ӘЛЕУМЕТТІК ОРТАДАН ОҚШАУ БАЛА немесе аутизм синдромы

ӘЛЕУМЕТТІК ОРТАДАН ОҚШАУ БАЛА немесе аутизм синдромыБілім берудің қазіргі талаптары мен сұраныстары әлеуметтік-экономикалық даму қажеттілігіне, кадрлардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруға және өсіп келе жатқан жас ұрпақтың денсаулығын сақтау мен нығайтуға негізделген.
Қазіргі таңда даму мүмкіндігі шектеулі балаларға мемлекет тарапынан айрықша қөңіл бөлініп, қамқорлық көрсетіліп отыр. Бұл қамқорлықтың бәрі Елбасының жыл сайынғы халыққа Жолдауында, Қазақстан Республикасының  «Білім туралы», «Кемтар балаларды әлеуметтік-медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» заңдарында жан-жақты көрсетілген.
Сәуірдің 2-сі – аутизм туралы хабар таратудың халықаралық күні. Осының қарсаңында қалалық білім бөліміне қарасты психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясында «Бүгінгі аутизм мәселелері» тақырыбында облыстық семинар өтті. Семинарға облыстық білім басқармасының   балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік қорғау бөлімінің бастығы Ш.Жүнісова, қалалық білім бөлімінің психологы Г.Опабекова және облыстық оқу орталығының әлеуметтік-педагогикалық қызмет бөлімінің әдіскерлері, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация және психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінің, оңалту орталықтарының, сонымен қатар жалпы білім беретін мектептердің психологтары қатысты. Семинарға Қызылорда қаласындағы аутизмі бар балаларға арналған «Асыл мирас» орталығының директоры К.Каршалова және осы орталықтың мамандары шақырылды.
Семинардың мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балаларды диагностикалау, оларға уақытылы түзету, оңалту жұмыстарын көрсету, осы саладағы жұмыстар мен қызметтер үлгісінің тиімді әдіс-тәсілдері туралы біліп, тәжірибемен бөлісу.
Аутизм-әлеуметтік қарым-қатынас жетімсіздігіне соқтыратын ми қызметінің бұзылуы, адамның сыртқы дүниеден оқшауланып, өзімен-өзі болып, іштей сары уайымға салынған кездегі көңіл-күйі.
АҚШ-та әрбір 88 баланың  бірі осы дертке шалдық¬қан болса, Қазақстанда 2003 жыл мен 2013 жылдар аралығында аутизммен ауыратын балалар саны 30 пайызға өскен және олардың саны бүгінде мыңнан асып жығылады. Қыздармен салыстырғанда ұл балаларда 4-5 есе көп кездеседі. Аутизнің белгілері: жалғыздықты жақсы көру, ешқашан адаммен қөзбе-көз кездеспеу, эмоциялық тұрғыдан ешкіммен араласпау және сөйлеу тіліндегі ерекше сипаттағы кемістіктер. Уақытымен түзетушілік көмек көрсетілген жағдайда аутист балалардың 60 пайызы жалпы білім беру бағдарламасы бойынша оқуға қабілетті, 30 пайызы арнайы білім беру бағдарлама бойынша оқуға қабілетті, ал 10 пайызы отбасында әлеуметтенуге мүмкіндіктері бар. Бірақ түзетушілік көмексіз қалған жағдайда балалардың 75 пайызы әлеуметтік ортаға бейімделе алмайды, 22-23 пайызы шамалы бейімделеді, тек 2-3 пайызы әлеуметтік бейімделудің жеткілікті деңгейіне жетеді. АҚШ ғалымдары қоғам дайын болған жағдайда кез келген синдроммен туылған баланы қалыпты өмірге бейімдеуге болатынын айтады.
Аутист балалардың есте сақтау қабілеті жоғары болады. Математика және музыкадан дарынды, бірнеше тілдерді меңгеруі де мүмкін. Бірақ бұл қасиеттер әдеттегі жастан кейінірек байқалады. Сондықтан да бұндай балалар арнайы интернаттарда емес, кәдімгі жалпы білім беретін мектептерде оқып, тәрбиеленуі тиіс.
