"Сағынышымыз сейілді": Сәкен Майғазиев жүрек елжірететін видео жариялады (Видео)

Танымал әнші әлеуметтік желісіндегі парақшасында видео жариялады.

Қазақ қызы әнші Мәдина Ералиеваға пародия жасап, әлеуметтік желіде жұрттың ықыласына бөленді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бұл туралы танымал әнші Сәкен Майғазиев Instagram әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жазып, видеосын жүктеді.

"Кәусәр қыз Мәдина Ералиева әпкемізге пародия жасап, қазақтың ақ баянына деген сағынышымыз сейіліп, даусын естігендей болып қалдық", - деп жазды ол.

Қыз әншінің "Кірмеші жиі түсіме" атты әніне пародия жасады. Алайда желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді.

"Керемет! Мадинаның дәл өзі! Талабына нұр жаусын", - деп жазды желі қолданушысы.

Енді бірі бұл пікірмен келіспейтінін жеткізді.

"Ол кісінің даусын ешқашан, ешкім кайталай алмайды", - дейді Мейрамгүл есімді желі қолданушысы.

Мәдина Ералиева – танымал қазақ әншісі. Ол 1954 жылы 2 тамызда Қызылорда облысы Қазалы ауданында дүниеге келген. Қазақтың күміс көмей әншісі өзіне ғана тән ерекше даусымен халық жадында. Әнші көпшілікке "Күрең күз", "Кірмеші жиі түсіме", "Ақбаян", "Жылқы ішінде ала жүр", "Сағым жылдар" сынды әндерімен танылды. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі 2000 жылдың 27 қарашасында жол апатынан қаза тапты.

СУРЕТТЕР СӨЙЛЕЙДІ 23 тамыз 2019 г. 1 523 0