Телефонға телміру – жаңа заманның жаңа бір дертіне айналып барады. Адам психологиясына әсерін айтпағанда, уақытыңды да текке өткізу. Сондай-ақ көп ісіңе кедергі келтіруі мүмкін. Ол үшін төмендегідей кеңес ұсынамыз.
Смартфонға қай кезде қарауға болмайды?
Ояна сала
Таңды жоспарлау керек. Күні бойы не істейтініңді, қайда баратыныңды жоспарлап алғаның абзал. Бірер минут ақпарат қараймын деп жұмысыңнан кешігуің де мүмкін. Аса маңызды кездесу кезінде телефонды бір сәт ұмытқан дұрыс. Тіпті кішігірім үзіліс кезінде де пайдаланбаған жөн.
Тренингке барғанда
Тренинг тегін болса да уақыт бөліп барғандықтан, смартфонға үңілмеген дұрыс. Бар назарың лекторда болып, керек дүниені жазып алған жөн. Ал телефонды сөндіріп немесе дыбыссыз режимге қойған пайдалырақ. Күні бойғы жұмыстан кейін де тынығу керек. Ал тынығу деген смартфонға үңіліп немесе теледидар қарау емес. Тынығу отбасыңа келіп, ашық-жарқын әңгіме айтып, таза ауада серуендеу.
Оқу кезінде
Кітап оқығанда да назарың өзге жаққа ауып тұрмағаны жақсы. Телефон арқылы біреуден қоңырау күтіп, хабарлама күтіп отырғанда ақпарат қабылдау қиын. Сондықтан да кітап оқыр кезде телефонды дыбыссыз режимге қойған дұрыс. Болмаса өзге бөлмеге қалдырып кетіңіз.
Ұйықтар алдында
Ұйықтар алдында да смартфонға үңілмесек жата алмайтындай көрінеміз. Тіпті жастығымыздың тұсына қуаттандырып қоятынымыз да бар. Айта берсең мұның барлығы зиянды. Ұйқысыздыққа шалдықтырады.
Түнде тұрғанда
Түнде тұрғанда сағат көрем деп телефонға үңілмеген дұрыс. Экран жарығы ұйқы гормоны мелатонинді төмендетеді. Одан кейін қайта ұйықтау қиын болады. Ұйқы қанбаса, күні бойы сергек жүру де оңай емес. Ал сіз телефоныңызды қай уақытта көбірек қолданасыз?