Денис Теннің әніне түсірілген бейнебаян жұрттың жүрегін елжіретті (видео)

Қапияда қаза болған мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен музыкамен де айналысатын. Бала кезінде музыкалық мектепте оқыған Денис жаттығудан бос уақытын ән жаздыру студиясында өткізетін. Дарынды спортшы шағын альбомын жарыққа шығаруды да жоспарлаған екен, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Денис Теннің орындауындағы туындылардың авторы – өзі. Көбінесе ағылшын тіліндегі әндерге әуес Денис жақында ғана She won’t be mine әнін жарыққа шығаруды жоспарлап жүрген еді. Желіде аталған туындының толық емес нұсқасы тарап кеткен. Бұл орайда отандық “Гәкку” арнасы Денис Теннің құрметіне аталған әнге шағын бейнебаян түсірді.

“Орын алған қайғылы жағдайға орай біздің ұжым Денистің отбасы мен жақындарына және барша қазақстандықтарға шын жүректен көңіл айтады. Бұл туынды талантты спортшы және жүрегі кең азамат Денистің құрметіне жасалды. Сен біздің жанымызда мәңгілік асыл естелік болып қаласың”, – дейді телеарна ұжымы.

Бұл орайда тыңдармандар туындыны көздеріне жас ала тамашалағандарын айтып жатыр.

“Сізді еске алатын халқыңыз барда – сіз де барсыз! Қысқа ғана ғұмырыңызда сіз жасаған істі өзгелер бірнеше рет өмірге келсе де жасай алмас. Мәңгі жүрегіміздесіз”, – дейді Мәдина Оспанова есімді желі қолданушысы.

“Өте, өте өкінішті, керемет адам, өмір әділетсіз, өте әдемі әуен, өте әдемі… жаның жәннатта болсын”, – дейді Омар есімді қолданушы.

https://www.youtube.com/watch?v=75ARuy-7o5k​​​
СУРЕТТЕР СӨЙЛЕЙДІ 23 шілде 2018 г. 1 647 0