Димаш Құдайберген коронавируспен күреске ән арнады (видео)

Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген коронавирус пандемиясына қарсы күреске ән арнады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Димаштың «We Are One» (Біз біргеміз) атты жаңа әніне түсірілген бейнебаян «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі «Синьхуа жаңалықтары| Xinhua News» парақшасында жарияланды. Бейнебаянда вирустың алғашқы ошағы – Ухань қаласы – дәрігерлер, волонтерлер, маска таққан адамдар, гуманитарлық көмектің қабылдануы, дүкеннің бос қалған сөрелері көрсетілген.

Видео соңында аспандағы бұлт сейіліп, дәрігерлердің қуанышы, маскаларын шешіп тастаған балалардың мәз-мейрам кезі көрсетілген.

«Бүкіл әлем коррнавируспен күресіп, басынан қиын күндерді өткізіп жатыр. Аты жаман ауруға қарсы күш біріктіріп, бір-бірімізге қол ұшын созғанда ғана COVID-19-ды жеңе аламыз. Бұл ән алдыңғы шепте жүрген дәрігерлер мен оқшауланып отырғандарға арналады», - делінген бейнебаян сипаттамасында.


«We Are One» - әнінің сөзін Gao Shang/Shang Yang, ал әуенін Dong Nan/Tang Yi жазған.

Димаш жаңа әні туралы өзінің Instagram-парақшасына әлі жарияламаса да, оның өнерін бағалаушылар бейнебаянды талқылап жатыр.

«Бұл ән қайғы, қиындық, сонымен қатар бір-бірімізге қол ұшын созған жағдайда қиындықты еңсеретінімізге сену туралы. Бастысы – оны жеңетінімізге сенім мен үмітті жоғалтпау...», - деп жазды «ВКонтакте» қолданушысы Полина Полинская Димаштың еуразиялық фан-клубының парақшасына.

Бұған дейін Димаш Құдайберген коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне алғыс айтқан болатын.

Сондай-ақ, ол жанкүйерлерінен пандемия кезінде үйде отыруды өтінді.

15 наурызда Димаш «Arnau tour» дүниежүзілік турнесін кейінге шегергені белгілі болды.

14 сәуірде ол мамыр айында Токиода өтуі керек концерттің болмайтынын айтты.

Еске сала кетсек, кеше опера әншісі, «Астана Операның» жетекші солисі Майра Мұхамедқызы барлық дәрігерге арналған «Бүкіләлемдік дұғаны» орындады. Бейнебаян ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Хабар» агенттігі АҚ және «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының бірлесуімен түсірілді.


СУРЕТТЕР СӨЙЛЕЙДІ 16 сәуір 2020 г. 1 267 0