Қызылордада полиция қызметкерлерінің жүргізген жедел ұйымдастыру шаралары барысында өзіне тән ерекше иісі бар затты сатпақ болған жерінен 1970 жылғы Сырдария ауданының тұрғыны ұсталды, деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Тәркіленген затқа тиісті сараптама тағайындалып, салмағы 3,31 грамм және 4 грамды құрайтын «кептірілген марихуана» екендігі анықталды.
Ұсталған азаматтың үйін тексеру барысында тағы 1,5 келіге жуық есірткі заты табылды. Оны күдікті үй ауласындағы жертөлеге полиэтилен пакетіне орап, тығып қойған. Сараптама нәтижесінде, оның жалпы салмағы 1 келі 260 грамды құрайтын «кептірілген марихуана» екендігі белгілі болды.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 1-бөлігі және 296-бабын 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті Сырдария АІІБ-нің уақытша ұстау абақтасына жеткізілді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, оның басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.
Айта кетейік, дәл осындай факті 16 ақпан күні де тіркелді. Есірткі затын саудалау кезінде 1968 жылы туған Бесарық ауылының тұрғыны ұсталды. Оқиға орнынан айғақ зат ретінде 2 дана газет қиындысына оралған жасыл түсті өзіне тән иісі бар зат алынды. Сараптама оның 5,39 грамды және 5,83 грамды құрайтын «кептірілген марихуана» екендігін анықтады.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 1-бөлігі негізінде қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.