Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында ауданның жас өнерпаздары республикалық байқауда оза шауып бірнеше бас жүлдені иемденіп келіпті. Мұны бізге аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов жеткізді. Атап айтқанда, Тараз қаласында «Балдәурен» дамыту орталығының ұйымдастыруымен өткен республикалық «Қош келдің, құтты Наурызым!» атты балалар мен жасөспірімдер арасындағы шығармашылық байқауында шиелілік өрендер биіктен көрінді. Аталған байқау 4 түрлі аталым бойынша өткізілсе, Шиелі оқушылар үйінің өнерпаздары өз қабілеттерімен жұртшылықты таңқалдырды. Би номинациясы бойынша «Халық биі» үйірмесінің бишісі Нарқыз Майырбекова бас жүлдені жеңіп алса, сондай-ақ, осы үйірменің жас бишілері – Дильяра Мерекеқызы, Жанель Бекжанова, Әсел Егеубаева, Нарқыз Майырбекова кіші топ бойынша І орынға лайық деп танылыпты. Ал «Бүлдіршіндер тобы» тағы да бас жүлдені еншіледі. Қуантарлығы, байқаудың көркемсөз номинациясына 11-13 жас аралығы бойынша қатысқан «Жас тілші» үйірмесінің оқушылары – Мөлдір Қуанышқызы және 8-10 жас аралығы бойынша Әмина Жұматаева І дәрежелі дипломдардың иегері атанды. «Киімді модельдеу және дизайн» үйірмесінен қатысқан Гүлсезім Әбдеш пен «Ұлттық қолөнер» үйірмесінен қатысқан талапкер – Бақнұр Нұрланқызы да бірінші орындарды иеленіп, Сыр өнерпаздарының мәртебесін асқақтатты.
Сонымен бірге осындай өнерлі шәкірттерді тәрбиелегені үшін аудандық Оқушылар үйінің «Ұлттық қолөнер», «Киімді модельдеу және дизайн», «Жас тілші» үйірмелерінің жетекшілері – Бағила Кенжаева, Манат Оспанова, Ақмарал Жолдыбаева «Балдәурен» дамыту орталығының арнайы Алғыс хатымен марапатталса, «Халық биі» үйірмесінің жетекшісі – Мырзакүл Серікбаеваға «Үздік жетекші» бағамы табысталды.
Шиелі кентіндегі «Арман» мәдениет үйі үйірмесінің оқушылары да республикалық байқауға қатысып, көктем мерекесін қуанышты қарсы алып отыр. Алматы қаласы Құрманғазы атындағы оркестрдің ғимаратында өткен «Мереке» балалар мен жасөспірімдер продюсерлік орталығының ұйымдастырған республикалық «Аналар – асыл жандар» атты ән-би байқауында шиелілік 14 оқушы қатысып, жоғары нәтижеге қол жеткізді. «Көркем сөз» жанры бойынша: Нұрбаев Диас пен Жұмабек Қазына – бас жүлде, «Эстрадалық вокал» жанры бойнша Дәуренұлы Әділжан – 1- орын, «Хореграфия» жанры бойынша, «Азия» би тобы – 1-орын, «Бейнелеу өнері» жанры бойынша Әдемі Нұрмұхамедқызы – 1-орын, «Қолөнер» жанры бойынша Айжан Бекжапбарова жүлделі 2-орынды иемденді.
Республикалық байқауларда аймақ намысын қорғап, жақсы жетістікке жеткен өнерлі мектеп оқушыларын Шиелі ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаев арнайы қабылдап, ізгі тілегін білдірді. Мекеме басшылары мен ұстаздар қауымына алғыс айтты.
Н. НАЗЫМХАНҰЛЫ.