиация тәртібімен 335 қылмыстық және 485 азаматтық, 86 әкімшілік іс, партисипативтік рәсім қолданылып 14 азаматтық іс қаралған.
2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Азаматтық процестік кодекс қолданысқа енгізілді.  Жаңартылған Азаматтық процестік кодекс «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт Жоспарында көзделген шараларды тәжірибеде іске асыруға мұрындық болды. Жаңа Кодексті қабылдау заң үстемдігін қамтамасыз етуге зор үлес қосып қана қоймай, Қазақстан Республикасының құқықтық кеңістігін түбегейлі жақсартты. Ол барлық заманауи негізгі институттарды сақтап, сонымен қатар қазақстандық құқықтық тәжірибені әлемдік озық стандарттарға жеткізетін өзгерістерді енгізді. Сонымен бірге, қазіргі таңда әкімшілік процестік кодекстің жобасы талқылануда. 
Биылғы жолдауда Елбасы: «Біз жеке мен¬шікті қорғауға, құқық үстемдігіне және бар¬шаның заң алдында теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған реформалар жүргізудеміз. Бұл жұмысты жалғастыру керек. Сонымен қатар, әкімшілік және қылмыстық заңнаманы ізгілендірген жөн. Әкімшілік айыппұлдар әділетті және құқық бұзу деңгейіне сәйкес болуға тиіс. Кәсіпкерлік саласында құқық бұзғаны үшін салынатын санкцияны төмендету жұмысын одан әрі жүргізе беру керек. Қоғамға қауіптілігі жоғары емес экономикалық қылмыс құрамын криминалдық сипаттан арылту керек», -деп сот саласына бірқатар тапсырмаларды жүктеді. Бұл жерде айта кету керек, қылмыстық заңнаманы ізгілендіріп, әкім¬шілік айыппұлдарды төмендету туралы мәселе халық пікірін ескере отырып ұсынылғалы мәлім. 
Бүгінгі күні сот жүйесі жеке меншікті қорғау, құқық үстемдігі мен баршаның заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды одан әрі күшейтуде. Бұл жердегі ең басты мақсат – жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау болып табылады.
Елбасы барлық жолдауларында сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесін назардан тыс қалдырған емес. Мемлекет басшысы: «Біз елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында елеулі қадамдар жасадық. Алайда, басты назар көбіне сыбайлас жемқорлықтың салдарларымен күресуге аударылып отыр» - деп, сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажеттігін ескертті. Жалпы, сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты екендігі ақиқат. Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі күрестің қуатты құралына айналуға тиіс.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен олардың алдын алу бағытында іс-қимыл жасау соттар қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Қызылорда облыстық сотында сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша жыл сайын жоспар бекітіліп, кешенді іс-шаралар жүзеге асырылып келеді.
Кез келген мемлекет әр қадамын айқын басу үшін болашақты жоспарлап, мақсат қойып отырады. Ел президенті аталмыш жолдау соңында: «Қазақстан – жас, көп ұлтты, болашағына сенімді және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет! Біз тәуелсіз Қазақстанның 25 жылдық даму жолынан өттік. Алдағы 25 жылда бұдан да биік белестер күтіп тұр. Мемлекет құру жолында теңдессіз, мол тәжірибе жинап, жаңа кезеңге қадам басып отырмыз. Алдымызда қандай қиындықтар кездессе де, оларды еңсере алатынымызға сенімдімін. Біздің басты күшіміз – бірлікте. Қазақстанды кейінгі ұрпақ үшін бұдан да өсіп-өркендеген елге айналдырамыз», – деп болашағымыздың жарқын, келешегіміз кемел болатынына сенімін білдірді.

Қайрат Адранов,
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы 





ҚОҒАМ 31 наурыз 2017 г. 792 0