Ауыратлеттерге қаржылық сыйақы берілді (ФОТО)

Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы мен Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт минстрлігі ауыр атлетикадан әлем чемпионатында жеңімпаз атанған және жүлдегер болған спортшылар мен олардың бапкерлерін марапаттады, деп хабарлайды Baq.kz.

Аталған іс-шараға Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының президенті Тимур Құлыбаев, мәдениет және спорт минстрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ауыр атлетика федерациясының президент Жанат Түсіпбеков және тағы басшылар қатысты.

Төртінші мәрте әлем чемпионы атанған Илья Ильин, алғаш рет әлемдік сында топ жарған Жасұлан Қыдырбаев және Зульфия Чинчанло үшеуіне 15 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы берілді. Бұдан бөлек Илья мен Зульфия рекорд жаңартқандары үшін 5 және 3 мың доллар қосымша сыйақы алды.

Ал, күміс жүлдегер Владимир Седов пен Жазира Жаппарқұлға 7 мың доллардан берілді. Чемпион атанған спортшылардың жеке бапкерлері Виктор Ни, Тойшан Бектеміров, Ержас Болтаевқа 10 мың доллардың сертификаты табысталса, күміс жүлде алған спортшылардың бапкерлеріне 5 мың доллардан берілді.

Сондай-ақ, құрама бапкері Алексей Ни мен кеңесші Энвер Түркелери, мемлекеттік жаттықтырушы Мендіхан Тәпсір, аға бапкер Вилорий Пак және көмекшілер жеке марапатталды. Жамбыл, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облысының спорт басқармалары чемпион спортшыларды дайындағандары үшін алғыс хатқа ие болды.

Алғаш рет әлем чемпионатында жүлдеге іліккен Жасұлан Қыдырбаев пен Жазира Жаппарқұлға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері атағы берілді.

Тимур Құлыбаев, Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының президенті:
  – Биылғы жыл спортшыларымыз үшін табысты болды. Біздің конфедерация құрамына кіретін бес федерацияда жемісті еңбек етіп жатыр. Инчхондағы жазғы азия ойындарынан кейін енді, міне, әлем чемпионатынан командалық есепте үздік үштікке еніп отырмыз. Спортшылар мен бапкерлерге, федерация басшыларына және басты демеушіміз «Самұрық» әл-ауқат қорына алғыс білдіремін.
 
Алексей Ни, құрама команданың бас бапкері:
– Мен 15 жылдан бері әлем чемпионаттарына қатысып келемін. Бірақ осы жолы ерекеше қобалжыдым. Себебі, тұңғыш рет чемпионат өз елімізде өтті. Жанкүйерлердің алдында ұятқа қалмау жағын қатты ойладық. Одан бөлек лицензиялық әлем чемпионаты екенін тағы білесіздер. Сондықтан жолдама алу үшін командалық есепте үздік үштіктен көрінуді көздедік. Біріншіліктің алдында екі алтын алуды жоспарлағанбыз. Илья Илин мен Зүлфия Чинчанло топ жару керек болатын. Олар сол өздеріне артылған сенімді толығымен ақтап жатты. Сонымен қатар күтпеген жерден жаңа жұлдыз пайда болды. Ол – Жасұлан Қыдырбаев.
 
Бек Төлеуов