Сыр өңірінде өнер тойы (фото)

Қызылордада Қазақстан театрының ХХІІ республикалық фестивалі басталды. Еліміздің бетке ұстар 8 театры 4 күн бойы отандық және шетел драматургтерінің шығармаларын сахналап, сынға түспек. Мәдениет әлеміндегі айтулы мереке КСРО және Қазақстанның халық артисі Сәбира Майқанованың 100 жылдығына арналып отыр.
Есімдері әйгілі сахна өнерінің жұлдыздары қызыл кілеммен жүріп өтіп, Сыр жұртының қошеметіне бөленді. Дүбірлі өнер сайысына еліміздің 8 театр ұжымы қатысуда. Салтанатты шараның құрметті қонақтарынің ішінде Сәбира Майқанованың қызы мен немересі де бар. Олар аналарының құрметіне орай Қызылорда өңірінде қолға алынған игі бастамаларға ризашылығын білдірді.
Гүлдәр Әбділқызы, С.Майқанованың қызы:
- Анамның туған жерінде оның атынан жаңа театр салынбақ екен. Ол Сыр елінен 14 жасында кетіпті. Дегенмен, кіндік қаны тамған жер анам үшін қашанда ыстық еді. Үлкен құрметпен дүбірлі тойды өткізуге мұрындық болған жандарға алғысым шексіз.

Сыр елінің тумасы, қазақ өнерінің асыл анасы жайында айтылған естелік аз болмады. Театр сыншылары фестивальдің берері мол екендігін айтуда. Ең бастысы, жас толқынның алдыңғы буыннан үйренері көп.
Әшірбек Сығай, театр сыншысы:
- Ұрпақ алмасу, толқын алмасу процесін Қазақстан театрлары ауыр қабылдап жатыр. Неге десеңіз? Бірінің орнын бірі толтыру, Сәбира апайдың көзін көрмей қалғандары бар. Ал бірақ ол кісі көп деген фильмдерге түскен. С. Майқанованың рухы Қазақстан әлемін кезіп жүр.
Асанәлі Әшімов, КСРО халық әртисі, қазылар алқасының төрағасы:
- Әр өңірден шыққан ұлылар бар. Соларды еске алып, олар қатысқан қойылымдарын әкелуге тырысқан. Бұл – театр мейрамы. Негізгі сыншы халық.

Өнер мерекесі қызылордалықтарға небір қойылым ұсынбақ. Сынға түскен әр театр ұжымы бір қойылымнан ұсынып, қазылар алқасының талқысынан өтпек. Ал доданың шымылдық түрер қойылымы – Мұхтар Әуезовтың «Қарагөз» трагедиясы. Фестиваль аясында Сәбира Майқанова Толғанай рөлін сомдаған «Ана – Жер-Ана» қойылымы да ұсынылды. Өнерсүйер сырбойылықтар 4 күн бойы театрға қарай ағылмақ.