ӘЛЕМ ЭКОНОМИКАСЫ: қалыптасу кезеңі 2021 жылы басталады

Бүгінгі әлем экономикасының жағдайы сарапшылар тарапынан әртүрлі болжамдардың туындауына себепші болуда. Олардың негізі дағдарыс 2020 жылдың төртінші тоқсанына дейін созылып, қалыптасу кезеңі жыл соңынан 2021 жылға дейін созылуы мүмкін дегенге саяды. Бірқатар сарапшылар бұл кезеңнің біршама кешеуілдейтінін айтады. 

Ресей жоғары экономика мектебінің ректоры Ярослав Кузьминов бұл орайда үс­тіміздегі жылы әлем эконо­ми­касының өсімі теріс но­миналда қалыптасып, 2021 жыл­дың соңына қарай оның өсімі жылдам бола­ты­нын айтады. Атап айтқанда, оның пікірінше, әлем эконо­ми­ка­сы­ның ішкі өнімі­нің өсімі бұл кезеңде 5,9 процент құрайтын болады. 

Халықаралық валюта қо­ры­ның жетекшісі Геор­гие­ваның пікірінше, бүгінгі жағдай өте күрделі. «Валюта қорының тарихында әлем экономикасы дәл бүгіндей мүлдем тоқтаған емес», деді ол өз сөзінде. Бүкіл әлем жұртшылығы ортақ іс-қимыл танытпаса, тұйықтан шығудың жолы көрінбейді. 

Ресей өз экономикасының жағдайына бұрын жасаған бол­жамдарына өзгерістер ен­гізуде. Оптимистік көз­қараста болған «Роснефть» басшысы Игорь Сечин және экономика министрі Александр Новак соңғы кездері жағдайдың күрделі сипат алатынын мо­йындай бастады. Себебі Ресей бюджетінің негізін құрайтын мұнай бағасына деген алаңдаушылық өсе түсті. Халықаралық энергетика агенттігінің сараптауы бойынша әлемдегі мұнай сақтайтын сыйымдылықтар толып тұр. «Қара алтынды» өндіретін өндірушілер бағаның төмендігінен оны сатуда қиындыққа кезігуде. Мұнайшылардың шығыны қазірдің өзінде 50 процентке өсті. Оны қалпына келтіру үшін 1-2 жыл уақыт керек болады.

Әлемді дағдарыс шар­пыған кезде АҚШ пен Қытай арасындағы дау тағы да өрши түскен сыңайлы. Енді сауда соғысы коронавирус дертін кім таратты деген сауалдың төңірегінде өрби бастады. Бұл орайда АҚШ президенті Қытайды айыптайды. Қытай төрағасы «Тырнақ астынан кір іздегенше экономикадан шығудың жолын іздестіру тиімді болар еді» дегенді алға тартады. Бұл орайда Қытай өз ұстанымын білдірді. Экономикаға аздап қан жүгіре бастады. Тіпті қытайлықтар жуырда доллардың орнын алмастыратын цифрлық валютаны ұсыну туралы ойын сездіріп қалды. Әлемдегі тауар айналымының 18 процентін игеріп отырған Қытайдың валютасы – юаньның сол тауар айналымындағы үлесі бар болғаны 2 процент құрайтын көрінеді. Ал, керісінше, аме­ри­кандық тауар айналымы 15 процент деңгейінде болса, доллардың айналымы 34 процент құрайды екен. Әл­бет­те, қытайлықтар бұған ке­ліспейді.

Сонымен әлемдегі экономика ахуалы 

бүгінде сарап­шы­лардың пікірі бойынша әртүрлі сипатта бағаланып отыр. Жалпы дағдарыс әлем­дегі 180 елді қамтыған бол­са, олардағы жағдай да әр­түрлі. Дегенмен, жалпы дағ­дарыс күрделілігімен сипатталады.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы».


Экономика 07 мамыр 2020 г. 489 0