Қазалы ауданында жаңа мектеп пен балабақша пайдалануға берілді (фото)

Қазалы ауданында 600 орындық мектеп пен 280 орындық балабақша ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Қ.Көшербаев қатысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Қазір ауданда мектепке дейінгі тәрбие және білім беретін 21 балабақша жұмыс жасайды.  Аудан бойынша 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндердің  84 пайызы балабақшамен қамтылып отыр.  Облыс әкімі 280 орынға арналған «Алпамыс»  бөбекжай құрылысының сапалы, уақытылы салынғанын айтып, бас мердігері «Өмірзақ» ЖШС директоры Е.Дәріқожаевқа алғыс білдірді.

 

Содан соң аймақ басшысы 600 орындық №204 Ы.Алтынсарин атындағы жаңа мектеп ғимаратының ашылу салтанатына қатысты.
 «Елбасының саясатына сай, елімізде білім беру саласын дамытып-өркендетуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Әсіресе, үш ауысыммен оқытатын және апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешу бағытында үлкен істер қолға алынып жатқанынан барша жұрт хабардар. Басты мақсат – әр баланың сапалы, лайықты білім алуы үшін барынша жағдай жасау. Осы орайда, Қызылорда облысында бұл саланы дамытуда зор жұмыс атқарылып келеді. Соңғы 1,5 жыл ішінде облысымызда 37 жаңа мектеп салынды. Биыл бір жылдың өзінде 58 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Ал Қазалы ауданы бойынша соңғы бес жылда 10 жаңа мектеп және екі балабақша салынды. Биылдың өзінде 5 мектепке және 1 балабақшаға  күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді», – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.