Облыс орталығындағы
А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде белгілі фототілші Болат
Омарәлиевтің «Сурет – сезім серенадасы» атты фото-сурет галереясы аясында
фотосуретшілер байқауы өтті. «Қас-қағым сәт – бір өмір» атты шараның өтуіне
қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен «Ақмешіт апталығы» газетінің
ұжымы ұйытқы болды.
Алдымен, «Сыр бойы» газетінің ардагері, фототілші
Болат Омарәлиевтің көрмесі ашылды. Ұйымдастырушылар атынан аталған қалалық
мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғалым Баймырзаев қала әкімі
Н.Нәлібаевтың құттықтау хатын табыс етті.
Б.Омарәлиев еңбек жолын 18 жасында «Сырдария»
газетінен бастаған. Екі жылдан соң облыстық «Сыр бойы» газетіне жұмысқа шақырылып,
жарты ғасырға жуық осы басылымда жемісті еңбек етті.
1979 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде
ұйымдастырылған фотоконкурстың бірінші орнын иеленген жерлесіміз «Казахстанкая
правда», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің конкурстарында да лауреат атанды.
Жалпы қазақ фотожурналистикасының қалыптасуына айрықша
үлес қосқан Болат Шамаұлы ұлттың біртуар тұлғаларының бейнелерін тарихта
фотошежіремен қалдырды. Қас-қағым сәтті қалт жібермейтін фототілшінің
қоржынында естен кетпес естеліктер шынымен де көп екенін көрме барысында
байқадық. Өйткені, араға уақыт салып қазақтың біртуар азаматтарының жастық
шақтарын, сонымен бірге туған өлке мен оның тыныс-тіршілігін фотоның тілінде
сөйлеткен жауһар өнер ел назарына ұсынылды.
– Фототілші – айлакер аңшы секілді қағылез болуы
керек. Ол – ойдың адамы. Түсіретін дүниесін іштей миында пісіріп жүруі керек.
Сурет баспасөз бетіне шыққанда, астындағы сөзді оқымай-ақ, адам түсінетіндей
болуы керек, қысқасы. Сондай үдеден шығу үшін бір көріністі жүз мәрте түсіріп,
кейде екі-үш күнімді арнаған сәттер болды, – дейді Болат Омарәлиев.
Сонымен қатар, республикаға танымал фототілшінің
көрмесі аясында ұйымдастырылған «Қас-қағым сәт – бір өмір» атты қалалық
фотосуретшілердің байқауына ұсынылған туындыларды да көпшілік ерекше ықыласпен
тамашалады. Бұл байқау Сырдың бас шаһарындағы фотографтардың өнерін халыққа
кеңінен насихаттауды, олардың шеберлігін шыңдауды, кәсіби деңгейін көтеруді
мақсат тұтты. Талап бойынша, байқауға қатысушылар Қызылорда қаласының көркін
паш ететін суреттер, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы мен Ұлы Жеңістің
20 жылдығы, сондай-ақ еркін тақырыпта суреттер ұсынды.
Байқау жұмыстарын фотограф Болат Омарәлиев, «Ақмешіт
апталығы» газетінің бас редакторы Дүйсенбек Аяшұлы және режиссер-сценарист,
ақын Оңталап Нұрмаханов бағалады. Нәтижесінде «Сыр медиа» серіктестігінің жас
фототілшісі Нұрболат Нұржаубай бірінші орынды иеленді. Келесі жүлделі орындар
Н.Қайратовқа, В.Воробьев пен Е.Қойшыбаевқа бұйырды.
– Жеңімпаз болып, Болат ағамыздың батасын алып
жатқаныма өте қуаныштымын. Шығармашылығымызды шыңдауға серпіліс жасаған
ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын, – дейді байқау жеңімпазы Нұрболат
Нұржаубай.
Айта кетейік, байқау фотокөрмесін ақпан айының 24-іне
дейін тамашалауға болады. Ал Болат Шамаұлының көрмесі қалалық мәдениет үйінде
жыл бойына көрсетілмек.
Дәурен ОМАРОВ.