Ақмешіттің ауылдары ажарлы (ФОТО)

Қызылордада «ХХІ ғасыр ауылы» деп аталып кеткен елдімекендер бар деген сөз жиі айтылып жүр. Бұл ақпаратты БАҚ өкілдері де бірнеше рет жариялады. «Мың естігеннен бір көрген артық» деген мақсатпен біз алтын бесік саналатын ауылдардан фоторепортаж ұсынуды жөн санап отырмыз. 

Алдымен Кеңес одағының батыры Нағи Ілиясов атындағы ауылға аялдасақ. Сырдария ауданына қарасты елді мекеннің келбеті таңдай қақтырарлық. Елбасы Сыр өңіріндегі сапарының бірінде арнайы ат басын бұрып, бұл ауылдың келешегі кемел екендігін айтқан болатын. Расымен, ауыл деген аты болмаса өзі құдды қала іспеттес. Аудан орталығында кездеспейтін, субұрқақ, зәулім-зәулім ғимараттар, тақтайдай тегіс жол, көздің жауын алатын гүлзарлар бар. Елдімекенді жаңа заманға лайық етіп көріктендірген бөтен біреу емес, осы өңірдің тумасы Абзал Ералиев есімді азамат екен.

Соңғы бес жылда ауылдағы мәдениет үйі, мектеп, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішті күрделі жөнеуден өтті. Сауда орталығы мен 200 адамдық мейрамхана да салынған. 2000-нан астам тұрғыны бар ауылдың өз наубайханасы, моншасы да бар.

Орталық алаңда Лондондағы "Биг-Бен" секілді үлкен сағат орнатылған. Ауылдың табиғаты да керемет. Айналаның барлығы жасыл желекке оранған.

 

Сырдария ауданының орталығынан 87 шақырым қашықтықта орналасқан Бесарық ауылының да көркі алыстан көз тартады.

Бесарық – шағын ауыл. Мұнда 2200 тұрғын бар. Демалыс орындары, әлеуметтік нысандардың маңайында гүлдің оннан астам түрі өсірілген.

 

 

Орталық алаңдағы мәдениет үйі 1979 жылы салынған. Бірақ бүгінгі кейпіне қарап олай ойламайсың. Мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазір ауылдың барлық мәдени іс-шарасы осы клубта өтеді.

«Бөбек» балабақшасының ғимаратына да 35 жыл. Күрделі жөндеуден өткен ғимарат 140 балаға арналып салыныпты. Бүгінде ауылда балабақша мәселесі толықтай шешілген.

 

Өткен жылы ауылда дәрігерлік амбулатория салынып, халыққа қызмет көрсетуде. Тұрғындар енді бұрынғыдай аудан орталығына бармай-ақ, осында ем-домдарын алып жүр.

Мұнда кейбір аудан орталықтарында жоқ субұрқақ бар. Сылдыраған судың үні ауылға өзінше сән беріп тұр.

 

Ауылда жұмыссыздық деңгейі 4,4 пайыз. Яғни, 64 адамда тұрақты жұмыс жоқ. Дегенмен, олар маусымдық кезеңдерде жұмыс істейді.

Бұл жердегі күрмеуі қиын мәселе ауыз су болатын. Түйткүлдің түйіні тарқатылатын күн де алыс емес. Қазіргі таңда 34 шақырымға ауыз су құбырлары тартылып жатыр. Құрылыс жұмыстары келесі жылы толық аяқталады. Бұған республикалық және облыстық бюджеттерден 437,950 млн. теңге қаржы қарастырылған.

 

Жеке кәсіпкерлер есебінен ауылда «Кірпіш шығару зауыты», «3 мың бас тауық фермасы», «Сүт бағытындағы асыл тұқымды ешкі өсіру», «Монша салу», «Бордақылау алаңын салу», «Сүт, ет бағытындағы мал ұстау» секілді 6 жоба жүзеге аспақ. Биыл бұл жобалардың төртеуі іске қосылады. Бұл ауылдың келешегі кемелдігін аңғартады.

 

Қармақшы ауданындағы Дүр Оңғар ауылы.

Бұл ауылдың басым бөлігі «Жаңа жол» шаруа қожалығында қызмет етеді. Яғни, Жер-Анадан нәпақаларын тауып отырған жандар.

Ауылда қонақ үй мен үлкен мейрамхана бар. Даму қарқыны жоғары болған соң мұнда келетін меймандардың да саны артқан. Яғни, сұраныс болған соң қонақ үй салынып отыр.

Жуырда ауылда жаңа мешіт тұрғызылып, тұрғындардың игілігіне берілді.

Ауылдың барлық көшесі тақтайдай теп-тегіс. Жарық шамдары орнатылған. Бұл ауылдың тұрғындары өздерін бақытты санайды. Жұмыс бар, жалақы уақытылы, демалуға бар жағдай жасалған. Тіпті, «Дүроңғарлықтар» реті келсе ауылдан шыққымыз келмейді дейді.

Бұл ауылда жұмыссыздық мәселесі жоқ. Тіпті демалыс күндерін тұрғындар текке өткізбей, қолдары босай қалса егістікке ораққа барады.

 

Еңбектің қадірін мұнда еңбектеген балаға дейін жақсы біледі. Дидар Төлегенов (оң жақта) жазғы демалысын лагерьде өткізгеннен кейін жаңа оқу жылына қажетті құрал-жабдық алу үшін егістікке барып жүр. Ол «мен әлі кішкентаймын деп босқа асыр-салып жүргім келмейді» дейді.

Ауыл тұрғындары күрішті арам шөптен тазалап жатса, механизаторлар егіс орағына техникаларын сақадай сай етіп дайындауда.

Шаруашылықта 150-ден астам техника болса, соның 10-ы биыл жаңадан сатып алынды. Мұндағы диқандар күріштің әр гектарынан 70 центнерден өнім алады. Бұл – еңбектің өтеуі.

Ауыл халқының тұрмысы да жақсарып келеді. Мәселен, соңғы 5 жылда 130-дан астам үй қайтадан салынған. Көрші ауылдан көшіп келушілер де көп.

 

Мынау Қазалы ауданындағы Ғани Мұратбаев елдімекені. Бұл ауыл – Орталық Азия мен Қазақстан жастар қозғалысын ұйымдастырушы Ғани Мұратбаев, Социалистік еңбек ері Кұлжан Оразалиева, күміс көмей әншілер Роза Бағланова, Мәдина Ераливалардың кіндік қаны тамған киелі жер.

Ауылдың кіреберісінде «Атамекен» аллеясы орын тепкен. Ол жергілікті жастарының кешкілік серуен құратын орнына айналды.

Ғани Мұратбаевтың 110 жылдық мерейтойы қарсаңында бұл ауылға республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, өзекті мәселелер шешімін тапты. Саябақ сол кезде аббаттандырылған.

 

Гүлжанат Әбілова саябақта бағбан болып жұмыс істейді. Ол «гүлдерді жақсы көріп, күтім жасамасаң қурап қалады» дейді өз ісіне шын берілген маман.

 

Сыр бойында 263 елді мекен болса, біз соның төртеуінің тыныс-тіршілігімен таныстық. Расын айту керек, ешқайсысы қаладан кем емес. Мұндай келбетті ауылдардың қатары алдағы уақытта Қазақстанда көбейе түсетініне сенім мол.

Baq.kz

 

 

СУРЕТТЕР СӨЙЛЕЙДІ 20 тамыз 2014 г. 2 817 0