ФОТОРЕПОРТАЖ: Cпорт күні мерекесі

Спорт күні кәсіби мерекесіне орай 16 тамыз күні Қызылорда қаласында салауатты өмір салтын насихаттау, әрі облысымызда велоспорттың кеңінен өркен жайылуына үлес қосу мақсатында 400-ге жуық спортшының қатысуымен бұқаралық велошеру өтті.
Велошеру таңғы 9.00-де Президенттік саябақтан басталып, Абай даңғылы арқылы өтіп орталық алаңда аяқталды. Сол уақытта орталық алаңда 3700 адамның қатысуымен гимнастикалық жаттығулар да ұйымдастырылды.

 

Спорттық шараның  мақсаты – Елбасының Жолдауын насихаттау,     жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеу, бұқара арасында спортты дамыту, жастарды салауатты өмір салтына тәрбиелеу болды.     
Орталық алаңда Спорт күні мерекесімен сала мамандарын облыс әкімінің алғыс хатымен облыс әкімінің орынбасары А.Әлназарова құттықтап,  биылғы жылы Тереңөзек кенті мен Шаған ауылында  спорт кешендерінің пайдалануға берілгендігін, сондай-ақ, бокс орталығы,  Илья Ильин атындағы спорт кешені, Қазалы, Жаңақорған аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері мен  Сырдария өзенінің сол жағалауында 3 мың орындық жабық стадионның құрылысы басталатынын айтып өтті.
 

Сонымен қатар,  спорт  саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерлер марапатталды. Олардың ішінде ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің «Дене шынықтыру мен спортты  дамытуға  сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен тоғызқұмалақтан ардагерлер арасында Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, тоғызқұмалақтан жаттықтырушы Қырмызы Секина мен «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен еркін күрестен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, облыстың аға жаттықтырушысы Әбутәліп Аманов марапатталды.
Сондай-ақ, «Евразия» спорт кешенінде аралас жекпе-жектен халықаралық турнир өтті. 
 

 

 

  

  

 

Бірінші мәрте ұйымдастырылған турнирге Ресей, Өзбекстан, Қазақстан  елдерінен 24 спортшы қатысты. Аталмыш турнир Қызылорда қаласының әкімдігі мен «Алаш-прайд» кәсіпқой клубының ұйымдастыруымен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен өткізілді. Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаз спортшылар: 57 келі: Арман Маделханов (Қызылорда қ.), 61 келі: Қайрат Абжамалов (Қызылорда қ.), Есен Молдабаев (ОҚО), 66 келі: Бексұлтан Тұрсынов (Қызылорда қ.), Ермек Тлауов (Алматы қ.), 68 келі: Олжас Есқараев (Қызылорда қ.), 77 келі: Мухаммед Әбірәлиев (Алматы қ.), Нұрсұлтан Розобоев (Өзбекстан), Алихан Абдукаримов (Қызылорда қ.), 84 келі: Артем Резников (Алматы қ.), +91 келі: Шахмарал Жетпісов (Алматы қ.), 95 келі: Әсет Манарбекұлы (Қызылорда қ.)