Аутистік дамудың ерекшелігі – мұндай балалар түрлі салаларда аса жоғары қабілетін көрсеткенімен, шынайы өмірде, айналасындағылармен қарым-қатынаста өз мүмкіндіктерін пайдалана алмайды. Мұндай мәселелерді шешу үшін аутизмі бар балаға  арнайы мамандардың да, қоғамның да көмегі ауадай қажет.
Қазіргі уақытта аутизмнің нақты себептері анық зерттелмеген. Көп ғалымдардың деректері бойынша аутизммен ауырған балалардың себебі орталық жүй¬ке жүйесінің бұзылуы салдарынан болады. Тұқым қуалаушылық фактордың әсері мол екенін көптеген зерттеушілер мойындайды. Сонымен бірге мидың орга-никалық зақымдалуы да аутист балаларда жиі кездеседі.
Баласы аутизм дертіне ұшыраған ата-аналар алғаш диагнозды естігенде, тығырыққа тіреледі. Мұндай баламен айналысудан пайда жоқ, жағдайдың өте күрделі болып, баланың сөйлеп кетуі қиын сияқты көрінгенін айтады
Психолгиялық-медициналық-педагогикалық консультация  мамандары  ата-аналарға балаларының қылығында өзгешелік байқалса, бірден арнайы дәрігерлік тексеруден өткізуге кеңес береді.  Аутизмге шалдыққан балалармен ең әуелі психологтар жұмыс істеуі керек. Мұндай балалармен сөйлескенде, сөйлемді барынша қысқа қолданып, асықпай айқын айту керек, дене қимылы арқылы оның назарын аударатындай қолды бұлғап, қимыл арқылы көрсетсе, бала назары ауады. Онымен бірге жүгіріп ойнап, кезек бойынша доп лақтырып, эмоциялық қуанышыңызды білдіргеніңіз жөн. Керемет көңіл-күйіңізді немесе оған ренішіңізді білдіру үшін дауыс ырғағын әртүрлі өзгертіп сөйлеу керек. Оған жауап беруге мүмкіндік беріп, біраз күту керек.
Біздің негізігі мақсатымыз  – аутизмге шалдыққан балаларды ерте анықтау, оңалту, инклюзивті білім беру және әлеуметтік интеграция жолымен – диагноз қойылғаннан бастап қоғамдағы жеке өміріне дейін қалыптастыру бойынша білім беру, әлеуметтік қорғау, үкіметтік емес ұйымдармен, жеке қайырымдылық қорларымен әріптестік орнатып, бірлесіп жұмыс істеу.
2016 жылдың маусым айынан бастап Қызылорда қаласында аутизмі бар балаларға арналған «Асыл мирас» орталығы жұмыс жасай бастады. Балалар мен олардың ата-аналары осы орталықта кәсіби мамандардың кеңесін тыңдап, сапалы медициналық және психологиялық-педагогикалық көмек алуына болады.
Қызылорда облысында аутизм дертіне шалдыққан 34 бала есепте тұрады. Олардың 12-сі мектеп жасына дейінгі балалар болса, 22-сі мектеп жасындағы бала-лар. Мектеп жасындағы аутист балалардың көп¬шілігі мінез-құлқындағы ерекшеліктерге байланысты үйден оқытылады, сонымен қатар бұл балалар пси-хологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері мен оңалту орталықтарында психолог, дефектолог, логопед мамандарының жеке және топтық сабақтарымен қамтылған.
«Бүгінгі аутизм мәселелері» тақырыбында өткен семинар барысында  алдағы уақытта  мүмкіндігі шектеулі балаларды қатарға қосу және оларға білім беру жұмыстарын жетілдіру мәселелері талқыланды.

Қарлығаш БИЛАЛОВА,
қалалық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация меңгерушісі.
ҚОҒАМ 11 наурыз 2017 г. 1 270 0