Сексеуіл кесетіндер сиремей тұр

Сексеуіл кесетіндер сиремей тұрӨсімдік атаулы ішінде өзіне тән қасиеттерімен ерекшеленер сексеуіл ағашын кесуге бүгінде заңмен тыйым салынған. Тәртіпке бағынбағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Дей тұрғанмен, жергілікті тұрғындар тарапынан сексеуіл кесу деректері сиремей тұр.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Бақытжан Елемесовтің мәліметінше,  өткен жылы облыс бойынша 10706 га жерге сексеуіл егу жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде 5700 гектар жерге сексеуілдің тұқымы себілсе, 5006 га жерге сексеуіл көшеттері отырғызылған.
– Сексеуілді «даланың санитары» десек, қателес¬пей¬міз. Өйткені, топырақты санитарлық-гигиеналық тұрғыдан қорғайтын, сауықтыратын және өзге де пайдалы функцияларды атқаратын – қорғаныштық ормандар. Ал, біздің облыс негізінен шөлейтті аумақ болғандықтан, топырақ қорғауда, құм басудың алдын алуда сексеуіл екпелерінің рөлі зор. Бәріміз білетіндей, сексеуіл – шөлге төзімді, морт  сынатын  жапырақсыз  қатты ағаш тұқымдас өсiмдiк. Жалпы, сексеуіл Қазақстандағы орман қорының 48 пайызын алып жатыр, – дейді инспекция бас маманы.
Сондай-ақ, Бақытжан Нұрлыбекұлы 2016 жылы облыс бойынша сексеуіл ағаштарын заңсыз кесулер бойынша 55 дерек тіркелгенін айтады.
– Оның 16-сы сотқа жолданып, қаралды, 23-і тергеуде. 16 дерек ішкі істер органдарымен қысқартылды. Сот үкімімен 3 азамат 80 сағаттық қоғамдық жұмысқа тарту жазасын алды. Сондай-ақ, 13 тұрғын өз ісіне шынайы өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды. Осы жылдың қаңтар айының өзінде сексеуілді заңсыз кесудің 6 дерегі тіркеліп, ҚР ҚК-нің 340-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі кезде тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде, – дейді бас маман.
Байқағандарыңыздай, сексеуіл кескеннің басынан ешкім сипамайды. Сондықтан да туған жеріміздің экологиялық ахуалы жақсарсын десек, киелі ағашқа қамқорлықпен қарағанымыз абзал.

Н.САҚТАПБЕРГЕН.
ҚОҒАМ 11 наурыз 2017 г. 785 0