Тұран дала тұмары – сен, Ақмешіт! (фото)

Тұран дала тұмары сен Ақмешіт,

Тарихыңа көз жүгіртем ой кешіп.

Қамыс қала Сырмен егіз жаралған, 

Алты алашқа ана болған ән бесік.


Сен ұқсайсың қарт шежіре, Ұлыға,

Ақмешітім, ой түзейтін құбыла.

Зиялылар басын қосқан ұғына,

Замананың жығылмаған ығына.


Қызылордам келбетіңе қараймын,

Ақ жүзіңді аймалап тұр арай күн.

Өміріне куә болған талайдың,

Толқып аққан Сырдария ақ айдын.


Осы көше әкем марқұм шарлаған,

Ақындарда жырын саған арнаған.

Сенен таптым бар бақытты іздеген,

Жүрегіме нұр сыйлаған, арман ән.



Берекелі бақ орнаған ордамсың,

Талай ұлтқа өзің пана болғансың,

Ол тарихтың беттерінде сақтаулы,

Ұрпағыңа сен әркезде қорғансың!


Қызылордам, келбетіңе болайын,

Кеуделерге үміт отын жағайын.

Сиқыр сезім әлеміне енгендей,

Сенде өткен жастық кезім, бал айым.


Кел, қонағым, шаһарда көп жаңалық,

Көшелерім жаңғыртылды жаңарып.

Сол жағалау жаңа қала мекені,

Жарқын іске халық жатыр қуанып.


Сәулеті зор үйлер анау тұрғызған,

Гүлзарларың шабыт селін туғызған.

Тәуелсіздік арқасы осы емес пе?

Сән-салтанат қазағыма құрғызған.


Жұмағыма сені әркез баладым,

Ақмешітім, абыройым, ақ арым.

Қос ғасырлық мерейтойың құтты боп,

Жаса, жайна, Қызылорда шаһарым!


Кенжалы Ерімбетов.

Фото авторы: 
Нұрболат Нұржаубай

СУРЕТТЕР СӨЙЛЕЙДІ 25 қыркүйек 2018 г. 1 365 0